Басты ақпарат

Фарит Галимов: Астана елдің барометріне айналды

«Сол жылдары Астананы көшіруді мен мемлекеттік тұрғыдан емес, құрылысшы ретінде ғана пайымдай алдым. Бүгінде бұл ұлы идеяның жүз мыңдаған адамдардың екінші тынысын ашқанын, елді жаңа бір көкжиекке көтергенін тамсана айтып жүрміз. Ол да рас, дегенмен, елордасын көшіруге тәуекелдікке бел буған, Президенттің Қазақстан тарихының беттеріне не жеңісін не жеңілісін жазатын нысаналы сәт екенін жақсы сезіне білдім».

Осындай сындарлы кезеңде Елбасының жанынан табылған, Жоғарғы және орталық органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы, одан кейінгі жылдары жаңа астана әкімінің бірінші орынбасары болған Фарит Хабибрахманұлы бүгінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президентінің кеңесшісі қызметін атқарады. Жиыр­ма жылды артқа тастаған жас қаланың алғашқы кірпіштерін қалаған, елордасын қалыптастыру кезеңінің бастауында тұрған танымал тұлғамен сұхбатымызда сол күндердің шежіресін қалпына келтіруге тырыс­тық.
– 90 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы, одан кейінгі қайта құрулардан кейін, «Казахстанстрой» мемлекеттік-акционерлік концернінің президенті, Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрінің бірінші орынбасары міндетін атқардыңыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстығыңыз сол кезден басталды ма?
– Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы лауазымын Орталық комитеттің басшысы бекітеді. Бірінші хатшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Оның алдында 80-жылдары болу керек, «Көкшетауқұрылыста» басшы болып жүргенде қызмет бабымен әрекідік кездескеніміз бар. Кейіннен Үкімет мүшесі ретінде іс-сапарларда бірге болып, жақын танысуым 90-жылдарға тұспа-тұс келеді. Одан кейінгі кезеңде тығыз байланыста болдым десе болады. Оған себеп Жоғарғы және орталық органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы қызметім еді.
Мемлекеттік комиссия тікелей Президентке бағынатын штаб. Ол Президент аппаратын да, Үкіметті де ауыстырған жоқ, бірақ, солардың ортасында жүріп, байланыстырушы, шоғырландырушы міндетін атқарды. Оның аппаратында менің өзімнен бастап отыз адам, мүшелері барлық министрліктер мен ведомствоның басшыларынан тұрды. Бұлар мемлекетті басқарушы алдыңғы буын болатын. Айына бір немесе шұғыл жағдайда екі рет жиналамыз. Нұрсұлтан Әбішұлына да айына екі мәрте есеп беріп отырдым. Астананы Ақмолаға көшіруге мемлекеттің барлық деңгейдегі атқарушы органдары толық тартылды. Негізгі салмақ Ақмола облысына түсті.


Комиссияның міндеті стратегиялық нәтижеге қол жеткізу болды. Бұл үшін қай министрлік алдымен көшіп келуі керек, көшіп келетін қызметкерлердің пайыздық мөлшері қандай болады? Қай министрліктер мен ведомстволар алдымен келуі керек? Тіпті, мұндағы мүмкіндіктердің шектеу­лігінен министрліктерді жақын орналасқан облыс орталықтарына бөліп қоныстандыру сияқты ұсыныстар да болды. Мысалы, бір министрлік – Қарағандыда, енді бірі Павлодарда дегендей. Нәтижесінде министрліктердің орталық әкімшілігі Ақмолаға көшіріліп, негізгі құрамы Алматыда қалды. Қызметкерлерге квота бөлінді. Жұмысшылардың кейбір санатын жергілікті тұрғындардың есебінен қамтитын болдық. Сонымен мемлекеттік қызметшілердің алғашқы толқынын қарсы алдық. Шамамен 3600-ге жуық адам. Олардың жұмыс істейтін кеңселерін, тұрғын жайларын шешу міндеті тұрды. Кейбір министрліктер өздеріне қарасты резервтерін іске қосып, күрделі мәселені жылдам шешуге атсалысты. Инвесторлар тартылып, Астана қоры құрылды. Алғашқы жылдары Алматы құрылысшылары, түрік құрылысшылары белсене араласып, мемлекет есебінен алғашқы тұрғын үй кешендері пайдалануға берілді.
– Астана Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Президент әкімшілігі, Парламент, Үкімет жаңа жерде жұмысын бастап кетті. Сіздің одан кейінгі қызметіңіз қай салаға ауысты?

– Облыс орталығы Көкшетауға ауысып, Ақмоланың жаңа астана болатынына ешкімнің күдігі қалмады. Енді елордасының іргетасын қалау міндеті тұрды. Бұл кезде қала әкімі Әділбек Жақсыбеков болса, оның бірінші орынбасары болып мен тағайындалдым. Арнайы конкурс жарияланып, оның шешімімен сәулетші Серік Рүстембековтің жобасы мақұлданып, жаңа қала сол жағалауда бас көтеретін болды. Келер жылдары белгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокава өз ұсынысымен келіп, Серік Рүстембековтің жобасын негізге ала отырып, қаланың бас жоспарына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Айта кету керек, алғашқы жоба кеңестік тұрғыда қалыптасқан қала салу жобасын еске түсіретін еді. Жапон сәулетшісі оны халықаралық заманауи қалалардың деңгейіне жеткізіп, біраз өзгерістер енгізді. Көпірлер, қала орталығы, көлік жолдары жаңаша белгіленді.
Дегенмен, Курокава жобасы да мәңгілік емес. Жалпы, кез келген жоба әрі кеткенде 10-15 жылды қамтиды. Кеңес кезінде бұл 30 жылға бекітілетін. Алайда оны қайта қарау – заңды нәрсе. Осы жылдар ішінде қала өзгеріп, жоба да қайта өңделеді. Ол да тірі организм сияқты. Қаланың да өз қажеттіліктері бар, тұрғындардың саны артқан сайын сұранысқа қарай толықтырылып отыруы керек. Бастапқы жоба бойынша 800 мың тұрғыны болатын қала деп ойластырды. 2030 жылдары осыншама қала тұрғындары болады деп жобаланды.
Келесі мәселе қаланың инфрақұрылымы еді. Ол дегеніміз – үйлерді жылыту, сумен қамтамасыз ету, электр энергиясын жеткізу. Алғаш көшіп келгенде қаладағы ЖЭО шешілмеген проблемалары болды. Сол кезде жаңа үйлерді жергілікті жылыту қазандығымен салды. Ол кезде дизель жанар майының бағасы арзан болатын. Шетелден арнайы қазандықты алып келіп, жаңа ғимараттарды жылытудың мәселесін шешкендей болдық. Алайда көптеп салына бастаған үйлерді жылыту үшін жылу энергия орталығынсыз болмайтын еді. Қолдағы бар орталықтарды күрделі жөндеуден өткізіп, қазандықтарды жөндеп, соңғы төрт-бес жылдың көлемінде жаңасын салғанға дейін жылыту мәселесін шешіп келді.
Тұрғындары күн санап өсіп келе жатқан үлкен қаланың тағы бір күрделі мәселесі – су. Жаңа астананың стратегиялық маңыздылығына сәйкес, қаланы қамтамасыз ететін судың екі қайнар көзі болуы тиіс. Сол жылдары көп жылдан бері болмаған құрғақшылық орын алып, Вячеславка су қорында (қазіргі Астана су қоймасы) тиісті су көлемін жинақтай алмады. Демек, жауын-шашынсыз жылдары келесі көктемге дейін судың қоры жетпей қалу қатері болды. Бұл күрделі мәселені Ертіс – Қарағанды каналынан су жеткізу арқылы шешімін таптық. Бұл Вячеслав су қоймасында мөлшерлі су қоры жиналмаса, шұғыл түрде іске қосылуы тиіс қосымша су көзі. Электр желісі де қосымша стансалар салу арқылы біршама жолға қойылды.
– Ауқымды жобаны бірлесе жүзеге асырған үзеңгілес әріптестеріңіз туралы не айтасыз?
– Әділбек Жақсыбеков, Нұрлан Нығматуллин, Асқар Мамин, Төлеген Мұхамеджанов секілді қоғам қайраткерлерімен бірлесе жүріп, қызмет еттік.
Бәріміз ортақ жұмыс­ты атқарып, ең бастысы, оның жақсы нәтижесіне жетуге ұмтылдық. Осы үшін бір-бірімізді керек жерінде қолдап, жұмыла білдік.
Олар менен көп жас кіші болатын, сол себепті «шал» дейтін. Ол кез «жастардың» уақыты болатын. Менің де тәжірибем болғанымен, ол өткен заманның адамының, кетіп бара жатқан жүйе­нің тәжірибесі еді. Олар жаңа дәуірдің тынысын дәл біліп, алды бизнестің ыстық-суығынан өткен жандар еді. Ол кезде 56 жастамын, қалыптасып қалған шағым. Әріптес­терімнің көзқарастары, жігері, дүниетанымы өмірге басқаша қарауға ықпал етті. Мен де олардың ойына тамызық болатын жайттарды жеткізе білдім деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, сол жылдардағы басшылық құрамы өте мықты болды.
Бос жатқан далаға жан бітіріп, тірліктің көрігін қыздырудың қуанышын сезіне білу де ерекше. Бүгінгі күннің мінберінен алғанда татымайтындай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір қарыс жерге жол төселсе, шағын асхана ашылса да қуанатынбыз. Еңбегіміздің нақты жемісі де – осы. Ол кезде басқа мүмкіндіктердің уақыты еді. Және уақыт талабы да мүлдем басқаша болатын. Сол жағалауда бір үй көтеріліп, тіпті шағын кафе ашылса да президент келіп лентасын қиятын. Бұл үлкен оқиға еді. Алғаш рет 60 шақырымдық су құбырын жүргіздік. Бұл сол кездегі жағдайымызбен салыс­тырғанда биік қамалды алғанмен бірдей еді.
– Астананың 20 жылдығы қарсаңында көптеген пікірлер айтылып қалады. Соның бірінде осыншама күшті бәлкім теңдей бөліп, барлық өңірлердің дамуына салғанда қалай болар еді дейтіндер де бар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, Астана қала дамуының көрсеткішіне, озық үлгісіне айналып отыр. Өзге өңірлер де бас қаламен иық тіресіп, дамып келеді.

Одан басқа, мәселеге ұлттық көзқараспен қаралық. Менің туған жерім Петропавлда қазақтардың саны бар-жоғы 7 пайызды құрайтын. Ал оңтүстікте өзге ұлттардың көрсеткіші әрі кетсе, 7 пайыз шығар. Біртұтас ел деп айтуға күмәнді. Осындай проблема Украинада орын алып, оның соңы неге жеткізгенін көріп отырмыз. Астананы көшіруге себеп болған нәрсе біртұтастыққа қол жеткізу болды десем қателеспеспін. Солтүстік өңірге, Арқаға мемлекет құрушы халық келді, бұл үрдісті әлі де жалғастыра беру керек.

Солтүстікте өздерін жақсы сезініп, тез қоныстануы үшін екі қолына жұмыс тауып, банктерден тиімді несие беріп, өз істерін дамытуға жол ашуды қарастырған жөн. Сонда ғана Петропавлда қазақтар 7 пайыз емес, 77 пайыз болады. Ұлт құраушы халық өз жерінде сан жағынан асып түспесе, бұл кең-байтақ қазақ жері үшін өте қауіпті. Бұл ретте, елдің іргесін бекіткен Елбасының көрегендігін айтпай кетуге болмас.
1994 жылды еске алыңыз­шы. Ол кезде жер мен көктің ортасында салбырап қалғандай жағдай болды. Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде бұл ұсынысты айтқанда, қолдағандар кемде-кем. Елестетіп көріңізші, бұл жоба іске аспай қалғанда не болатын еді? Ол кезде жалғыз Назарбаев кінәлі дер едік. «Айтып едік қой» деп кісімсігендердің қатары көбейер еді. Енді 20 жыл өткенде біткен істің шуағына жылынып, біз осылай боларын біліп едік деп Елбасына жағынғандар көбейіп, сізді қолдап едік дейтіндер де шығады. Осылардың дені кезінде бірінші болып, аяқтан шалды.
– Өзіңіз осындай қала болатынына сендіңіз бе?
– Сол жылдары Астананы көшіруді мен мемлекеттік тұрғыдан емес, құрылысшы ретінде ғана пайымдай алдым. Бүгінде бұл ұлы идеяның жүз мыңдаған адамдардың екінші тынысын ашқанын, елді жаңа бір көкжиекке көтергенін тамсана айтып жүрміз. Ол да рас, дегенмен, жиырма жылдан аса уақыттың бедерінде елордасын көшіруге тәуекелдікке бел буған, Президенттің Қазақстан тарихының беттеріне не жеңісін, не жеңілісін жазатын нысаналы сәт екенін жақсы сезіне білдім. Ең бастысы, идея жүзеге асырылды. Астана бүгінде елдің барометріне айналып отыр.
– 20 жыл қала ғұмыры үшін көзді ашып-жұмғандай. Осы жылда шаһар тұрғызу тәжірибесін жинадық. Сонда да алдағы уақытта қарастыратын, ескеретін жайттар жетерлік болар?
– Қаланың тіршілігі толастамайды. Өсіп-өркендеуі үшін әлі талай жұмыстарды атқару керек. Көшелердегі кептелістерді жою үшін қоғамдық көлік қызметін дамыту, Талдыкөлді тазарту да – бүгінгі қала басшыларының басты міндеті. Ал қала құрылысы тәжірибесінде өз түйгенім бар. Тұрғын үй, муниципалдық үйлерді салуды мемлекет қамтамасыз етсе де, жеке құрылысшылардың қолынан өтеді. Ол заманда орталықтандырылған басқарушы болғаннан кейін құрылыс сапасы оның жобаға сәйкес белгілі стандарттарға сай салынуын қатал қадағалаушы еді.
Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі, көлік қауіпсіздігі дегендей маңызды ұғымдар бар. Сол сияқты құрылыс саласында да өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп, ешкімнің қолына қарап қалмайтындай жағдайымызды ойлауымыз керек. Кеңес заманының адамы ретінде тағы да білгеніммен бөлісейін. Бұрындары халық шаруашылығына қажетті та­уарлар топқа бөлетін. Аса маңызды бөлігіндегі заттарды өз елімізде көптеп шығарып, кең тарауына күш салатын. Халықтың санаулы тобы ғана қолданылатын сирек заттарды шетелден алып келуге қарсылық болмайтын.
Құрылыста да аса қажетті, онсыз бітпейтін нәрселерді, цемент, кірпіш, құбырлар, арматура, тіпті шеге-күрекке дейін өзімізден шығуы керек. Одан бөлек, бояу мен тағы басқасын қалаған жерден сатып алуға болар еді. Онсыз да желдеткіш желісі, жылыту жүйесі, лифтілер шетелден сатып алынып, миллиардталған қаражат шетелдік өндірушілерге кетіп жатыр.
Осыдан 20 жыл бұрын, жоқтан бар жасап, шетелдік компаниялардан керек-жарақты жеткізіп, қала құрылысын тоқтатпағандарға алғысты болдық. Алайда жылдар өте келе, ортадағы делдалдар іріленіп, өз елімізде тым болмаса, шеге мен күректі шығаруға мүдделі еместігін байқадық. Олар екі ортада жүрген «шелноктар» емес, олардың қолы ұзын. Жіпті тарта берсең, билікке де жетіп жығылады. Бұл мәңгілікке кетпеуі керек. Оны қайта қарауға мемлекет саясаты мен еркі керек. Ендігі жерде, шетелдік тауарлардың басымдығына тосқауыл қойып, өзіміздің өндірісті дамытуға күш салып, оны жолға қоятын мемлекет саясаты салтанат құрса жақсы болады. Үкімет импортқа тәуелдігімізден арылуға мүдделі болса көш түзелер еді.
– Осының салдары деп ойламайсыз ба, қазіргі құрылыс сапасы сын көтермейді. Әсіресе, бюджеттік үйлердің жағдайы қынжылтады? Мүмкін өзіңіз айтқан құрылысты орталықтандырылған басқару жүйе­сіне қайтадан алып келу керек болар?
– Мемлекеттің қатысы міндетті түрде болғаны дұрыс. Орысша айтқанда, «отпустить на вольные хлеба» деген ұғым бар. Біздің жағдайда бұның тиімсіз екеніне көзіміз жетіп отыр. Мемлекетіміздің экономикасы өтпелі кезеңде тұрғанда етек-жеңімізді жинап алғанымыз дұрыс. Реттеу, қадағалау – қажеттілік.
Әрине, бұл істің басында мемлекеттік орган тұруы керек. Ондай органды министрліктің құрамындағы құрылыс комитеті тындырады деп ойламаймын. Украина халқы санынан алғанда бізден екі жарым есе үлкен. Олар тұрғын үйді 6-7 миллион шаршы метр көлемінде тұрғызса, біз 18 миллион халықпен 10-11 миллион шаршы метр құрылыс салып жатырмыз. Олардың халқы санынан екі есе аз болсақ та, олардан артық құрылысты қыздырып жатырмыз. Оларда министрлік бар. Бюджеті Алматыдан да аз Қырғыз­станда министрлік бар. Менің ойымша, құрылыс мәселесіне келгенде мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлініп, қолға алып отырмаған сияқтымыз. Комитет деңгейінде болса, онда комитет сол ауқымда ғана мәселелерді шешуге еркі бар. Одан жоғары құрылым құрылса, онда шығар белесі де биігірек болар еді.
– Құрылыс саласында тұрақты даму динамикасымен қатар көлеңкелі тұстары да бар дейсіз ғой.
– Осы аралықта құрылыс саласының импортымен ғана айналысатын бір жүйе пайда болды. Бір Астанада лифтілердің жүздеген түрлері бар. Эскалаторлар, желдеткішердің ішкі сыртқы желілері, құбырлар, инженерлік желілері шеттен келіп жатыр. Осыларды шығаратын өз жерімізде зауыт ашайық десек, олар өре түрегеледі. Оларға шеттен алып келгені тиімді.
Әрине, оңай емес. Ешкім жаңа технологиясын, ертеңгі күніне дайындаған өнімін бізге сатпайды. Ескісіне қолымызды жеткізіп, оны орнатып, оны іске қосып, жемісін жейміз дегенге дейін біраз уақыт өтеді. Ол кезде технология да өзгеріп кетуі де әбден ықтимал. Сондықтан да жаңаның ізінен қуушы болып қалуымыз әбден мүмкін. Екінші жағынан отандық кәсіпкерлерді қолдаймыз деп ортан қол дүниелерге телініп қаламыз. Ондай да қатер жоқ емес.
Қорыта айтқанда, Астана құрылысы жаңа мүмкіндіктер ашып, жаңа жолды нұсқады. Осы тәжірибеден елге тиімді бағытымызды анықтауға мол мүмкіндік бар.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button