Басты ақпарат

Шұғыл реформа қажет!

Полиция – қорғаның. Ол халыққа етене жақын болуы тиіс. Көпшіліктің сенімінен шыға білгенде ғана олардың жұмысы жемісті болары талай айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бүгінде бұқара мен полицияның арақатынасы сол жұртшылық күткендей көңілден шығып жүр ме? Иә десек, қателесер едік. Өйткені қоғамда тәртіп сақшыларына деген құрмет пен сенімге қатысты екіұдай пікір қалыптасқанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан жақында ­Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу керектігін атап айтқан еді. Расы керек, кешегі ел басына күн туған қаңтар қасіретінде жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға біздің тәртіп сақшылары толық дайын болмай шықты. Біз бүгін осы негізде бірнеше адамның пікірін білгенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=1895]

Біржақты кінәламайық

Ерболат ЕРҒАЛИ, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Қазір қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы полицияның күн-түн демей алғы шепте тер төгіп жүрген қауіп пен қатерге толы жұмысын бағаламау да әділетсіздік болар еді. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, погон таққандар қатарында өз ісін мінсіз атқарып, антына берік қалпында қалтқысыз қыз­мет етіп жүрген жандар жеткілікті.

Мына әлеуметтік желіні үзбей шолып отырамын. Әртүрлі пікірлер айтылады. Кейбірімен келісуге болады. Дегенмен сақшылардың жұмысын біржақты бағалап, қара бояуды көбірек жаққысы келетіндер де бар. Ұзақ жылғы тәжірибемде мен ішкі істер органдары қызметкерлерімен көп араластым. Білгендіктен айтамын: көбі басын қатерге тігіп жүреді. Қазір не көп – басбұзар тентектер көп. Адам өмірін шімірікпей көзді ашып-жұмғанша қиып жіберетін небір қанішер­лер бар. Міне, соларды құрықтау, қоғамдық тәртіпті, тұрғындардың тыныштығын сақтау осы полицейлердің қажымас еңбектерінің арқасында мүмкін болып жүргенін ұмытпайық.

Менің отставкадағы полковник көршім бар. Екеуміз анда-санда кездесіп қалып, әңгіме-дүкен құрамыз. Сол кісі айтады. Кеңес заманындағы милиция мен қазақтың сақшыларын салыстыруға болмайды дейді. Әр заманның өзіне тән құндылықтары болады. Кеңес кезінде адамдар ертеңіне сенімді еді. Жұмыс істеген жерінен шағын да болса баспана алатын. Не де болса өкімет өлтірмейді дейтін. Күнделікті наны мен сүті жеткілікті, баға да тұрақты еді. Көшеге шығып, наразылық білдіру дейтін атымен жоқ-тын. Милицияның ол кезде халық арасында беделі зор болатын.

Қазір қоғамда етек алып кеткен жең ұшынан жалғасу, «Мәке, Сәке» деп біреулерді иықтан қағып, есебін түгендеу, басқалардың алдына түскісі келетін пиғылдардың көбейіп бара жатқанын жұртшылық көрмей отыр дейсіз бе?

«Қоғамы қандай болса, полициясы сондай» деген қағида осындайға байланысты айтылса керек. Сондықтан қоғам түзеліп, құқық қорғаушылардың да жұмысының жандана түскенін қалаймыз.

[smartslider3 slider=1913]

Мақсаты жазалау ма?

Бекділдә ҚОЖАХМЕТОВ, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Мен полиция көрсем айналып өткім келіп тұрады. Неге екенін білмеймін, осы погон таққан жағалылармен тіл табыса алмай қойдым. Қанша сабыр сақтап, өзімді-өзім ұстасам да олар тоқтатса болды, сөзге келіп қала беремін. Өз басымнан өткен бір оқиғаны айтайын.

Жақында мен бір мекеменің алдына тоқтап, бір зат алып, қайтадан көлігіме отырып, шамамен 200 метрдей алға жүргенім сол еді, алдымнан жол-патрульдік көлігі шыға келді. Ішінде екі полиция қызметкері отырды. Көп ұзамай іле-шала артымнан қуып жетіп, мені тоқтатты. Мен өзімді құдды бір қылмыс жасағандай сезініп қалдым. «Ойпырмай, не болып қалды? Белдігім тағылған, жол ережесін бұзбаған сияқты едім ғой» деп қоямын. Тоқтадым, көлігімнен шықтым.

– Не болып қалды? – деп сұрап едім, «жарық шамыңыз жанбай тұр» деді.

– Иә, қазір ғана мына жердегі дүкеннен шығып едім, ұмытып кетіппін, қазір қосамын, кешіріңіздер! – деп едім. Елемеді. Құжатымды алды да, әй-шәй жоқ, қалтасына салып алып өз көлігіне бет алды.

Әңгіме оның маған салған айыппұлында емес. Алаңғасарлық танытқан өзім де кінәлі шығармын. Ол мені жауапкершіліктен құтқармайтынын да білемін. Дегенмен жол-патрульдік қызметкерлері өздерін бір құбыжық қылып көрсеткенді қойса деймін. Қарапайым халық болсын, көлік жүргізушісі болсын, жол-патрульдік полиция қызметкерлерін көрген кезде жан алғыш әзірейілді көргендей болады, олардан қашып тұрады.

Осы қарапайым ғана мысалдан-ақ олардың мақсаты тек жүргізушілерді жазалау ма, адамдардың көңілін қалдыру ма деген ойға қалдым.

Жақында әлеуметтік желіден жасы 80-ге аяқ басқан бір қарияның жабық тұрған дәмхананың терезесін қаққаны үшін полицейлер тепкінің астына алғанын, қызылордалық бір әйелді жүргіншілерге арналған жерден өтіп бара жатқанында полиция көлігі қағып, жарты жыл емделгенін, алайда көлік иесіне қатысты іс қозғалмағанын оқығанмын. Полиция қызметкерлерінің азаптап, жала жауып, жазықсыз адамдардың сотталып кетуіне апаратын әрекеттері тіпті сұмдық енді. Меніңше, қазір Мемлекет басшысы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Құқық қорғау жүйесін шұғыл реформалау аса қажет екені сөзсіз.

Сана түзелмей, жүйе түзелмейді

Марат АЗБАНБАЕВ, отставкадағы судья:

– Қаңтардағы қанды қақтығыстың бір себебі: ол заңдылық пен құқықтық тәртіп принципінен бас тарту еді. Конституция бойынша республикада мемлекеттік билік біртұтас. Парламент, Үкімет пен сот тежемелік әрі ­тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципінде жүзеге асырылуы қажет еді. Жарияланған принцип қағаз жүзінде қалып, атқарушы биліктің бәсі басым түсіп, қоғамдағы әлеуметтік және саяси басымдыққа ие жуандар тобы соттарды басынып, оларды өздерінің мақсат- мүдделерін орындайтын мекемеге айналдырды. Не істеу керек? Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық деген конституциялық норманы шынайы мойындасақ, еліміздегі аудандық, қалалық соттардың тұрақты судьяларын халық сай­лауы қажет. Тым құрымаса, облыстық мәслихат сессиясы арқылы. Қазір жастардың бәрі астанаға, ірі облыс орталықтарына ұмтылады, ал алыс ауыл, ауданға ешкім барғысы жоқ. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Өтініш берген кандидат жылы-жұмсақ, жарық, жайлы жер іздейді, мамандық емес. Міне, бар мәселе осында. Сана түзелмей, құқықтық жүйе түзелмейді.

P.S: Жоғарыда біз ішкі істер саласындағы бүгінгі қалыптасып отырған жағдайға байланысты адамдардың ой-пікірін білдік. Сол арқылы қоғамдағы көзқарас пен оларға деген қарым-қатынасты байқадық. Бүгінгі таңда Қазақстан Президенті құқық қорғау қызметкерлерінің алдына үлкен міндет қойып отыр. Олардың саны артып қана қоймай, сапа жағынан да, кәсіби біліктілік жағынан да жетілуін күн тәртібіндегі ең басты мәселе ретінде қарастырылатынын көрдік. Енді жүйені реформалауға шұғыл кірісу арқылы көпшіліктің көкейіне түйткіл ұялататын келеңсіздіктерді түп тамырымен жою керек. Сонда ғана халық пен полицияның арасында шынайы құрмет пен сыйластық қалыптасып, сенімге құрылған өзара түсіністік салтанат құрары сөзсіз.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button