Мәдениет

34 спортшы бақ сынайды

4-20 ақпан аралығында Қытайдың Бейжің қаласында XXIV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Ақ Олимпиадаға әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Байрақты бәсекеде спорттың 15 түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар Яньцин, Чжанцзякоу және Қытай елінің астанасы – Бейжің қаласында өтеді.

[smartslider3 slider=1892]

 Қазақстан құрамасы сапында спорттың 8 түрінен 34 спортшы бақ сынайды. Соның ішінде ШҚО – 9, Алматы қаласы – 8, Ақмола облысы – 4, Павлодар облысы – 3, Нұр-Сұлтан қаласы – 3, Қарағанды облысы – 2, Қостанай облысы – 2, БҚО – 1, СҚО – 1, Шымкент қаласынан 1 спортшы бар. Алдын ала болжам бойынша фрис­тайл-могул, фристайл-­акробатика, шорт-трек және конькимен жүгіруден спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне мүмкіндік бар. Құраманың ең жас спортшысы – 2021 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері – Анастасия ­Городко (фристайл-могул) 16 жаста, ал ең үлкені – 35 жастағы шаңғымен жарыс спорт түрінен Евгений Величко. Еліміздің көк туын астаналық Абзал Әжіғалиев (шорт-трек) пен қарағандылық ­Екатерина Айдова (конькимен жүгіру) көтеріп шығады.

Жалпы Қазақстан құрамасы төмендегі құраммен Олимпиа­дада бақ сынайды: шаңғымен жарыс – Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надеж­да Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могул – Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анас­тасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасы – Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев.

Тау шаңғысында ­Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен
Данил Васильев Олимпиа­да жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина ­Айдова, Дмитрий ­Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиадаға жалпы алғанда 87 жолдама жеңіп алды. Соның ішінде астаналық үш спортшы, шорт тректен Абзал Әжіғалиев, Яна Хан, ал конькимен жүгіруден Дмитрий Морозов лицензия иегері болды. Қазір жолдама иегерлері қатаң сақтық шарасымен жаттығуын жалғастыруда.

Абзал Әжіғалиев – бұған дейін бірнеше мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі атлет. Әлем чемпионаттары мен Әлем Кубогының жеңімпазы.

Шорт тректен Қазақстан рекордын жаңартқан Яна Ханға да артылар сенім мол. Азия мен әлем чемпионатының жеңімпазы Дмитрий Морозов XXIV қысқы Олимпадада 1500 м қашықтықта шеберлігін сынға салады. Бұл қашықтықта Дмитрий сәтті өнер көрсетіп жүр. Ұлттық құрама 27 қаңтар күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арқылы аттанады деп жоспарлануда.

Еске сала кетейік, 2018 жылғы XХIII қысқы Олимпиадада (Пхенчхан, Оңтүстік Корея) Қазақстан Ұлттық құрамасы 57 лицензия жеңіп алып, спорттың 9 түрінен 46 спортшы жарыстарға қатысқан. Сонда Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлдені иеленіп, жалпыкомандалық есепте ел құрамасы 28 орынға тұрақтаған болатын.

Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button