Басты ақпарат

Баспасөздің күші – шындықта

Қазақ журналистикасында бір өзі ұлттың білдей үш басылымын басқарған әзірге жалғыз қаламгер – Уәлихан Қалижан. Ол тәуелсіздік алған сәтте өзі басқаратын «Лениншіл жас» газетін ешбір қаулы-қарарсыз бір-ақ күнде «Жас Алаш» деген Ғани Мұратбаев қойған тарихи атауымен шығарды. Қатал жүйе аяғын тарта қоймаған тұста қаһарына ілігіп кетерін білсе де, азаттық таңындағы ұлттық рухтың күшімен батыл қадамға барды. Журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткерімен елдің бүгіні мен болашағы туралы сұхбаттасқан едік.

[smartslider3 slider=1886]

Тәуелсіздік – орындалған арман

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығын «Парасат» орденімен қорытындылапсыз. Құтты болсын! Осы жылдар ішіндегі егемен ел мен сол елдің ағасының өмірі қалай қатар өрілді?

– Рақмет! Иә, отыз жылдың ішінде Қазақстан егемен ел ретінде әлемге танылды. Жалпы қазақ тарихында 2500-ден астам ірілі-ұсақты көтерілістер болды. Соның бәрі тәуелсіздік үшін, қазақтың жері үшін болды. 1986 жылы жастардың Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздікті жақындатты. Балтық теңізі елдерінің Кеңес Одағынан бөлінуі күштеп ұстап тұрған Одақты ыдыратты. 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР-ның Жоғарғы кеңесі халық ерік-жігерінің символы ретінде тәуелсіздікті жариялады. Бұл мың өліп, мың тірілген қазақтың феникс құс сияқты қайта түлеуі еді. Бұдан артық бақыт бар ма?! Халқының 50 пайызы аштықтан қырылған, 80 пайыз интеллигенциясы итжеккенге айдалып, атылған, 15-20 пайызы сыртқа тарыдай шашырап кеткен қазақ үшін бұдан артық қасиетті мереке бар ма?! Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда, оны ең бірінші болып Түркия мойындады. «Болашақта Кавказдың арғы жағында қызыл империяның шеңгелінде қалған қазақ бауырлар ерте ме, кеш пе – өз егемендігін алады. Сонда оларды қолдаңдар» деген Мұстафа Кемал Ататүріктің өсиетін түріктер бұлжытпай орындады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевтың алғашқы ресми сапары Түркиядан басталды. Әуежайға халық сыймады, бәрі «қазағым – бауырым» деп жылап тұрды. Бес жігіт бес қойды «ақсарбас» деп құрбандыққа шалды. «Абылай, Абылай, ­Нұрсұлтан!» деп ұрандады. Егемен Қазақстанның шекарасы шегенделіп, Ресей, АҚШ, Қытаймен стратегиялық әріптестікке қол жеткізілді. Қазақстан мемлекетінің шекарасын бұзбау, оның территориялық тұтастығына қол сұқпау жөніндегі келісімшарттар осы елдердің парламенттерінде қабылданып, заңды құқыққа ие болды. Міне, содан бері 30 жыл өтті. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт, ал халық үшін орындалған арман. Осы жылдар ішінде қоғамның дүрсілін халыққа баспасөз арқылы жеткізудегі еңбегім бағаланып жатқаны, әрине, мен үшін зор мақтаныш.

– Тәуелсіздіктің бастауында қалт-құлт етіп тұрған «Егемен Қазақстанды» басқарып, жұмысын қалпына келтіруге жүгірдіңіз. Ал қазір жалпы қазақ баспасөзінің жай-күйі қалай?

– Егер ұмытпасам, қазір елімізде 2170-тен астам БАҚ тіркелген. Олардың 70 пайызы – қоғамдық ұйымдардың, корпорациялардың, 30 пайызы – мемлекеттің меншігінде. Журналистиканы «төртінші билік» дегенді еститін едік, бірақ кеңес кезінде ол бұл деңгейге көтеріле алған жоқ. Әрине, бүкіл баспасөз идеологиялық құрал ретінде пайдаланылды, оның функционалдық міндетінің өзі сол болатын. Кеңестік жүйе кезіндегі таптаурын жолдан кейін егемендіктің тұсындағы баспасөз жан-жақты дамыды, оппозиция­лық басылымдар дүниеге келді. Одан кейін интернет жүйесі қалыптасты. Сайып келгенде, ақпараттарды жасырын ұстай алмайтын дәрежеге жеттік. Сондықтан БАҚ-тың бүгінгі деңгейі сол әлемдік трендтердің қатарына қосылды. Шынында да, БАҚ «төртінші билікке» айналды. Өйткені оның беделі өсті. Мұның бәрі халықтың ұлттық сана-сезімін оятты. Әрине, бұл сәтті өзінің пайдасына шешкісі келгендер бар. Бірақ қазір халықтың көзі ашық, бәрін біледі, газет оқиды, интернеттен де қарап, жан-жақты сараптап, өзіне қажеттіні ала алады және өзінің көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан бұрынғыдай халықты алдап, арбап ұстау мүмкін емес.

– Қазіргі медиа түрлерінің нарықты жаулап алуынан жалпы газеттерге қауіп төніп тұрған жоқ па?

– Жалпы тенденция, әрине, қазіргі нарықтық қатынастар көп дүниеге әсер етіп отыр. Оның отбасылық жағдайға да, демографиялық, экономикалық, ұлтаралық мәселелерге де ықпалы бар. Сондықтан осы кезеңде БАҚ деңгейі де өзгеріп жатыр. Елдің газет-журналдарды жата-жастана оқып, болмаса жайлауда, мал бағып жүргенде етігінің қонышынан суырып алып оқитын кезеңдері артта қалды. Қазір бәрі интернетке жүгінеді. Бірақ қалай болғанда да интернет бәрін ығыстырып шығара алмайды. Интернет, әлеуметтік желілер қазіргі кезеңдегі белгілі бір сәттегі мәселені айқындауға ғана әсер етеді. Ал енді үлкен сараптама жасалған, экономикалық мәселелерді талқылаған, болмаса тарихи материалдардың бәрін интернеттен қашанғы отырып оқисың?.. Газет пен кітаптың керегі де сол. Өйткені оның астын сызып оқуға болады, оны қойып қоюға болады, сілтеме жасауға болады. Сондықтан да менің ойымша, газет те, кітап та ешқашан жойылмайды. Параллель сызықтар секілді бірге дами береді.

Қоғам кәсіби журналистерге зәру

– «Журналистика – ұлттың рухын қалыптастыратын мамандық. Журналистика – ұлттық элита жүйесін жасайтын саяси мектеп. Журналистика – жазушылыққа, саясаткерлікке бастайтын жол». Осы үш сипаттама аясында қазіргі журналистика, шынымен, өзіне жүктелген міндетін атқарып отыр ма?

– Қазіргі журналистерге экономикалық, заңгерлік қосымша білім керек, бізге сол жетпейді. Өйткені заман өзгеріп кетті, ­баяғыдай пафостық мақалаларды ешкім оқымайды, қазір үлкен экономикалық талдаулар қажет. Сол себепті журналистер кемінде 2-3 тіл білуі тиіс. Әрине, өз тілін ұмытпауы керек. Шет тілін білетін болса, ақпарат алу өрісі кеңейеді. Кез келген жағдайда барып сұхбаттасып, сараптама жасай алады. Әлемдік трендтерді игеретін болсақ, біз әлі де көп нәрселерді айтып, шешетін боламыз. Ал қазіргідей тек орыс тілді ақпарат көздері арқылы ғана алсақ, біржақты болып қаламыз, олар қалай дегенмен де Ресей мемлекетінің саясатымен үндесіп жатады. Сондықтан болашақта кадр дайындауда осыған мән беруіміз керек. Жалпы бізбен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің бәрінде тікелей сол елдерден ақпарат жіберіп тұратын меншікті тілшілер болғаны жөн.

Сондай-ақ қазір журналистика факультеттерінің білім беру деңгейі төмен. Мысалы, актер болатын студенттер сабақтан кейінгі уақытын театрда өткізеді. Ал бізде 4-5 жыл оқыған теория­ны практикада пайдаланбайды. Дұрысы, 2-3 жыл теорияны оқытып, қалған уақытта таза практикаға көшу керек. Студент кәдімгідей ақшасын алып жұмыс істесін. Сосын соның негізінде диплом жұмысын қорғаса болады. Ал бір айлық практика деген не ол?!

Кез келген газет шындықты жазуы керек. Әртүрлі жағдайларға «Егемен Қазақстанның», «Жас Алаштың», «Астана ақшамының» көзімен пікір білдіріліп, мақалалар жазылса, бұдан халық ұтады. Сонда халық тек оппозицияны оқып кетпейді. Оппозицияның өзі бірыңғай жаман жағын жаза бермей, жақсы тұстарын да айтпаса, ол белгілі бір топ пен адамдардың мүддесіне жұмыс істейтін газет болғаны. Сондықтан да шындық екі жаққа да бірдей болғаны жөн. Шындық айтылуы, жазылуы қажет. Баспасөздің күші – шындықта.

 Оппозицияның өзі бірыңғай жаман жағын жаза бермей, жақсы тұстарын да айтпаса, ол белгілі бір топ пен адамдардың мүддесіне жұмыс істейтін газет болғаны. Сондықтан да шындық екі жаққа да бірдей болғаны жөн.

– Өзіңіз журналистикаға қалай келдіңіз?

– Журналист болу арман еді. Біз оқыған кезде бұл факультетке түсу үшін журналистикада 2 жылдық стаж керек болатын. Сосын филологияға түсіп кеттім. Ал журналистика жанрларының бәрін «Жетісу» газетінде 7 жыл жұмыс істегенде үйрендім. Журналистика саласындағы факультетім де, алғашқы жұмысым да осы басылым болды. Жазушылыққа көбі журналистика арқылы келеді. Саясатқа да солай. Саясаттану деп жүргеніміз – журналистиканың ар жақ-бер жағы. Бүгінде Мәжіліс пен Сенат арасында 7-8 депутат – журналистер. Сондықтан журналистика мамандығының қасиеті де, құдіреті де оның көп жақтылығында. Оны кім қалай пайдаланады? Мәселе сонда. «Жетісу» газетіне жұмысқа алған бас редактордың орынбасары Сарбас Ақтаев кейін 50 жылдығымда: «Біздің қазақ журналистикасында бір бақытты адам болса, ол – Уәлихан Қалижан. Ол қазақ журналистикасының балалығы «Ұланды», жастығы «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқарды» деп жазды. Шынында да, қарап отырсақ, 2 газет басқарған адамдар бар екен, бірақ ұлттың 3 газетін басқарған жалғыз мен екенмін. Бұл Алланың берген бағы, еңбегім болар, бірақ қандай қызметке барсақ та соған басымыз айналып кеткен емес.

Жамбылға жаңа көзқарас қажет

– Соңғы кездері Жамбыл Жабаевқа қатысты жайсыз әңгімелер жиі айтылады. Сіз осы бағытта ақынның шығармашылығы мен өмірін қайтадан терең зерттеп жүр екенсіз…

 – «Жамбыл» эссесін жазып болдым. Бұрын ол туралы монография жазған болатынмын. Соның негізінде роман-этюд жазылып, ол қазақ, орыс тілінде кітап болып шықты. Жылдың басында Атырау, Шымкент, Талдықорған, Алматыда тұсаукесер рәсімі өтті. Менің ойымша, бұл – үлкен дүние. Себебі Жамбылға жаңа көзқарас қажет. Соңғы кездері оның өмірінің ақырғы 10 жылын ғана алып, Ленинді мақтады, Сталинді, мавзолейді дәріптеді деп ақынды жоққа шығарушылар көбейді. Ал шындығына келгенде, Жамбыл өкіметке жарамсақтанған жоқ, өкімет Жамбылға жағынды. Ол кезде кез келген шығарма Маркс, Ленинсіз жазылмады. Соған бола өзге елдер өз авторларына тиісіп, шығармашылығын жоққа шығарып жатқан жоқ. Жамбылды тану үшін оның революцияға дейінгі өмірінің өзі жеткілікті. Романда оның туған күнінен бастап өлгенге дейінгі деректердің бәрі бар, оның бәрі тарихи этюд түрінде жазылған. Мысалы, бәрі «Ленинградтық өренімді» мойындайды, оны соғыстағы солдаттар плакаттан оқып қалай жылаған! Сондай ақынды қалай жоққа шығаруға болады? Әуезов: «Жамбылдың миында 1 млн 200 мың ұйқас бар» дейді. Расында, ол 10-15 күн бойы «Көрұғлыны» жырлаған. Өзінің жырлары қаншама. Сүйінбайдың өлеңдерін қалай насихаттады! Айналып келгенде, бір нәрсені түсінуіміз керек – бір ақын жазғандай, Жамбыл ешкімнің бәтеңкесін жалаған жоқ. Өкімет Жамбылдың мәсісін жалады, алдына топталып келді. Қазір мемлекетті жазып, награда алғандарды кейін жоққа шығарып жатсақ, сол жөн іс пе сонда?

Қазақ өз елінде азшылықта қалмасын

– Журналистика мен саясатта көп жүрдіңіз, біраз жыл депутат болдыңыз. Сіз сол кезде шешуге атсалысқан қоғамдағы қандай өзекті мәселелер әлі де шешілмей келеді?

– Депутат болған кезімде оралмандар мәселесімен көп айналыстым. Оны ұлттық идеологияның басты бағытының бірі деп есептеймін. Алғаш болып көші-қон мәселесін шешуге араластым. Елбасының қасында жүргенде Моңғолиядан келген қазақтарды қалай тартқанына, қайтыңдар деп үндеу жасағанына куә болдым. Бастапқыда еңбек шартымен келгендерге өте қиын болды. Оларға дұрыс жағдай жасалмай, көш кері қайта бастады. Сол кезде мен «Егемен Қазақстанда» «Қазақтың көші қайда бара жатыр?» деп мақала жаздыртып, оны Парламентке жібердім. Парламентте атақты академик Өмірбек Жолдасбеков мақала мен хатымды оқығаннан кейін комитетті жинап, «Көші-қон» жөнінде заң дайындау керек деді. Сол кезде бірінші шақырылым депутаты Әкім Ысқаққа тапсырма беріліп, Парламентте бірінші рет қазақша заң жазылды. Одан әрі Мәжіліс пен Сенат жанында көші-қон мәселелері бойынша консультативтік кеңес құрылып, соның төрағасы етіп мені сайлады. Сөйтіп Қазақстанда барлық көші-қон ісімен айналысатын ұйымдармен жұмыс істеп, заңды жетілдіруге байланысты ұсыныстар жасадым. Квотаны реттеу, оралмандар мәселесін шешуге 2,5 млрд теңге бөлгізуге атсалыстым. Бізде қазір ең негізгі мәселе – Өзбекстандағы қазақтарды қайтарып алу. Кезінде Өзбек ханның тұсында кіріп кеткендер бар, кейін оларды өзбек қылып жіберген. Қытай қазақтарды жіберуге мүдделі емес, бұл мәселе қиындап кетті. Олар ішкі жағдайға байланысты қазақтарды ұйғырларға қарсы ұстап отыр. Ол жақта қазақтардың жағдайы жаман емес, бірақ қытайландыру процесі жүріп жатыр. Бағзыдан қалыптасқан дәстүр бұзылып, тілі шұбарлана бастады, аралас неке көбейді. Қытайда 2 млн қазақ бар деп жүр ғой. Негізі, одан да көп деп ойлаймын. Ресейдің өзінде 1 млн қазақ бар. Сонымен, ресми түрде сыртта 5 млн қазақ жүр дейді. Менің ойымша, 10 млн қазақ бөтен елде өмір сүруде.

Тағы 1 млн қазақты жан-жақтан әкелу керек. Өз елімізде өзіміз азшылықта қалып қойсақ қиын болады. 1896 жылғы патша кезеңіндегі санақ бойынша қазақтардың саны 3 млн 600 мың болған. Өзбектер 3 млн еді. Қазір олар 30 млн-нан асып жығылады. Біздің жағдайымыз мынау – 19 млн-ға әрең жеттік. Оның 11 млн-нан астамы ғана өз ұлтымыз. Сондықтан қандастарымызды көптеп әкелу керек. Қай ұлт көп тұрса, сол ұлт үстемдік құрады. Оларды өзге ұлттар көп шоғыр­ланған солтүстік аймақтарға әкелу керек. Ол жақта ең әуелі инфрақұрылымды дамытып, өндіріс орындарын ашу қажет. Алты ай қысы бар жерде немен айналысуға болады? Мүмкін жылыжай, құс өндірісін дамыту керек шығар. Мемлекеттік стратегиялық жоспар болуы қажет. Қалай болғанда да ағайындық, туысқандық деңгейде көшірген жөн. Мемлекет осыған назар аударып жатыр ғой деп ойлаймын. Кезінде Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарын қосып жіберу үлкен геосаяси мәселе болды. Семейлік ағайындар облыс орталығы болғысы келетінін түсінеміз. Бірақ соның арқасында орысы көп жерлерді қазақтандырып отырмыз.

– «Халықтың билікке ықпалы» деген мақалаңыз арқылы биыл жоғары билікке үш ұсыныс бердіңіз. Ол қандай ұсыныс­тар еді және қолдау тапты ма?

– Үш-төрт айдың жүзінде ­Abai.kz порталы арқылы бірнеше елдік маңызды ұсыныстар айтылған мақала жарияладым. Мәдениет, ақпарат және тіл министрлігі құрылсын деп ұсыныс бердім. Себебі мәдениетке спортты тығып қойғаны дұрыс емес. Сол сияқты тілді тек комитет деңгейінде қалдыруды жөн санамаймын. Оны министрлік деңгейінде қарастырса, тілге қатысты мемлекеттік көзқарас пайда болады.

– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елдегі тыныштықтың маңызды екенін көрсетті әрі талай жасты қыршынынан қиып, қабырғаны қайыстырды. Бұл оқиғаны өзіңіз қалай бағалайсыз?

– Мемлекет басшысының Жарлығымен 10 қаңтар Аза тұту күні болып жарияланды. Туымыз төмен түсірілді. Бірақ туды түсіргеніміз сағымыздың сынғаны емес. Бұл – ерлер алдында бас ию, тағзым ету. Содан соң егемендіктің, тәуелсіздіктің көк байрағын желбіретіп, қайта өрлейміз. Тәуелсіздігімізді құлатқысы келген әртүрлі радикалды топтар мен содырлардың көзін жою ел тыныштығы, тәуелсіздік салтанаты үшін қажет деп білемін. Халқы мықты елдің – Президенті мықты, мықты Президенті бар елдің – халқы мықты. Қазақстан Президенті ел басына күн туғанда басын сауғалап қашпады. Халқының қасында қалды. Қазақстан халқына, Ата заңымызға адалдық танытты. Бітімгершілік күштерді шақырды. Осылайша тәуелсіздік пен еліміздің қауіпсіздігін сақтап қалды. Әнұранымызда жазылғандай, «Намысын бермеген қазағым мықты ғой!» деген сөз өмір сынынан өтті. Бұған көз жеткізіп отырмыз. Қазақстан халқы Президент Қасым-­Жомарт ­Тоқаевпен бірге елімізді, жерімізді, тәуелсіздігімізді сақтау үшін бір тудың астына жиналды. Аза тұту күні халқымыз қабырғасы қайысып, боздақтарды еске алды. Мен де таңды егемендік құрбандарының рухына құран бағыштап, Алладан елімізге тыныштық, халқымызға бірлік пен сабыр тілеуден бастадым.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button