Ресми бет

Мемлекеттік мәртебе берілді

Елорданың төрінде орналасқан ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейіне жақында мемлекеттік мәртебе берілді. Осы ретте оған жүктелетін міндеттердің ауқымы да арта түспек.

[smartslider3 slider=1891]

Қазір мұражайдың тұжырымдамасы қайта қаралып жатыр, онда мәдени-ағартушылық, тарихи-танымдық бағыттардан бөлек әскери-патриоттық тәрбие ісіне айрықша басымдық берілмекші. Еліміздегі соңғы оқиғаларға байланысты және Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамасына орай өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу қазір уақыт талабына айналып отыр. ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайы алты жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде осы мәдениет ошағында 100 мыңнан астам адам болып, қазақ халқының ұлттық әскери тарихымен танысқан, оның ішінде алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар да бар. Музей қорында ежелгі кезеңнен бүгінге дейінгі қазақ халқының мәдениеті мен әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, өте сирек кездесетін жәдігерлер бар. Мұндағы экспонаттардың жалпы саны 20 мыңнан асады және олардың қатары күн өткен сайын молая түсуде. Мәселен, жуырда Қанжығалы Бөгенбай батырдың дулығасын ұрпақтары әкеліп табыстады. «Қазақстанның аумағын кеңірек қамту мақсатында көшпелі көрме ұйымдастыру қолға алынды. Осы күндері музей қызметкерлері Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын бетке алып сапарға шықты. Олар бір апта бойы көне заманғы жәдігерлерден бастап жаңа тарих экспонаттарына дейін көшпелі көрме арқылы көпшілік назарына ұсынады» дейді ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің бастығы, философия докторы (PhD), полковник Нұртаза Асылов. Н.Асыловтың айтуынша, жоспарлар көп. Музейдің қазір Алматы қаласында ғана филиа­лы бар. Болашақта еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірілі-ұсақты әскери-тарихи музейлердің басын бір шаңырақтың астына біріктірген қай тұрғыдан да жөн дейді ол. Бұдан бөлек, астаналық саябақтардың бірінде әскери техника мен қару-жарақ павильонын ашып, оны әскери-патриоттық орталыққа айналдыру ойда бар. Орталық көпфункционалды, яғни оның ішінде әскери техникадан бөлек, әртүрлі тренажерлар мен кедергілер алаңы, тир және т.б. болуға тиіс. Сол жерде түрлі жарыстар мен іс-шараларды, бастапқы әскери дайындық пәнінің практикалық сабақтарын да өткізуге болар еді. Бұл – қала әкімшілігімен бірлесіп атқарылатын жұмыс. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда ол қала жастары мен оқушыларының сүйікті орнына айналуы мүмкін.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button