Басты ақпарат

Шынайылыққа сусап жүрміз

ЖАЛҒАН КЕЙІПКЕРЛЕР… ҚОСПАСЫ КӨП ОҚИҒА…

Соңғы жылдары телеарналардың көбі көрерменін жоғалтқаны анық. Бұқара елді қайтадан қуып әкеліп, көгілдір экран алдына «байлап ұстау» үшін олар барын салып-­ақ жатыр. Экранды базарға да, төбелес алаңына да, жынойнаққа да айналдырды. Бірақ сондағы тапқаны не? Беттің арын белге түйіп жүріп жасаған бағдарламаларының интернетте неше рет ашылғанын қарасаң, кейбірі 30-­40-­пен тоқталып, ең ұзағанда 1500-­2000-­ға әрең жеткенін байқайсың. Ал мұнымен не ұтты? Көрерменнің көңілін былғап, санасын улап, жүйке талшықтарын өлтіріп, қоғамды азғыратын ой таратқанда табар бақыты қайсы?

Жуырда әлеуметтік желіде бір ток­-шоудың үзіндісі кеңінен тарап, жұрт жапырлай пікір жазып жатты. Бейнежазба «КТК» арнасындағы «Кел, келінім» бағдарламасынан екен. Студияда бет­аузына бес қабат опа­далап жағып, найзадай кірпік жапсырып алып, қуыршақтай болып жасанған бойжеткен тұр екен. Ол: «Менің болашақ жарыма қояр талабым – ол жұмыс істемей, үйде отыруы керек. Мен ғана жұмыс істеймін. Табысты өзім табамын. Өйткені кез келген жұмыс орнында қыз-­келіншектер болады. Ал мен өте қызғаншақ адаммын. Сол себепті күйеуімнің ешкіммен араласпай, үйде отырғанын қалаймын» деп сөйлеп тұр. Қас қылғаны ғой, «КТК» журналистері хабардың дәл осы жерін қиып алып, елді шулату үшін желіге сала қойыпты. Әлгі қыздың сөзін естіп, күйінген жұрт қызбалана ой­-пікірлерін жазып, даурығып жатыр. Кейіпкердің жай образға енген әртіс екенін айтып, ел ішіне от тастауға, қоғам санасын улауға ниеттенген арна журналистерін сыбап алғандар да жоқ емес.

Бізді қайран қалдыратын да осы. Өтірік сөз, жасанды кейіпкер, жалған оқиға, «қауесет факті» болмаса, телеарналарда ток­шоу, реалити­-шоу жасалмай ма? Кейіпкер қылып біреуді әкеліп отырғызып қойып, оның әртістікпен жасаған образы арқылы ойдан оқиға құрастырып, қитұрқы сұрақтар қойып, қолдан шоу жасамаса, телеарналарға күн жоқ па? Неге бағдарламалар тек шынайы өмірге, шындыққа құрылмайды? Ақыр еліктеген екенбіз, Ресей телеарналарындағыдай шынайы жұлдыздардың өміріндегі қалтарыстарға үңілмей ме? Жалған кейіпкер болмаса, түсіретін тақырып таппай қала ма? Ал осындай ток­-шоулар мен реалити-шоулардың қоғамға тигізетін ықпалын зерттеп жүрген біреу бар ма? Ізгілік – мұрат, адалдық пен ақиқат, шынайылық қай да? Ұлттық болмысты кім ойлайды?

Елді шулатып, арна рейтингісін шарықтату мақсатынан туған мұндай ток­-шоулар мен реалити-шоулар барлық арналарда бар. Өткен айда газетімізге шыққан «Рейтинг ұлттық рухтан бағалы ма?» деген мақаласында журналист Айнұр Төлеу жазғандай, телеарналар негізгі контентін әйелдерге арнап жасап жатқаны да шындық. Ал жазушы Жұмабай Шаштайұлы ағамыз ылғи айтып жүргендей, «ұлттық салт­-дәстүр мен сабақтастық бұзылуына көбінесе әйелдер қауымының шетке еліктеушілігі себеп болатыны» рас. Демек, біздің телеарналарымыз тікелей ұлтқа қастандық жасап отырған жоқ па?

Тағы бір мысалды «31 арнадан» алайық. Осы арнада «Келіндер бәйгесі» деген жоба бар. Бір қарағанда, ке ліндердің өзара шеберлік сайысы сияқтанғанымен, бұл бағдарламадан да ұяттан, ар, ибадан жұрдай беті қалың бойжеткендерді көресің. Бір-бірінің тойына қонақ болып барып, бір бұрышта отырып алып, «жыбыр­-жыбыр» етіп, той иелерін, олардың жайған дастарқанын, киген киімін, тағы басқасын сынап отырған «өсекші қыздар» да қазақ қоғамына кесапат мінез тарату үшін жасалғандай. Бұл бағдарлама да сол айтыс­тартыс, ырду­-дырдуға құрылған. Ондағы кейіпкерлер, шынымен, өмірде сол бағдарламадағыдай ма, әлде өздеріне жүктелген образды сомдап, сүйкімін кетіріп отыр ма деген ойға қаласың. Бәлкім, өмірде ондай әдепсіздіктің, имансыздықтың одан зорын жасайтын да шығар. Бірақ олар кімге үлгі? Неге біз эфирге осындай көкбет қыз­-келіншектерді шығаруға құмармыз?

«Еуразия» арнасы паспортында «Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналады» деп «айғайлап» көрсеткен «Қалаулым» жобасын да, «Пендеміз ғой» ток-шоуын да осы қатарға қосуға болады. Таяуда осы арна басшыларына Тұрсынхан Төрегелдиев деген зейнеткер хат жолдап, телеарна бағдарламаларын жөнге салуды сұрапты. Онда ақсақал өзінің теледидарын қосамын деп байқаусызда «Пендеміз ғой» бағдарламасының «Қыз емеспін» деп аталатын түсіріліміне тап болғанын айтады. Адам айтуға ұялатын дөрекі сұрақтар қойылып, оған бедірейіп отырып ұятсыз жауап беретін қыздың қылығы мен жалпы бағдарламаның тым бейәдеп әңгімелерге құрылғанына кейігенін білдірген көрермен мұндай бағдарламаларға тыйым салуды сұрапты. Жалпы, мұндай бейәдеп әңгімелер қазір көптеген хабарларға арқау бола бастаған. «Өз ойым» ток-­шоуы да «Қыздығымды сатамын» деген тақырыппен бір хабарын ұсынған еді.

Ұят пен мәдениеттен жұрдай, оқиғасы – өтірік, кейіпкерлері «әртіс» бағдарламалар өздері таңдаған тақырыптың оқиғасын кульминацияға көтеріп, елді елең еткізу үшін ешнәрседен тайынбайды. Алайда ол бағдарламалардың көбінің тақырыпты ашуға негіз болған кейіпкерлері, яғни студия қонағы шынайы емес. Ойдан құрастырылған образға ену үшін кейбірі бетперде киіп, кейбірі көзәйнек тағып, енді біреулері өмірдегі өз болмысына ұқсамау үшін шаш үлгісін, бет бояуын ерсілеу етіп өзгертіп алатыны да сондықтан. Студияға аудитория жинау үшін ақша ұсынып, әлдекімдерді жинап, отырғызып қоятын бағдарламаларға шу туғызатын образ жасату үшін кейіпкерді ақшамен жалдау сөз болып па? Ақша үшін ардан безгендер, әрине, аузына салып берген небір ұятсыз сөзді айтып, арсыз, мәдениетсіз адамның қылықтарын жасап, «телеқойылымға» үлес қосуға барын салады. Осындай «мен күйеуіме есеппен шықтым», «мен қыз емеспін», «мен адал некемен өмір сүруге бейім емеспін» деген секілді қасиетсіз адамның сөзін айтып, эфирде «әртістік көрсеткендердің» арасында, өкінішке қарай, телеарналарда камераның артында жұмыс істейтін журналистер жүрген кездер де аз болған жоқ.

ДАРАҚЫ ШОУЛАРДЫ ЖҮРГІЗУГЕ КІМДЕР ҚҰМАР?

Бүгінде телеарналар көрерменнің көңілін аулау үшін, рейтинг жинау үшін эфир уақытының басым бөлігін шоу­-бағдарламаларға арнаған. «КТК» мен «31 арнада» мұндай шоулардың он шақты түрі бар. «Астана» телеарнасы мен «7 арнада» 20-­ға таяу бағдарлама осындай әртүрлі шоуларға, токшоу, реалити­шоуларға құрылған. Хабар басталған күннен бастап есті көрерменнің наразылығын тудырып «тоқталсын» деген талап-­арыздардың астында қалған «Қалаулымның» бүгінге дейін 230-­ға таяу түсірілімі көрсетіліпті. Мұндай конфликтіге толы қайырсыз бағдарламаның кейіпкерлерінің өзі кейбір ақпарат сайттарының «тұғырлы тұлғасына» айналған. «Қалаулымның кейіпкері сүйтті», «Қалаулымның кейіпкері бүйтті» деген хабарларды оқығанда біресе телесериалдардың, біресе телебағдарламалардың кейіпкерін талқылап, мақала жазып жүрген журналист-сымақтардың ұсақтығына, желбуаздығына жиіркене қарайсың. Мұндай бағдарламаларды жүргізуге көбінесе «аты шықпаса жер өртеуге» әзір тұратын, не сөзінің мәні жоқ, не түрінде мазмұн жоқ, мағынасыз күлкіні бетперде етіп киіп алып, самбырлап сөйлей бергенді білетін қыз­-жігіттердің таңдалатыны кездейсоқтық емес. Олардың арасында «эстрада жұлдыздары» да бар. Дауысы жағымсыз, мұрнымен сөйлейтін немесе тілінің мүкістігі бола тұра эфирден түспейтін, соған қарамай, елге тұлға болғысы келетін «тәтейлер» де бар. Оларға эфирге шығатын мүмкіндік беріп, «түлкі бол, маймыл бол – әйтеуір бағдарламаны көрерменге «өткізіп», рейтинг жинап бер» деп тапсырса жетіп жатыр екен. Есті сөз айтып, елге ой салудың орнына екі езуі жиылмастан жайдақтана сөйлеп, қыздырып ала жөнеледі.

«ӨЗ ОЙЫМНЫҢ» ӨТІРІГІН АШҚАН КІМ?

«7 арнадағы» «Өз ойым» ток-шоуының, міне, 40 шақты түсірілімі болыпты. Бұл бағдарламада, әсіресе, Ләйлә Сұлтанқызының сөйлегені мен қойған сұрақтарына қарап кейде қарның ашады. Канн кинофестивалінде бағы жанып, «үздік актриса» атанған қазақтың ай маңдай аруы Самал Еслямовадан алған сұхбатында Ләйлә өзінің ерсі сұрақтарымен Самал қызды өресіз әңгімеге тартып, өз деңгейіне түсірмек болған. Ал «7 арнада» студиядағы жастарға «Баянның қызы Айсәуленің, Айарудың инстаграмдағы парақшасын кім оқиды?.. Шынымен, Айсәулені оқымайсыздар ма?» деп таңғалып, тағы да арзан әңгімеге әуес екенін көрсеткен еді. Қуанышқа орай, ондағы жастардың ешқайсысының жартылай жалаңаш фотоларын салғанды жаны сүйетін Баянның қыздарымен шаруасы жоқ болып шықты.

Бұл жобаның мақсаты да «отбасы құндылықтарын насихаттау» деп көрсетілген. Бірақ одан өз басым көбіне мағынасыздық пен дарақылықты көрем. Арзан, орынсыз, дарақы күлкі басым. Бәлкім, жүргізушілердің әр сөзді айтқан сайын орынсыз күлетіні, «басты қатырдың», «миды қатырдың» деген секілді дөрекі сөздерді көп қолданатыны да себеп шығар.

Таяуда осы бағдарламаның «Бала санамаймын» атты түсірілі міне Дәурен Асхатов деген кейіпкер келді. Көзіне бетінен үлкен көзілдірік тағып шыққанынан­ақ тағы да әңгіме өтірік оқиғадан өрбитінін сезіп едік. сценарий бойынша бір келіншекті екі баласымен алып отырған жігіт екен. «Тұрып жүргенімізге екі жыл болды» деді. Ал балалардың жасын сұрағанда «Үлкені – 5­-те, кішісі – 1,5 жаста» деп жауап берді. Өзі тұрғанына екі жыл болса, келіншектің бірінші некеден туған баласы қалай 1,5 жаста болады? Ойымызға сап ете қалған бұл сұрақ бағдарлама жүргізушісі Алмас Алтайды да бейжай қалдырмапты. Жігіттің сөзден тұтылғаны да сол еді. «Біз кездесіп жүрген кезде күйеуі бар еді. Аяғы ауыр еді» деген секілді бірдемелер айтып, міңгірледі де қалды. Қысқасы, кейіпкер өз образын сомдай алмады. Бағдарлама аяқталмай тұрып оның студиядан кетіп қалғаны да сондықтан шығар. «Көрерменді алдаса да, қисынын келтіріп алдамай ма» деп ойладық біз…

СӨЗ СОҢЫ

Кіл өтірік пен конфликтіге, ойын-сауық пен мағынасыз әңгімеге құрылған бағдарламалар, өкінішке қарай, бірінен кейін бірі ашылып жатыр. Бәрі елді елең еткізуді ғана ойлайды. Рейтинг жинауды ғана мақсат тұтады. Ал адамдық мұрат ше? Сен қандай керемет тұлға болсаң да, қоғамға жасалып жатқан қиянат пен қатігездікке, қоғамға жайылып жатқан сайранқұмар санаға, оның соңында мәдениет пен руханияттың, ұлттың, қадір-қасиеттің күйреуіне қызмет етіп жүргенің сені бір сәт те ойландырмай ма? Актер мен актрисалардың, өнер жұлдыздарының жасанды болмысынан, суық сұлулығынан әбден мезі болған ел тал бойында бір бөтендік жоқ, шынайы Самал қызды сүйсіне қарсы алғанын көрдіңіздер. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Телебағдарламалардағы өтірік кейіпкер мен өтірік оқиғалармен, өтірік мәлімет пен өтірік күлкімен эфирді арзандатып жүргендер түбі бұл абыройсыздыққа апаратынын түсіне ме екен? Ең өкініштісі, «өтірікшінің шындығы құрбан болады» деген бар. Бір ток-шоу үшін көрерменді алдаймын деп телеарналар ел сенімінен айырылып бара жатқан жоқ па?..

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

7 пікірлер

  1. Бірақ солардың дәурені жүріп тұр. «Қалаулымды» көрермендер қалай тамашалайтынын көріп, жағамды ұстағанмын. Қатысушылары қазір жұлдыз. Мақсаты да сол болған шығар мүмкін. Ондай арзан бағдарламалар экранды жаулап алды.

Пікір үстеу

Back to top button