Басты ақпаратМәдениет

Светқали ақынмен сырласу

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлес­тігінде «Ай таранған түн» атауымен көрнекті ақын, аудармашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржанмен кездесу өтті.

Кеш үйлестіру­шісі – аталмыш бірлестік жетекшісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, профессор, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенже­ғали Мыржықбай ақынның сөз өнеріндегі жолына тоқтала келе, осы күнге дейін 22 кітабы шыққанын, өлеңдері ЮНЕСКО-ның 6 тіліне аударылып, өзі де аудармашы ретінде батыс және шығыс поэзиясын тәржімалағанын атап өтті.

Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде ақынға әр алуан тақырыпта, әдебиет пен қазіргі қоғам жайлы сауалдар қойылды. Алғашқы сұрақ поэзиядағы басты құндылық жайында: «Ең басты құндылық – ар мен иман. Соған тірелмеген жерде бәрі де тайғанақ. Ар мен иманға негізделген поэзия ғана болашаққа қалады, кейінгі ұрпаққа серік болады деп ойлаймын» деп жауап берді ақын.

Әлем әдебиетінің қазаққа әсері туралы: «Қазір әлемге есік ашылды. Ашық қалған есіктен, әрине, жақсы нәрсемен бірге жаманы да кіреді. Қазір сондай халде тұрмыз. Бірақ Құдай адамға жүрек таразысын берген. Сол таразыға салса, ненің жақсы, ненің жаман екенін айыру қиын емес деп есептеймін. Сондықтан «Шығыс аяны, Батыс баяны» деп батыс және шығыс әлемі туралы аудармалар жасап жүрмін. Батыс не берді? Шығыс не берді? Соны кейінгі ұрпақ менің азғантай еңбегім арқылы сараптасын деген мақсат бар аржағында» деді Светқали Нұржан.

Аралас неке жайлы: «Бұл – құнсыздану, бұл – тамырсыз­дану, бұл – ұлтсыздану дейтін сұмпайы, қазіргі дүниені жалмап келе жатқан аждаһаның демі. Бұрынғылар «адамның үш намысы бар» дейді. Ол – иманың, отбасың мен Отаның. Иманыңды шайтаннан қорғайсың, отбасыңды бөтеннен қорғайсың, Отаныңды жат елден қорғайсың. Елдің де үш намысы бар. Біреуі – жердің шегі, біреуі – ердің құны, бі­реуі – қызының ары. Осы үш шекараны қорғай алмаған ел – ел емес» деді ақын.

Қазақ тілінің жағдайы жа­йында: «Шынын айтқанда, қазір қазақ тілінің жағдайынан басқа қайғымыз жоқ. Бұл айт­саң аузың күйетін, айтпасаң иманың күйетін мәселе болып тұр. Қазір көріп отырсыздар, қазақ балабақшасына баратын балалардың тілі бөтен тілде шығып кетіп жатыр. Бір орысы жоқ Маңғыстау мен Шыңғыс­тауда балалардың тілі орысша шығып кетіп жатыр. Үш жүз жыл не үшін соғыстық, мына даланы не үшін қорғадық? Кенесары Ақмоланы не үшін шапты? Басығара батыр мен Иман батыр бастаған 200 ақ шейіт не үшін қанын төгіп, Қараөткелдің қабірстанында, осы Астананың ортасында жатыр? Осы қоныстың иесі Сейтен мен Тайжан Азынабай балалары не үшін мерт болды? Үш жүзден кем емес ұлы шайқастарды не үшін өткіздік? Тіліңнің қасиетін өзіңнің билігің, мемлекетіңнің басында отырған адамдар сезіне алмайтын болса, онда не үшін керек мына тәуелсіздік? Бұл жауға шекарамызды беріп қойғандықтың белгісі емес пе?..» деді Светқали Нұржан.

Ақын әлеуметтік желідегі мақтану мен масаттануға, қазіргі діни ахуалға қатыс­ты, «сарай ақыны» ұғымына көзқарасын айтты. Қазақтан шыққан тұңғыш бард Табылды Досымның кездесу қонағының «Элегия» атты өлеңіне жазылған «Сәйгүлік» атты әні бар. Осы өлең 1981 жылдың желтоқсанында жазылғанын, әнге айналғанда осындай танымал болатынын ойламағанын айтып өтті. Шара барысында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» жырына жазған өзінің әнін шыр­қады. Студенттер ақынның өлеңдерін және оған арнауларын оқыды. Ақынның өзі балладаларын, «Серінің серті» атты өлеңін оқып берді. Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы жылы ілтипатын білдіріп, кітаптарын сыйлады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов ақынға шығармашылық табыс тілеп, оқу орнының «Күлтегін» медалімен марапаттады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button