Руханият

Тайтөбе мен Қараөткел

Тарихты тану өлкетанудан басталады. Астана тарихы туралы бүгінгі күні көптеген еңбектер бар, бірақ осынау ғажайып өлкенің әлі де толып жатқан құпиялары оқырманды қызықтырады. Қазір Астананың халқы 1 миллионға жетті деп отырмыз, соның ішінде қаншасы бұл өңірдің бұрын Қараөткел атанғанын біледі? Астанаға таяу Нұра өзенінің жағасында Тайтөбе аталатын төбе бар, осы төбенің аты қандай мағына береді? Тайтөбенің ұшар басындағы көне заман құрылыстарының Астана тарихына қатысы бар ма, жоқ па?

akmolinsk

АСТАНА ТАРИХЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Астана тарихы қадым замандардан басталады, бірақ осынау қасиетті өлкенің тарихына қатысты әдебиетті қолға алсақ, қаншама қарама-қайшылықтар мен кемшіліктерді көреміз. Ен­деше өлкетануға белсенді кірісетін уақыт келді.

Есіл мен Нұра арасындағы жайдақ өлкеде Тайтөбеден биік жер жоқ сияқты. Оның басына шықсаң, көз жетер маңайдың бәрі алақанға қойғандай көрініп тұрады. Нұра Тайтөбені оң жағымен, шығыстан айналып өтеді де, содан әрі Қорғалжын қопасына қарай тіке тартады. Егер осы алаңға құс қанатының үстінен қарасақ, Тайтөбенің өзенге бір жағынан кіріккен түбек сияқты жер екенін аңғарар едік. Осылайша Тайтөбе – тек батысынан, яғни қазіргі Астана жағынан ғана ашық табиғи бекініс. Ертеде жаугершілік заманда төбенің батыс алқабын алыстан орағытқан, өзеннің бір қылта тұсынан шығып, келесі бір бұралаң тұсына дейін тікелей тартатын ордың ізі көрінеді. Тайтөбенің Нұра өзені жағында ескі қалашықтың, үлкен қоныстың орны жатыр. Ең бас­тысы, біз Тайтөбенің ұзақ уақыт қорғануға ыңғайлы, оның үстіне адамы да, малы да судан, азықтан тарықпайтын Нұра­ның табиғи арнасы мен қолдан жасалған саласы арасына ор­на­ласқан жер екенін аңғарамыз.

АҚМОЛА – ХАНДАР МЕКЕНІ
Атам қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене осы Тайтөбенің басында тұрған. Кейбір зерттеушілер «мола» атауы антика дәуірінің тарих­шыларының еңбектерінде кез­деседі дейді. Солардың бірі Прокопи «мола» сөзін «қамал» мағынасында қолданады, осыған байланысты «Ақмола» атауын «Батыстағы қамал» деп түсін­діру бар. Біз Ақмоланың алғашқы нұсқасы қалай болғаны туралы ештеңе де айта алмаймыз, ескерткіш толық қираған, тек іргетасы ғана жатыр, ал оның іргетасын арнайы зерттей­тін қазба жұмыстарын әлі жүр­гізген жоқ. Әрине, бір мың жылдан аса аяқасты болып жатқан ескерткіштер тозады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологтары жүргізген қазба жұмыстарының кезінде Тайтөбе басынан сақ дәуірінің соңғы сатысының қорымы шықты. Сөз жоқ, қазақтың «Ақмола» болып ел есінде қалған кесенесінің ғұмыры кемі бір жарым мың жылдың ар жағы. Оның не себептен Ақмола атанғаны белгісіз, біз оның сыртқы сылағы ақ балшық болды деп есептейміз. Қазіргі күні де Тайтөбенің бір қапталынан Астана қаласының құрылысына ақ балшық алатын карьер үңгіп келеді. Аузын арандай ашқан экскаваторлар мен ауыр жүк машиналарын көріп, тарихымыздың көне және соны қатпарларынан хабар беретін ескерткіштер кешенінің тағдыры бізді алаңдатады.

Подполковник Шубин Ресей басшылығының тапсырмасымен Ақмола округін ашамын деп келген 1830 жылдары төбе басындағы негізгі кесененің іргетасы әжептәуір биік болған (Ресей деректерінде «урочище Акмула» аталады), қазір тек орыны ғана бар. Әйтеуір жергілікті қариялар Нұра мен Есілдің ортасына орналасқан осы төбенің аты Тайтөбе екендігін естерінде сақтап қалды.

Біздің зерттеу жұмыстарымыз Ақмола өңірінің қазақ хандарына мекен болған жер екенін дәлелдейді. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында «По р.Нура вниз до р.Ишима к тому месту, где по показаниям Шангина и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали…» деген мәлімет жүр. Бұл деректе аздаған қателік бар. Шын мәнінде, Демидов Ресей патшасы Александр І-ге хат жазған уақытында Уәли хан қайтыс болып еді. Орта жүздің соңғы хандарының бірі, Абылай ханның үлкен ұлы Уәли 1820 жылы Көкшетауда қайтыс болып, Ошақты көлде асы берілді. Біздің тарихшылардың Уәли хан 1819 жылы қайтыс болды деген А.И.Левшинге негізделген мөлшерінде аздаған қателік бар, себебі құлпытаста 1820 жыл деп көрсетілген. Дегенмен Демидов 1820 жылдарға дейінгі деректерді пайдаланып отыр, яғни Абылайұлы Уәли хан осы Ақмола төңірегінде жаз бір уақытында орда тіккен деп есептейміз.

1830 жылдары біз Тайтөбе ма­ңында Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлын жиі көреміз. Осыдан кейін 1838 жылы Кенесары ханның қозға­лысы кезінде Тайтөбе атауы саяси оқиғалардың контексінде соңғы рет аталды да, кейін белсенді айналымнан шығып қалды.

ТАЙТӨБЕ ОКРУГ ОРТАЛЫҒЫ БОЛДЫ МА?
Біз бір қарағанда өте қарапайым көрінетін Тайтөбе атауына да қатысты зерттеулер жүргіздік. Тереңдете қарастырсақ, бұл сөздің мағынасы да жауынгерлік заманнан өз шешімін табады, себебі «тай» сөзі оның ерте замандарда қарауыл төбе қызметін атқарғанын білдіреді. Сонымен Тайтөбе сөзінің ең негізгі, көне мағынасы «қарауыл төбе» болып шығады және бұл атаудың тарихы кемі бір жарым мыңжылдыққа жеткені анық. Қазақ жеріндегі «тай» сөзі қолданылған жер атауларының негізгі бөлігі осы тарихи мағынаны сақтап қалғанын Шу өзеніндегі атақты Тай өткелінен де аңғаруға болады. Бір жағы Ібір-Сібір, бір жағы Түркістан өңіріне жалғасқан керуен жолы осы өткелмен өтеді. Ендеше Бетпақтан шығатын қыл көпірдей жолдың Шудан өтетін тұсы сауданы жүргізуге мүдделі, қандай да болмасын мемлекеттің қарауыл жасағының бақылауында болуы заңды емес пе?!

Ресей билігі Сарыарқа жерін отарлау барысында 1830 жылдары алғашқы округтерінің бірінің орталығын біз әңгіме етіп отырған Тайтөбеден ашпақ болды. 1822 жылы қабылданған «Жаңа Низам» заңы қазіргі күні ғылыми-көпшілік әдебиетте «Устав» деп аталады (Устав о Сибирских казахах, Устав об Орен­бургских казахах). Біздің ата­ларымыз қазақ өмірін түбе­гейлі өзгерістерге бастаған осы құжатты «Жаңа Низам» деп атап еді. Осы империялық заңның шешімімен 1824 жылы ертеде хан ордалары тұрған Көкшетау мен Қарқаралыда округтер ашылды. 1830 жылдары кезек Есіл мен Нұра бойына да келді. Осы жерде 1832 жылы тамыздын 22-де Ақмола дуанының (дуан – арабтың «диуан» сөзінен, яғни кеңес ететін, билік жасайтын орын, бұл жерде округ орталығы деген мағынада) ашылуына байланысты мерекелік іс-шаралар өткізілді. Маңайдан Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бастап келген Тоқа, Тінәлі, Қаракесек, Төртуыл, Ораз Темеш, Бөрші, Айтқожа, Тама, Алтын Жағалбайлы, Алтай, Тарақты, Қарпық болыстары сый-сияпаттарын алып, бәйгені қызықтап, елдеріне қайтты. Бұл оқиғалар туралы біздің қолымызда архив құжаттары бар.

Сонымен Ақмола дуанының ең алдымен Тайтөбеде ашылғаны, сол себептен оның Ақмола атанғаны көп қауымға белгілі болды деп есептейміз. Ал дуан орталығы қазіргі орнына, яғни Қараөткелге не себептен көші­рілді, ол жағы көпшілікке белгісіз болар. Бұл мәселенің басын ашып алған дұрыс болар еді. Шежіреші қариялардың ішінде осы мәселені Баянаула азаматтары ағайынды Сейтен, Тайжан аттарымен байланыстыратындары бар. Саққұлақ шежіресіне құлақ түрелік: «Ақмола қорғанын салуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол – қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым жерде. Осы жерден қаланың орынын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен, Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес. Есіл өзенінің бойындағы Жалғызағаш деген жер еді. Тайжан қаршыға салып жүріп осында келеді. Жөнін білген соң Бегалыға қарсылық білдіреді. Жерін қызғанып: «Кетіңдер, қала салғызбаймын» дейді. Бегалы ызаланып, күш көрсетіп, ұруға айналған соң, Тайжан жылысып, кетіп қалады.

akmol

ҚОРҒАН БАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫН
Сейтен, Тайжанның осы дүр­белеңге байланысты жиналған жасақ жігіттері болады. Әлгі ерегестен бір күн өткен соң, осы жасақты алып, Тайжан қала салын­­ғалы жатқан жерге келеді. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, көлікке әкелген бір жүздей жылқысы бар екен, оны тағы айдап кетеді. «Бұл өлтірген қаршығамның құны» деп, бақташыға айтып жібереді. (Тайжан жалғыз келген күні төре­лер қаршығасын өлтірген болатын). Бұл оқиғадан көп ұзамай, қаланы екінші орыннан салуға ұйғарып, Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Енді оған алдымен Сейтен, Тайжаннан кек алу керек. Сонымен оларға ерген ауылдарды жазалау үшін Бегалыны басшы қылып, қырық қазақ-орыс жібереді. Міне, Қаржастың Кенесары көтерілісіне қосылуына осы себеп болады».

Саққұлақ шежіресінде Ақмола қорғанын орыстар 1830 жылы Қараөткелден сала бастады дейді, ал деректерге қарағада бұл 1832-ден кейін, 1838-ге дейін болған оқиға. Алғашқы бетте дуан орталығын қай жерден саламыз дегенде орыстар Қараөткелге де қызыққан, бірақ Қоңырқұлжа сұлтанның ұсынысымен бекіністің іргесін Ақмолада көтермек болған. Оның жазды күні көшіп жүретін жайлауы – Сарыоба, Жаман Шұбар, т.б. Ақмолаға таяу жерлер. Екінші себебі Қоңырқұлжа Қараөткелден өтетін керуендерден түсетін салықты орысқа бергісі де келмеген болуы керек. Шежіре деректерінің ішінде Кенесары хан күлдір-мамай мыл­тығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшысын атып өлтірді деген бір әңгіме бар, мүмкін бұл жерде дуанның әлі де Қараөткелге көшпей тұрған кезі айтылған болар. Нұраның биік оң жағасында Ақмола дуа­нына арнап салынған алғашқы құрылыстардың (жаппа үйлер мен бекініс қоршауы) орны әлі де сақталған, оларды жақсылап зерттесе, бір дерек шығуы кәдік.

Қалай болғанда да Тайтөбе – Есіл мен Нұра аралығындағы елдің қадым заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі.

ҚАРАӨТКЕЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БАСТАЛДЫ?
Сонымен тақырыпқа қайта келсек, Тайтөбе маңына қорған сала бастаған алғашқы құрылыс­шыларды күшпен қуғаннан кейін, орыстар, амал жоқ, дуан орта­лығына Қараөткелді таңдады. Бірақ бұл бекініс атауы қағаздарда Ақмола болып жазылып кеткеннен кейін ресми – Ақмола, биресми Қараөткел болып қалды. Мен дуаннан шыққан алғашқы бұйрық қағаздардың ішінен Қараөткел деген жазуды да, Ақмоланы да қатар кездестірдім.

Сонымен қазақ Қоңырқұл­жа­ның өзін, оның баласы Бегалыны Тайтөбеден қуған соң, дуан орталығы 1833 жылы Қараөт­кел­ге келді деп айтуға болады. Құ­ры­лысшылармен бірге Қараөт­кел­ге Ақмола атауы да еріп келді.

Қараөткел құрылысы осылай жайбарақат жүріп жатқанда, 1838 жылдың мамыр айының соңына қарай Кенесары шабуы­лына ұшырады. Қазақтардың бекініске тісін қайрайтын да жөні бар еді. Біріншіден, Ақмола округі ашылып, бекініс салына бастаған уақыттан қазақтың көші-қонынан береке кетті. Есілден өтетін бір емес, үш өткел (Қараөткел, Күй­ген­жар, Тасөткел), олардың маңындағы шұрайлы жайылым қазақтың қолынан шығып кетті. Ақмола бекінісіне жинақталған әскер мылтықтары шошайып, маңайына жолап кеткен көшпелі малшыларды үркітіп, қорғанға жақындаған малды қамап алып отырды. Екіншіден, Ақмола әскери отряды Қарқаралы казак-орыс жасағының резерві қызметін атқарып, қазақтың бас көтеруі, қарсылығы болса, қоса шапты. Ал жүген-құрыққа үйренбеген қазақ тарапынан Ресейдің отарлау әрекеттеріне (пикет жүйесін салу, почта байланысын орнату, елдің малының санағын алу, алым-салық талап ету, т.б.) қарсылық ХІХ ғасырдың жартысына дейін көп болды.

Кенесары Қараөткелді 1838 жылдың мамыр айының 25-26-да шапты. Ол кезде бекіністе 15 отбасы ғана тұрақты мекен ететін, негізгі бөлігі солдаттар еді. Қазы­налық бірнеше құрылыстан басқа, 10 шақты ғана тұрғын үй болды. Жалпы, бекініс халқының 40-ы әйел, 324-і еркек делінеді мәліметтерде. Оның ішінде 3 офицер, 10 урядник, 117 казак-орыс бар. Бекініс әуел бастан Есілге арқасын тіреп салынған еді, ол жағынан биік жар, Шұбардың өзегі, одан әрі Есілдің негізгі арнасы қала тұрғындарына жақсы пана болды. Осы себептерге байланысты Кенесары жасақтары қаланы терістік жағынан қоршай шауып, Есіл жағасына орналасқан казармаға дейін тықсырып алып келді. Казармаға бірнеше рет шабуыл жасағанымен, қалың әскер оқпен жасқап, көтерілісшілерді жолатқан жоқ. Оның есесіне қазақтар бекіністің ағаш құры­лыстарын өртеп жіберді. Тек қана Қараөткелдің өз басы ғана емес, онымен қатарлас жатқан пикеттер мен қала тұрғындарының жаға­лауда пішен сақтайтын, балық аулауға орнатқан құрылыстары да жанып кетті.

astana14

БЕКІНІСТЕН ЕЛОРДАҒА АЙНАЛДЫ
Кенесары шабуылынан кейін Ақмола бекінісінің қорғанысын күшейту тығыз қолға алынып, бұрынғы бекініс іргесін жағалай қазылған орлар тереңдетіліп, оның жанына топырақтан қорған соғылды. 1850 жылдары бекініс қақпа­ларының алдында қосымша мұнаралар, ордың әр тұсынан сырттан шабуыл болса, көтерілетін ағаш көпір салынып бекітілді. Қорғанның қабырғаларын шыммен бекітіп, биіктете түсті. Осы кезеңде бекіністе қазыналық 26 шымнан соққан үй, 16 ағаш үй, 17 талдан, қамыстан өрген үй болса, тұрғындардың өзінің салған 292 ағаш үйі, 25 жер үйі, 8 қамыстан өрген үй болды.

1840 жылдары Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әкімшілігі Ақмоланың халқын өз жақтастары есебінен көбейту мақсатында 2-ші Сібір линиялық батальоны солдаттарын осында жіберді. Солдат отбасылары бекіністен батысқа қарай қо­ныс­танып, кейін ол қоныс «Сол­датская слободка» атанып кет­ті. Казачья слободка қазіргі «Самал» мөлтекауданы жақ, кейін келе қаланың өз ішіне қосылды. 1846 жылы «Сібір казак-орыс әскері туралы» жаңа ереже­нің қабылдануына байланысты отар­шылдық әкімшілік казак-орыс отбасыларын күштеп қоныс аударуға мүмкіндік алды. Осы­лайша Горькая линия­дан (Сол­түстік Қазақстан өңірін­­дегі тұзды көлдер) казак-орыстың 100-ден аса отбасысы Ақмолаға келді. Бекініс ішіндегі жер шамалы бол­ғандықтан, жаңа қоныс­танушылар бекіністің маңынан, Есілді бойлай орын алды. 1847 жылы біз деректерден «Солдат слободкасымен» қатар, «Казачья станица» дегенді көретініміз осы себепті.

Ақмола бекінісінде «Солдат слободкасымен» бірге іргесі көтеріле бастаған слободканың бірі – «Татар слободкасы». Оның бастауында 1838 жылы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының бастамасымен бекіністің қас бетіне жақын, қазіргі Иманов көшесіне қарай салынған екі қа­батты мешіт үйі тұр. Иманов көшесі патша заманында Мешіт көшесі аталатын себебі – осы алғашқы мешіттің салынуна байланысты. Осы көшеден шығысқа және солтүстікке қарай салынған қазақ және татар үйлерінің негі­зінде кейін қала пайда болды. Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны дін ісін жүргізуге арнайы Бурабай деген молда шақырады. Бұл кезеңде қазақтың бүкіл далалық өңірінде аға сұлтандардың бастамасымен мешіт құрылыстарының жүре бастағаны белгілі. Ең алдымен Бөкей хандығында Жәңгір хан өзінің Жасқұстағы ордасында мешіт ашып, бала оқытып, дін жүйесін жасаса, кейін осы бас­тама қазақ даласының өзге де орта­лықтарынан жалғасын тапты. Соның алғашқыларының бірі 1738 жылы Ақмола қорғанының сыртынан көтерілген мешіт болатын.

1855 жылы Қараөткелде ағаш­тан қиып православиелік шіркеу салынып, 1856 жылдан бастап тұрақты түрде жұмыс істеді. 1900 жылы бұл «әулие Константин мен Елена» атындағы шіркеуді «Казачья станицаға» көшірді.

ҚАЛА МӘРТЕБЕСІ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?
Қазақстанды әскери отарлау кезеңінің аяқталуына байланыс­ты 1860 жылдары бұрынғы бекіністерге қала статусын беру жүргізілгені белгілі. Қараөткелдің қала атануы Түркістан-Тәшкент аймағының Ресейге бағынуынан бұрынырақ болды. 1861 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Санкт-Петербургке «Батыс Сібір аймағы бойынша тамаша сауда орыны болуға мүмкінідігі мол» Ақмола қонысына қала атағын беру туралы өтінішпен шықты. 1862 жылдың 7 мамырында Ішкі істер министрлігі Сібір комитетіне Ақмоланы қала атауға болатыны туралы ұсыныс жасап, Сенат осы жылдың 23 қазанында жарлығын шығарды. Ресми түрде Ақмоланың округтік қала мәртебесін алғаны туралы жұртшылықты таныстыру 1863 жылдың 16 маусымында болды. Осы мәселеге байланысты Омбыдан Сібір қазақтары облысының басшысы Г.С.Фридерикс бастаған делегация Қараөткелге келіп, бекіністің ішінде зеңбірек атылып, дұға бағышталып, мерекелік шаралар өтті.

Қараөткелдің қала мәртебесін алуы сауда-саттық ісіне қолайлы жағдай туғызды. Алғашқы кезеңде бекіністі қайта құру, кеңейту туралы әңгімелер болғанымен, қаланың азаматтық функциялары жеңіп кете берді. Осы кезеңде қала халқының мұсылман бөлігі қоныстанған «Татар слободкасы» мен бекініс қорғанының арасында сауда орындары қау­лап көтерілді. Қазіргі Кенесары көшесі аталатын көше осы кезеңде Үлкен Базар көшесі атала бастағаны – жоғарыда айтылған әңгімеге дәлел. Үлкен Базар, Кіші Базар көшелерін жағалай салған сауда лапкелерінің саны сексен­нен асып кетті. Осы жерде Қараөткел бекінісін қазір қай көшелердің арасынан іздеу керек деген сұрақ туындайды. Үлкен Базар көшесі қазір Кенесары аталатынын жоғарыда айттық, бұл – бекіністің қас беті. Бекіністің екі қапталы – қазіргі Желтоқсан және Сарыарқа көшелері.

1864 жылғы санақ бойынша Қараөткелде 4777 адам өмір сүр­се, соның басым көпшілігі «Ка­зачья станица» мен «Татарская слободкада» мекендейтін. Бекі­ністің өз ішінде 36 мекеме үйі, 39 жекеменшік үй болды. Станицада 119 үй, 4 қазыналық мекеме үйі болды. «Татар слободкасында» 105 үй. Қаланың өзі осы кезеңде 25 шаршы шақырым аймақты алып жатқанымен, оның шаруа­шылық мүдделері қала аймағынан ондаған шақырым сыртқа шығып кетті. Ақмола орыс-казактары Есілдің сол жағын пішенге, бау-бақшаға пайдаланды, Жаман-Шұбар сияқты нулы, ағашты жерлер де солардың меншігіне көшті.

1876 жылы Ақмола бекінісі ресми түрде жабылды, бұдан әрі Ақмоланың азаматтық қала есебінде тіршілігі толыққанды жүрді. 40 жылдан астам Есіл бойынан бастап қазақтың Сыр бойындағы қоныстарына дейінгі аймақты Ресей қарамағына алу саясатын жүргізудің орталық­тарының бірі, жуан жұдырық қызметін атқарып келген бекініс бейбіт қалаға айналды. Ресейдің ендігі Орта Азиялық саясатын экономикалық күш-қуаты, сауда қарым-қатынастары шешетіні де ХІХ ғасырдың екінші жартысында белгілі бола бастады.

Түптің түбінде байырғы Тай­төбе, ежелгі Қараөткел, кешегі Ақмола бүгінде егемен еліміздің бас қаласы – Астанаға айналды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-нің профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button