Ел тынысы

Тасқынды болжайтын құралдар таныстырылды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдау және су тасқыны жағдайын болжауға арналған цифрлық құралдармен танысты. Атап айтқанда, әзірленген жүйелер әрбір өндірістік кәсіп­орынның жұмысын қадағалауға, мемлекеттік органдар тарапынан олардың мүддесіне нұқсан келтіру фактілерін онлайн режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Мақсат – ел нарығындағы импорт үлесін төмендету үшін отандық өнімнің дамуына қосымша серпін беру.

Қазақстанның бірқатар өңіріндегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, су тасқынын модельдеу және су қоймаларының деңгейін болжау жүйесінің прототипі қаралды. Тәжірибелік үлгіні әзірлеу аясында дренажды модельдеу және есептеу алгоритмдері жасалды, бірнеше өзен учаскелерінде пилоттық сынақтар жүргізілді. Цифрлық құрал реттелетін және реттелмейтін дренажды есептеуге, сондай-ақ берілген су деңгейіндегі су тасқыны аймағын картада көрсетуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ұсынылған цифрлық шешімдерді сараптамалық талқылау қорытындысына сәйкес жобаларды мақұлдап, пилоттық режимде енгізу шараларын бастауды тапсырды. Премьер-министр су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге өтінімдер қабылдау қызметін қысқа мерзімде іске қосуды, сондай-ақ қолда бар бейнебақылау камералары арқылы онлайн режимде су тас­қынына қарсы іс-шаралардың орындалуын есепке алу және бақылау жүргізуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды IT-елге айналдыру үшін стратегиялық маңызды міндет қойды. Дұрыс басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін сапалы жедел ақпаратқа қол жеткізіп, жаңа технологияларды қолдану керек. Ұсынылып отырған тәсілдерді экономиканың басқа салалары бойынша кеңейту қажет. Барлық құралдар мен мәліметтер қолжетімді. Деректер алмасуды және жүйелерді интеграция­лауды дұрыс жолға қою керек» деп атап өтті Олжас Бектенов. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге деректердің уақытылы жаңартылуын және цифрлық құралдарды өмірдің барлық салаларына жедел енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button