Қала мен Сала

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП ТЕМІРЖОЛДАН КЕТКЕНІ МЕ?

Фото0133

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауында кең байтақ Қазақстанымызда жолаушылар көлігін дамытуға зор көңіл бөлінген. Әуе қатынасы, су көліктері, темір жол транспорты қарқынды дамып келеді. Оны еліміздің әрбір тұрғыны сезінеді.

Осы үлкен істердің көлеңкесінде кейбір ұсақ-түйек кемістіктер байқалып қалады. Әрбір жолаушы жолда ыңғайсыздықтардың болмауын қалайды. Таяуда поезбен жол жүріп келуге тура келді. Луговая стансасының алдында саяси қайраткеріміз, қырық төрт жасында халқымыздың келешегі үшін күресіп жүріп, сталиндік зұлматтың құрбаны болған Тұрар Рысқұловтың ескерткіші жолаушыларды көңілсіз қарсы алып тұрғандай болып көрінеді. Жер сілкінісінен кейін жаңа вокзал салыныпты. Станса арқылы жүк пойыздарын есептемегенде, елуге тарта жолаушылар пойызы өтеді. Осы үлкен стансадан мынадай келеңсіздіктерді байқадым. Вокзалда жолаушылар жүгін сақтайтын орын жоқ. Әжетхананы жеке меншікке беріп жіберген, көбіне құлыптаулы тұрады. Кілті кімде екенін табу қиын. Жолаушылар отыратын залдың ішінде қоқыс салатын бірде-бір жәшік жоқ. Вокзалдың аумағы үлкен, жолаушылардың уақытын өткізетін орындар жоқ. Автобустар вокзал басына келмейді.

Жалпы, кейінгі уақыттарда байқаймын, вагондардың рельстен шығып кетіп аударылып жатқандары және басқа да жол апаттары жиілеп бара жатқан сияқты. Біз барған пойыз да, қайтқан пойызымыз да осы стансаға кешігіп келді. Кеңес дәуірі кезінде, ертеректе темір жол қызметкерлерінде әскери дәрежедегідей қатаң тәртіп болатын. Әрбір кемшілік төтенше жағдай ретінде қаралатын. «Осының бәрі тәртіптің төмендегені, жауапсыздықтың артқанынан болып жатыр ма?» деген ой келеді. Әлі де билетсіз жолаушыларды алу тиылған жоқ сияқты. Біз мінген пойыздарда жолсеріктің купесінде бөтен 2-3 адам жүрді. Бұл да жемқорлықтың бір көрінісі емес пе? Оңтүстікке жақындаған сайын әртүрлі тауар, көди-сөди сатушылар ерсілі- қарсылы жүріп, жолаушылардың мазасын алады.

Жолаушы діттеген жерге шаршамай жетіп, жолсерікпен жақсы көңіл-күймен қоштасып жатса, қандай тамаша. Бірақ, бізде бәрі баяғы, Байғожаның таяғы.

Еркін Дәуешұлы, зейнеткер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button