Басты ақпаратРуханият

Терминологияның түйткілдері талқыланды

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, аудармашы, терминтанушы ғалым Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораштың айтуынша, осы салаға қатысты «Termincom.rz» сайты жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, қазіргі таңда электрондық алаңның жобасы дайындалып жатыр. Бұл тұңғыш рет жасалынған алаңда сұрақ-жауап форматында онлайн және офлайн конференциялар өтетін болады. Мұнда бұл саладағы озық мемлекеттердің үлгілері қолданылады. «Қазір қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру барысында терминжасамның қағидаттары нақтылануы тиіс. Алдымызда тиісті емле, ережелерді бекіткеннен кейін терминдерді жаңа әліпбиге сәйкес­тендеру, соған бейімдеу мәселелері тұр» деді Қ.Бораш.
Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы қазақ терминологиясының тарихын тарқатты. Оның басы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінде жатқанын айтқан ол алаштықтар терминдерді жасап қана қоймай, олардың қолданысқа енуіне үлкен ықпалын тигізгенін жеткізді.
«Алаш зиялыларының еңбегінен кейін ұлттық термин жасауды жолға қойдық деп айтуға болар еді. Алайда Кеңес Одағы құрамына кіргеннен кейін бізге жаңа тіл саясаты келіп, жаңа принциптер қойылды. Осыдан бастап терминология ұлттық негізде емес, орыс тілінің үлгісінде жасалды. Соның салдарынан өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан Алаш зиялылары ұлттық терминологияға салған соқпақ мүлдем тоқтады. Елуінші-алпысыншы жылдары терминжасамның мәселесі қайта көтерілді. Мұны Алаш қайраткерлерінің соңғы жұрнағы Мұхтар Әуезов көтерді. Сол кезде Ісләм Жарылғапов, Әбен Сатыбалдиев, Мұзафар Әлімбаев, Балғабек Қыдыр­бекұлы, Рахманқұл Бердібай сияқты саусақпен санарлық адамдар Кеңес Одағы белгілеп берген терминология­ны қолға алды. Ісләм Жарылғапов – біздің ұғымымызда шебер аудармашы. Ол 60-қа жуық шығарманы аударды. Оның аударған «Көсемнің асыл бейнесі» кітабын ашып, оқығанымызда бүгінгі терминологияның принциптері, сөз қолданысы, тіл мәдениеті жағынан тамаша еңбекті таптық» деді Ш.Құрманбайұлы.
Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері, жазушы Мәди Айымбетов «Заң терминдерін латын графикасымен жазудың кейбір мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Шараға қатысқан өзге адамдар да тақырып бойынша баяндамалар жасап, ойларын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button