Басты ақпарат

«Тынық дон» кейіпкерінің ұрпағы

Киносүйер қауымның көбі кеңестік кезеңнің атақты режиссері Сергей Герасимовтің жазушы Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» трилогиясы бойынша 1958 жылы түсірген осы эпопея аттас фильмін көрген шығар. Ондағы оқиғалар негізінен жазушының туған және тұрған жері – Дондағы Ростов облысының Вёшенская станицасы маңайында өтетіні белгілі. Міне, тап осы елді мекенге жақын жердегі Усть-Медведицкая станицасында (қазір Волгоград облысына қарайтын Серафимович қаласы аталады) бір кездері казак Котляровтардың әулеті де өркен жайған.

Әулеттің үлкені, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің туған атасы Иван Алексеевич романның негізгі желісін құрайтын Мелеховтермен құдандалы қарым-қатынаста болған. Екі дүние алмасып жатқан шаққа дейін Татарск хуторындағы бу диірменінің мәшинесін жүргізген Иван Котляров Азамат соғысы жылдарында большевик Штокманның ықпалымен қызылдар жағына өтіп, Сердоб полкы құрамында шайқасады. Кейін өз орталарынан шыққан сатқындардың әлегімен бүлікшілер қолына берілген 25 коммунистің ішінен табылды.

Естеріңізде болса, жоғарыдағы фильмнің бір эпизодында осы қолға түскендер атылу үшін ашық алаңға айдалып келе жатушы еді ғой. Сол кезде Петр Мелеховтің жесірі Дарья бір жасауылдың қолынан карабинін жұлып алып, соның алдында ғана қызылдар қолынан қаза тапқан күйеуінің өліміне өзі себепші деп есептеген бір тұтқынды атып салатын. Міне, сол оққа ұшқан құрбандық Иван Котляров еді. Осы жағдай өмірде де, кино да орын алған.
Жазушы осы эпизодты былай бастайды: «Дарья қарсы алдында тұр еді. Өшпенділік сезімі алқымына тығылып әрі аяушылық етіп және дәл осы қазір болуға тиісті сұмдық бірдеңені сарыла күтіп, дем ала алмай алқынған Дарья оның бетіне қарап тұрып, Иван Алек­сеевичтің мұны көрген-көрмегенін, таныған-танымағанын еш түсіне алмай-ақ қойды». Осы кезде Иван бір көзін ісік басып кеткендіктен, екінші көзімен қалың топты бір шарлап өткенде, кенет бірнеше қадам жерде тұрған Дарьяны көріп қалады.
Жазушының Мұхамеджан Қаратаев аудармасындағы келесі жолдары былай өріледі: «Дарья жиі де қызу ентігіп, минут сайын қаны қашып, сұрлана түсіп, Иван Алексеевичке тақалып келді де:
– Уа, амансың ба, кум! – деді.
Дарьяның үніндегі сыңғыраған арманды тембр, айрықша әуез мына жиылған топты тым-тырыс тындыра қойды.
Содан тыныш ауада күңгірт, бірақ нық дауыспен айтылған жауап естілді:
– Амансың ба, Дарья кума.
– Айтшы, кәне, айналайын кум, қайтып сен өзіңнің жұрағатыңды… менің ерімді…
Дарья тынысы тарылып, қолымен кеу­десін бүрді. Дем алуына ауа жетпей қалды…
– ..менің ерім Петро Пантелее­вичті сен қайтіп өлтірдің?..»
«–Жоқ, кума, мен өлтірген жоқпын оны!
– Қалайша өлтірмедің? – деп Дарьяның қақсаған даусы көтеріле түсті. – Казактарды өлтірген Мишка Кошевой екеуің емессіңдер ме? Сендер ғой?» Бұдан арғысы тура әлгінде баяндалғандай. Сосын Дария Иван Алексеевичтің арғы жағында тұрған казактардың дүркірей қашқанын көреді… Келіншек кейін шегіне берді де, кенет өзі де күтпеген жерден винтовканың шаппасын қатты тартып кеп қалады…

Сол большевиктің тікелей ұрпақтарының бірі қазақ футболына көп қызмет еткен Владимир Котляров еді. Ол 1930 жылғы 6 қазанда Мәскеуде қауіпсіздік қызметі қызметкері, жоғарыдағы Иван Алексеевичтің бел баласы Алексей Котляровтың отбасында дүниеге келді. Футболмен бала жасынан шұғылданды. 1945 жылы 15 жасында «Красный фрезер» зауытының командасы сапына қабылданды. Бұдан кейін қаланың жасөспірімдер құрамасының капитаны болып белгіленді. Бұдан соң 1947 жылдан Мәскеудің «Торпедосы», Ленинградтың «Спартагы», Петрозаводскінің «Локомотиві» құрамдарында ойнады. Ал 50-ші жылдардың басында арнайы шақырумен Қазақстан жеріне келіп, осында біржола қалып қойды. 1951-1953 жылдары Алматының «Динамо», 1954-1958 жылдары «Қайрат» командаларының капитаны болды.
В.Котляров 1959 жылы жаттықтырушылық қызметке ауысып, Алматының «Спартак», «Динамо», Қарағандының «Шахтер», Семейдің «Цементник» командаларын баптады. 1965 жылы «Қайратқа» екінші жаттықтырушы болып келіп, келесі жылы аға бапкерлікке тағайындалды. Осы жылы жоғары лигаға қайта оралған алматылықтар жас ұстаздың жетекшілігімен чемпионат қорытындысында 12-орынға табан тіреді. Бұл команда бұған дейін қол жеткізе қоймаған биік белес еді.
Владимир Алексеевич бұдан кейін 1967-1968, 1988-1989 жылдары тағы Қарағандының «Шахтері» тізгінін ұстаса, 1980-1981 жылдары «Қайратқа» екінші жаттықтырушы болып оралды, ал 1982-1983, 1986-1987 жылдары Павлодардың «Трактор» командаларын басқарды. Ол әр жылдары Целиноградтың «Динамосына» да жетекшілік етті. Және соның бәрінде аталған командаларды турнирде қиындық көріп жатқан кездерінде қабылдап алып, оларды қысқа мерзім ішінде тығырықтан шығарып жіберіп отырды. Осы ұжымдардың бәрінде кейін есімдері елге танымал болған көптеген футболшы тәрбиелеп шығарды.
Біздің кейіпкердің жаттықтырушы ретіндегі ең алғашқы жемісті кезеңі 1962 жылы Қарағандының «Шахтерін» басқарған кезімен тұспа-тұс келеді. Біріншілікті былтырғыдай «Б» класының одақтас республикалар арасындағы 2-аймағында өткізген «Шахтер» үшін жаңа маусым сәтті бастала қойған жоқ. Сондықтан ұжым бірінші айналымды турнир кестесінің орта шебінде аяқтады. Мұның есесіне екінші айналымда адам танымастай болып өзгеріп, түлеп сала берді. Бұған мына жағдай айрықша қатты әсер еткен сияқты. Маусым ортасында Ашхабадта КСРО Кубогының 1/64 финалдық ойынын өткізер алдында аға жаттықтырушы өз шәкірттеріне үш күн демалуға мұрсат береді. Осы аралықта отбасылары Алматыда қалған футболшылардың үйлеріне баруларына рұқсат етеді. Олар негізгі командамен Ташкентте жолығып, ары қарай Ашхабадқа бірге ұшып кетуге тиіс болады. Осыны біліп қойған Қарағанды облыстық партия комитетіндегілер дереу В.Котляровты орнынан алу жөнінде шешім қабылдайды. Ұжым осылайша Кубок ойынын аға жаттықтырушысыз өткізіп, түрікменнің «Строителінен» 1:4 болып ұтылып қайтады. Осыдан кейін ойыншылар бапкерлерінің орнынан алынып қалуына қарсылық білдіріп, оның қайта оралуына себепші болады. Осыдан кейін команда жаттықтырушы төңірегіне топтаса түседі.

Күзде кеншілер жасағы «А» класының бірінші тобына берілетін жалғыз жолдама үшін Гомельдің «Локомотивімен» сынға түседі. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл плей-­офф ойындары әдеттегідей қарсыластар алаңында кезекпен-кезек өтуге тиіс-тін. Бірақ белорустар қоңыр күзде өздеріндегі ауа райының футбол ойнауға қолайлы болмайтынын алға тартып, матчтарды бейтарап алаңда, бір ғана қалада – оңтүстіктегі Одессада өткізуді ұсынды. 31 қазанда өткен осы матчта қарағандылықтар 18 жасар Виктор Абгольц соққан жалғыз голдың арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші матч 4 қараша күні ойналды. Онда қарсыластардың жандарын салғандарына қарамастан, екі жақ есеп ашылмаған күйі тең тарқасты. Сөйтіп, «Шахтер» бірінші лигаға өтті. Осы оқиғадан кейін Қарағандыда үлкен стадион салынды.
Белгілі бапкер өзінің саналы өмірінде осылайша Қазақстан футболының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Сол еңбегіне қарай республика мамандары арасынан ең бірінші болып «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. Сонымен қатар Владимир Алек­сеевичті Астана қаласының байырғы тұрғыны болды. Ол Целиноградқа бірінші рет 1974 жылы келді. Сол жылғы маусымды жергілікті «Динамо» кезінде «Қайратты» жаттықтырған (1969), бірақ қатырмаған Өзбек КСР-нің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Чен Ир Сонның қол астында бастады. Алайда бұл команданы көктете қоймады. Сосын жеңілістен көз ашпаған клубты құтқарып қалу үшін облыс спортының басшылығы оны жаз ортасында қызметінен босатып, орнына белгілі маман Владимир Котляровты шақырды. Жаңа жаттықтырушы жасақ құрамына көп өзгеріс енгізген жоқ, тек өздері кетіп қалған қақпашылар орнына ғана екі түлек әкелді. Ол қалған ойыншылармен-ақ жақсы команда құрды. Осының арқасында ұжым соңғы орындардан кетіп, маусымды 11-сатымен аяқтады.
Владимир Котляров сол жылдан өмірінің соңына дейін Целиноградтың тұрғыны болды. Ол келесі жылы «Целинник» атанатын жамағатты 1979 жылға дейін баптап, жоғарыға жетелей білді. Кейін басқа қалаларда қызмет еткенде де, отбасы Есіл жағасындағы шаһарда тұрып қала берді. Ұлы Сергей осында мектеп бітіріп, өзінің қарауында жаттықты, «Целиниктің» бір мүшесі атанды. Владимир Алексеевич командаға екінші қайтара 1991-1993 жылдары оралып, белсенді қызметтік жылдарын осы жерде тәмамдады.
Даңқты жаттықтырушы 1998 жылы 6 сәуірде 67 жасында өмірден озды. Дон жағасын мекен еткен ата-бабаның ұрпағы, мәскеулік чекистің ұлы Есіл жағасынан өзінің мәңгілік мекенін тапты.
Жаттықтырушының өмірі мен қызметі жайлы 2007 жылы «Футбольный мяч с острыми углами» деген кітап жарыққа шықты. Оны спорт маманының өзі жазған естеліктері негізінде ұлы Сергей жазды. Бүгінде Сергей Котляров­тың өзі де осы қаланың байырғы тұрғындарының бірі болып саналады. Ол көптен бері «ASI» инвестициялық құрылыс компаниясы» ЖШС-ның директоры болып қызмет етіп, елорданың көркеюіне үлкен үлес қосып келеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button