Құқық

Айыппұлды SMS арқылы төлеу тиімді

Астана қаласының прокуратурасында өткен жиында әкімшілік айыппұлды SMS арқылы төлеудің тиімділігі сөз болды.

Өткен он айдың қорытындысы бо­йынша жол жүру ережесін бұзған 140 мыңнан аса елордалық жүргізушіге хабарлама SMS арқылы жіберілген. Соның нәтижесінде бір аптаның ішінде айыппұл қарыздарын төлеу­шілер саны 50579-дан 91580 адамға дейін өскен. Бұл деге­ніңіз, барлық айыппұл қарызы бар адамдардың 75 пайызы болып табылады. Бұған егер ереже бұзған жүргізуші көрсетілген айып­пұлды жеті күннің ішінде төлесе, оған елу пайыз жеңілдік жасалатыны туралы қолданыстағы заңға енгізілген түзету де себеп болып отыр.
– Бұл халыққа да, полиция қыз­ме­тіне де тиімді. Бұрын толтырылған айыппұл хаттама хабарламалары ереже бұзушыға пошта арқылы жі­беріліп, мекенжайларының ауысып кетуіне немесе пошта қызметінің сапасыздығына байланысты уақытында жетпей жататын. Сараптама көрсетіп отырғандай, өткен бес жылда барлық салынған айыппұлдың тек 50 пайызы ғана төленіп келіпті. Міне, айыппұл төлеудің жаңа тәсілі елордада осы жылдың сәуір айынан бастап енгізіле бастағалы бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсуде, – деді қалалық прокуратураның жауапты қызметкері Досбол Есімсейіт.
Рас, бастапқы кезде толтырылған айыппұл хаттамасына, ол жеті күн ішінде төленсе, елу пайыз жеңілдік болатыны туралы келген SMS хабарламаға күдікпен қарағандар да болды. Осындай күдіктерді сейілту мақсатында Астана қаласының прокуратурасы полиция департаментімен бірлесе отырып, қолға алған оң тәжірибені басқа да мемлекеттік органдарды қатыс­тырып, жетілдіре түсті. Енді жол жүру ережесі бұзылған жағдайда, төлене­тін айыппұл туралы барлық мәліметтер әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай реестріне тіркеледі. Сол арқылы «электронды үкімет» порталының бірыңғай байланыс орталығы құқық бұзушыға төленбеген айыппұл көлемін көрсетіп, SMS хабарлама жібереді. Сөйтіп, уақытыңызды да, ақша­ңыз­ды да үнемдеуге мүмкіндік туып отыр.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button