Басты ақпаратДенсаулық

Медицина саласына серпін берді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауында тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл қойды. Айқындап айтқанда, «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы» деген Елбасы әлеуметтік саланың ішінде денсаулық сақтау саласына да басымдық берді. Мемлекет басшысы біздің алдымызға мынадай міндеттер қойып, ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Жолдаудағы нақты тапсырмаларға сай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіспіз. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократиялық кедергілерді жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қыз­меткерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді қолға алмақ. Бұл істе бірінші кезекте, «Ауруларды басқару бағдарламасын» негізге алатын боламыз. Айта кететін болсақ, 2017 жылдан бастап қаланың 16 емханасында осы бағдарлама енгізілді. Жаңа жоба арқылы клиникалық тәжірибенің озық үлгілерін пайдаланып, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыра түсіп, оның денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыруға қол жеткізу көзделіп отыр.
Бұл ретте, мамандардың біліктігінің маңызы зор. Елордада 3284 дәрігер мен 6501 орта медициналық қызметкерлер тұрғындарға қызмет көрсетеді. Осы жылдың қыркүйегіндегі нақты көрсеткіштерге сәйкес, орташа емхананың учаскелік дәрігері – 152 мың теңге, медбикелер 96 мың теңге мөлшерінде айлық жалақы алады.
Бүгінде астаналықтарға 36 медицина мекемесі, оның ішінде 13 емхана, 2 отбасылық денсаулық орталығы, 11 жеке медициналық ұйымы қызмет етеді.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмеккөрсету ұйымдарының желісін дамыту мемлекеттік-жекеше кәсіпорындарды тарту арқылы тұрғын үйлер алқабында дамыту көзделіп отыр. Бұл ретте халықтың өсімі де ескерілмек. 2023 жылы елордалықтардың саны 1550 000 адамға жететіні болжанып отыр. Егер бір участокте 1500 адам қамтылады деп есептесек,тағы да жаңадан 326 участок ашылуы тиіс.


Жалпы алғанда есепті кезеңде бір тұрғынның амбулаториялық-емдеу орындарына қаралуы 2,69 бірлікті құрайды. Елордада емдеу орындарында пандустар, турникеттер, көзі нашар көретіндерге арналған жолдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлек санитарлық бөлмелер ашылды.
«Астана – smart city» жобасы аясында «ақылды қаланың жарқын үлгісіне айналып келеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үйлерінен шықпай-ақ, смартфондарындағы мобильді қосымшалар арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады, емханаға тіркеліп, өз денсаулығына және басқа да сұрақтарға сұраққа интерактивті кеңес алуға мүмкіндігі бар.
Елорданың даму тарихымен бірге өркендеп, келе жатқан Астана қаласының денсаулық сақтау саласы заманауи озық технологиялар мен әдістерді тез меңгеріп, заман талабына сай әрекет ете алатыны дәлелдеді. Осы орайда Елбасы Жолдауындағы жаңа міндеттер біздің жұмысымызға жаңа серпін береді деп есептейміз.

Жазира ЕМБЕРДИЕВА,
Астана қаласының Қоғамдық
денсаулық сақтау
басқармасы
басшысының орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button