Мәдениет

Ұлы даланың киесі

Мемлекет тарапынан көздің қарашығындай қор­ғау­ға алынған киікті қазақ даласының иесі деп те атайды. Кезінде Батыс Еуропаға дейін тіршілік еткен жануар бүгінде Моңғолия, қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Айта кетерлігі, олардың 90 пайызы қазақ даласын мекендейді.

«Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында өткен «Ұлы дала киесі» атты фотокөрменің басты мақсаты да сол, қазаққа етене жақын киіктерді барынша сақтау және қоршаған ортаны қорғау проблемаларына қоғамның назарын аударту. Кас­пий Құбыр Консорциумы және «National Geographic Qazaqstan» журналы ұйым­дастырған шараға қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиналған көп­шілік киіктер туралы бейнеролик көріп, сәтті түсірілген фотосуреттер жиынтығын тамашалады.

Ресми деректерге сү­йенсек, өткен ғасырдың 50-60-жылдары миллионнан асқан киіктер мүйізіне бола адамдардың қолынан қырылып, жыл өткен са­йын жоғалып барады. Бүгінде олардың саны – 215000. Елімізде осы бір жануарларды қорғау және сақтап қалу ісінде Каспий Құбыр Консорциумының қосқан үлесі зор. Фотокөрменің ашылу салтанатында «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин компания бөкендерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік беретін 30 дана қарғыбау сатып алуға 2016 жылы 21 миллион теңге, ал өткен жылы тек зерттеу жұмыстарына 27 млн теңге бөлінгенін алға тартты. «Бүгінгі көрменің «Ұлы даланың киесі» деп аталуы тегін емес. Біз алдағы уақытта да осы бағ­дарламаны қолдайтын боламыз» дейді ол.
Ешқашан жетім қалған лақтарын далаға таста­майтын, жолшыбай ма­ңырап шыққан құралай­ды кездес­тіре қалса, емі­зіп, өзімен ертіп кететін жануар­дың ерекшелігі туралы Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова да атап өтті.
– Біз үшін бүгінгі көрменің тақырыбы өзекті. Өздерін қорғау туралы айтайын десе бөкендердің тілі жоқ. Олардың жанашыры – тек адамдар. Кейде іссапармен баратын жерімізге тікұшақпен ұшамыз. Сол кезде кең далада жайы­лып жүрген бөкендерді көріп ерекше әсерленемін. Сондай тамаша көрініс! Ендеше осы бір жануарды қорғау, сақтау бәріміздің міндетіміз болмақ, – дейді Бірғаным Әйтімова.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button