Басты ақпаратҚала мен Сала

Төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды

Елорданың Коммуникациялар қызметі орталығында Бизнес субъектілерінің өрт қауіпсіздігі туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт-бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы баспасөз мәслихатын өткізді.

Бизнес субъектілеріндегі өрт қауіпсіздігі туралы

Өрт – тілсіз жау. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтамаса, кез келген кәсіпкер немесе бизнес өкілі опық жеп қалуы әбден мүмкін. «Отпен ойнауға болмайды». Бұл тек балаларға ғана айтылатын сөз емес. Кәсіп бастаған, шаруашылық меңгерген әрбір азамат мұны әрқашан қаперінде ұстағаны жөн.

Еркін Отарғалымұлы бұл мәселені бұған дейін де талай рет көтерді. Әсіресе, сәл нәрсеге бола шамдана қалатын кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігін сақтаудың бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, әдіс-тәсілін жан-жақты көрсетуге тура келген сәттер болды. Орта және шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жариялау – өрт қауіпсіздігін сақтауды бақылауды назардан тыс қалдыру деген сөз емес. Әрине, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету, оны мейлінше болдырмау керек шығар. Алайда кәсіпкерлерге өрт қауіпсізігіне байланыс­ты көрсетілетін әдістемелік көмектерге қандай жағдайда да кедергі келтірілмеуі керек. Қалалық өрт бақылау басқармасы қызметкерлері осы бағытта кәсіпкерлер палатасы, Amanat партиясы мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен бизнес субъектісі нысандарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері  бойынша 20 дөңгелек үстел мәжілісі мен 9 брифинг өткізіпті.

Жыл басында өткізіліп отыр­ған осы кезекті брифингте басқарма басшысы журналистер алдында тұжырымды есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы қалада өрт қауіпсіздігі желісі бойынша 1069 тексеру жүргізіліпті. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 4195 фактісі анықталған. Бұрын ескертілсе де осындай келеңсіздікке жол берген 352 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 188-іне жалпы сомасы 15 млн 782 мың теңге айыппұл салынды. Ал Мемлекеттік өрт бақылау органдарының заң талаптарын орындамаған субъектілерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 47 әкімшілік іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

– Мемлекеттің бизнесті қолдауға байланысты қабылдап отырған кешенді іс-шараларды біз толық қолдаймыз. Дей тұрғанмен, бизнес субъектілерінде үнемі қадағалау мен бақылауды қажет ететін түрлі техникалық себептер бар. Ол біріншіден, электр құралдарының дұрыс пайдаланылуы. Екіншіден, өртке қарсы режимді қатаң сақтау. Үшіншіден, эвакуация, яғни өрт шыға қалған жағдайда сыртқа немесе қауіпсіз  аймаққа адамдардың тез көшірілуі. Міне, осы талаптарды сақтамайтын, оған салдыр-салақ қарайтын басшылар бар. Біз осындай кемшіліктердің алдын алу үшін рейдтер ұйымдастырып, тексеріс жүргіземіз.

Ақауы бар электр құралдары мүлде пайдаланылмауы қажет. Қосалқы есіктер үнемі тексеріліп, оған баратын жол үнемі ашық болуы тиіс. Жұмысшылардың шылым шегетін орындары арнайы жабдықталып, тазалық сақталуы керек. Соңғы бақылау кезінде бизнес нысандарында негізінен анықталғаны – ғимараттар мен құрылыстарды, эвакуациялау жолдарын, электр қуаты желісін, өрт автоматикасы мен өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерін күтіп ұстауда, аумақты тазалауда және өртке қарсы режим кезінде жіберілген ереже бұзулар болды. Осыған байланысты бақылау субъектілеріне 2567 ақпараттық хат табысталды. Мекемелер мен кәсіпорындарда 427 жиын өткізіліп, оған 12856 адам қатысты. Үгіт-насихат бағытындағы 960 дәріс оқылып, түсінік жұмыстары жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша 15082 адамға 1109 нұсқаулық берілді. 99 өрт қауіпсіздігі бұрышы орнатылды, – деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы.

Ережені қатаң сақтаңыз!

Тұрғын үйлер мен пәтерлердегі өрт көбіне сол үйде тұрып жатқан тұрғындардың кінәсінен болып жатады. Қызыл жалын, тілсіз жау өмір бойы жиналған дүние-мүліктерді аяусыз жойып, адамдарға қайғы-қасірет әкеледі.

2022 жылы қалада өрт қауіпсіздігі желісі бойынша 1069 тексеру жүргізіліпті. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 4195 фактісі анықталған

Тексере келгенде, мұндай апаттың негізгі себебі: тұрмыс­тық электр және газ аспаптарының ақауы немесе дұрыс пайдаланбауы, пештердің дұрыс орнатылмауы мен қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, мас күйінде темекі тартып ұйықтап қалу, сондай-ақ электр сымдарын ережеге сай  дұрыс жүргізбегендіктен екені анықталады. Осыған байланысты әр адам мынаны есте сақтағаны жөн:

– Электр және газ құралдарын қосулы күйде қалдырмаңыз, сондай-ақ оған балаларды жақындатпаңыз;

– Уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбаңыз;

– Электр есептегіштердегі электр сақтандырғыштар зауыттан дайындалған болуы тиіс;

– Үлкен көлемдегі электр құралдарын бір уақытта қосып, электр жүйесіне күш түсірмеңіз;

Егер үйіңізде немесе пәтеріңізде электр өткізгіш сымдарына және электр аспаптарына зақым келсе, тез арада электрикті шақырыңыз.

– Газдың кеміп қалуын тексеру үшін ашық отты қолданбаңыз;

– Сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;

– Бөлмені жылытуға бейберекет қолдан жасалған электр-жылытқыш құралдарын қолданбаңыз;

– Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз және оларды қараусыз қалдырмаңыз.

Өрт және жану оқиғасы болған жағдайда тез арада телефон арқылы 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.

Төбеден қар не мұз құламауы үшін

Қыста және көктемде ғимараттардың төбесінде көп мөлшерде қар жиналуы мүмкін, сонымен қатар айтарлықтай мөлшерге жететін мұздықтар пайда болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мұздан жасалған «гирляндалармен» безендірілген шатырлар мен карниздер аса қауіпті. Жыл сайын құлаған мұздан ондаған адамның өмірі қиылады. Бізге мұздықтар шатырларға мықтап қатып тұрғандай көрінгенімен, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Сондықтан ғимараттардың қабырғаларына, балкондардың астына жақын жүрмеуге тырысу керек.

Мұндай жағдайға тап болмас үшін:

  • Төбесінен қар еруі мүмкін ғимараттарға жақындамаңыз және балалардың мұндай жерлерде болуына жол бермеңіз;
  • Балаларға қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертіңіз;
  • Егер қоршау болса, қауіпті орынның алдын алатын аншлагтары (тақтайшалары) болса, қоршаудан өтуге тырыспаңыз, қауіпті жерді басқа жолмен айналып өтіңіз;
  • Шатырдың шетінен қар, мұз (мұздықтар) құлағаннан кейін, қар мен мұз шатырдың қалған бөліктерінен де түсуі мүмкін, сондықтан егер жаяу жүргіншілер жолында бұрын жауған қардың ізі немесе мұз сынықтары көрінсе, онда бұл жердің қауіптілігін көрсетеді;
  • Егер сіз жаяу жүргіншілер жолымен жүру кезінде жоғарыдан күдікті шу естіген болсаңыз, тез қашыңыз. Бұл қардың түсуі немесе мұз болуы мүмкін. Өтіп кету мүмкін болмаған жағдайда, қабырғаға мүмкіндігінше тез жақындап тұру керек, шатырдың визоры сізге қорғау болады;
  • Егер адамға ғимараттың төбесінен мұз немесе қар құлап кетсе, жедел жәрдем шақыру керек.

Қар басу, боран, көктайғақ кезіндегі іс-қимыл

Жыл сайын қысқы мерзімде халық тек қана төмен температураның әсер етуінен ғана емес, сондай-ақ қар басу, боран, көктайғақ сияқты табиғат құбылыстарынан зардап шегеді. Қоршаған ортаның қолайсыз жағдайының құрбаны болмас үшін кебір ауа райы факторлары пайда болғанда өз-өзін ұстау ережелерін білу керек.

Қатты боран туралы ескерту алған кезде не істеу керек:

  • Терезелер, есіктер, шатыр­лардың есіктері мен желдеткіш тесіктерді бекітіп жабу қажет;
  • Терезе әйнектерін қағаз лентамен жабыстырып, қалқандармен жауып қою керек;
  • Электр қуатын сөндіру мүмкіндігіне дайындалу;
  • Су, тамақ, медикаменттер, жеке жарық беретін құралдар (шамдар, керосин шамдары/жанғыштар, балауыз шамдар);
  • Сапарға арналған плитка, батарейкалы радиоқабылдағыш дайындау;
  • Балкондар мен терезе астынан ауа ағынымен ұшып кететін заттарды алып тастау;
  • Теледидар мен радиоқабылдағыштарды әрдайым қосылған күйінде ұстау керек, өйткені аса маңызды ақпараттық хабарлама түсуі мүмкін;
  • Жеңіл құрылыстардан бекім ғимараттарға өтіңіз;
  • Қарды жинау үшін құралдар дайындап қойыңыздар.

Қатты боран кезінде өз-өзін ұстау ережелері:

  • Үйден тек қана аса маңызды жағдайда шығу керек, егер осындай жағдайлар болса, онда отбасы мүшелеріне, көршілерге, қайда кеткеніңіз бен шамамен оралатын уақытыңызды айтыңыз;
  • Үйден жалғыз кетуге рұқсат етілмейді;
  • Автокөлікпен алыс жолға шықпаңыз;
  • Көлік құралы сынып қалған кезде дабыл беріп, капотты ашып, антеннаға жарқын мата іліп, көмекті көліктің ішінде күту керек;

Автокөліктен шыққан кезде көру аумағында қалу керек;

  • Жолдан жаяу жүріп адасып қалсаңыз, кез келген үйге кіріп, оның тұрған жерін анықтап, сонда боранның аяқталуын күтіңіз;
  • Егер шаршап қалсаңыз, баспана тауып сонда қорғанып демалыңыз;
  • Егер қатты бораннан кейін қар астында қалсаңыз, бірінші, өз бетіңізше шығу мүмкіндігінің бар-жоғын анықтаңыз (қолда бар құралдарды қолдана отырып). Егер сіз қардың астынан өз күшімен шыға алмасаңыз, құтқару бөлімшелерімен байланыс орнатуға тырысыңыз. Жылуды сақтап, азық-түлік қорын үнемді пайдалануға тырысыңыз.

Су тасқынына қалай дайындалу керек?

– Егер сіздің ауданыңыз жиі су тасқынынан зардап шегетін болса, су тасқынының ықтимал шекараларын, сондай-ақ тұрғылықты жерлерге жақын орналасқан биік, сирек су басатын жерлерді, оларға барудың ең қысқа жолдарын зерттеп, есте сақтаңыз.

– Отбасы мүшелерін ұйым­дасқан және жеке эвакуациялау кезіндегі, сондай-ақ кенеттен және қарқынды дамып келе жатқан су тасқыны кезіндегі мінез-құлық ережелерімен таныстырыңыз.

– Эвакуация кезінде қажет болатын қайықтарды, салдарды және құрылыс материалдары орналасқан орынды есте сақтаңыз.

– Эвакуация кезінде шығарылатын құжаттардың, мүліктердің және дәрі-дәрмектердің тізімін алдын ала жасаңыз.

– Арнайы чемоданға немесе рюкзакқа құндылықтарды, қажетті жылы заттарды, азық-түлік, су мен дәрі-дәрмектерді салыңыз.

– Үй жануарларын қауіпсіз жерге ауыстыруға дайындауды қарастырыңыз.

Су тасқыны қаупі туралы және эвакуация туралы дереу хабарлау сигналы бойынша белгіленген тәртіппен апатты су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтан белгіленген қауіпсіз ауданға немесе жергілікті жердің биік учаскелеріне шығыңыз, өзіңізбен бірге құжаттарды, құндылықтарды, қажетті заттарды және бүлінбейтін азық-түліктің екі тәуліктік қорын алып кетіңіз. Жақын эвакуация пунктінде тіркеліңіз.

– Үйден шықпас бұрын электр қуаты мен газды өшіріңіз, жылыту пештеріндегі отты сөндіріңіз, ғимараттардың сыртындағы барлық қалқымалы заттарды бекітіңіз немесе оларды қосалқы бөлмелерге қойыңыз. Уақыт болса, құнды үй заттарын жоғарғы қабаттарға немесе тұрғын үйдің шатырына жылжытыңыз. Терезелер мен есіктерді жабыңыз, қажет болса және уақыт болса, терезелер мен бірінші қабаттардың есіктерін тақталармен (қалқандармен) сыртынан бекітіңіз.

– Ұйымдастырылған көмек келіп жеткенше ғимараттардың жоғарғы қабаттары мен шатырларында, ағаштарда немесе басқа да биік заттардың үстіне шығып күтіңіз. Бұл жағдайда үнемі апат сигналын беріңіз: күндіз биікке көрінетін матаны ілу немесе сермеу арқылы, ал қараңғы уақытта жарық сигналымен және мезгіл-мезгіл дауыстап көмек шақырыңыз. Құтқарушылар келгенде дүрбелеңсіз және әбігерсіз, сақтық шараларын сақтай отырып, жүзу құралына ауысыңыз. Құтқарушылардың талаптарын қатаң сақтаңыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button