Басты ақпаратМәселе

Суицидтің астарында не жатыр?

Қоғамдағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі – суицид адамның өзіне-өзі қол жұмсауының азаймай отырғандығы. Мұны Абай мен Шәкәрім заманында ешкім түсінбес еді, бірақ қазір бұл мәселе қоғамның басты дертіне айналды. Кибербуллинг құрбандары да Қазақстанда күннен-күнге көбейіп бара жатқанын ілгеріде газетімізде жаздық.

Суицидтің біздің елде көбеюінің қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық жан-жақты себептері бар. Әсіресе, суицидтің балаларға қарай ауыз салуы – ең қорқынышты көрініс, соның ішінде мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылуы «жалғыздық» деген рухани дерттің бірден-бір емі «өлу» деп шешетін сана ауытқуы деп қорытындылаған.

Астана қаласы полиция департаментіне «Астана ақшамы» газеті редакциясы атынан арнайы хат жіберген едік, «Елорда бойынша 2022 және  2023 жылдары суицид оқиғаларының қаншасы тіркелді? Себептері бар ма? (мысалы, комп. ойындарынан ұтылу, несиеге кіру, ата-анамен жанжал, т.б. қандай себептері бар, суицид әрекетіне барған адамдармен департаменттің психолог мамандары жұмыс істей ме, нәтижелері қандай?» деген сауалдарға департамент бастығы, полиция генерал-майо­ры М.Төлебаевтан мынадай жауап келді: «Астана қаласының полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың қаңтар айында 12 суицид оқиғасы тіркелді. Суицид әрекет жасаудың басты себептерінің бірі – жақындары мен туыстары тарапынан түсінбеушілік, сүйіспеншілік пен қолдаудың болмауы. Сондай-ақ туыстарымен жанжал (ұрыс, сөзге келіспеушілік), дұрыс тәрбие бермеу, технология мен әлеуметтік желілердің әсері, дәрі-дәрмек қолданудың мөлшерін білмегендік (ауырсынуды басатын дәрілерді мөлшерден тыс қолдану)».

Мысалы, мектепте, біртоға момын балаларды бұзық мінезді балалар үнемі басынуы, осындай біртоға балалардың әртүрлі шаралардан шетқақпай қалып қорлануы, сабағының  нашарлау көрсеткіште болуынан әркез төменшік жүруі, өз үйінде де ата-­анасының мейірім назарынан тыс қалуы, сөйте тұра осындай біртоға балалар «еліктегіш», «көргіш», «естігіш» секілді сергек балаларға қарағанда «сезгіш» болуы әлгіндей айналасынан келіп жатқан жайсыз әрекеттерден жандүниесіне түскен ауыртпалықтарды ұзақ көтеруге шамасы жетпей, жас көңілі мына сұрқай өмірден әбден түңіледі екен.

Түңілудің соңы тұйыққа тірелу, алды тас қараңғы ілгері басар жолы қалмаған, арты әлгіндей қатыгез… Міне, мойнына бір жіп салса болды, онсыз да бүкіл болмысы өлім торына келіп өзі түсіп тұр!

«Астана қаласының полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың қаңтар айында 12 суицид оқиғасы тіркелді

Сондықтан, психологтар кәдімгі аурудың диагнозын тапқан дәрігерлер секілді осындай момын, біртоға балаларды танып, оны әлгіндей «рухани жалғыздықтан» шығарудың жолын ашуы тиіс. Оның ең тиімді әдісі – өзін төмен санайтын баланың да ерекше қабілеті бар екенін біліп, сол қабілетін көрсетуге, ашуға көмек беру, қандай бір жетістікке жеткенше көтермелеп отыру, солайша ол баланы өмірге ынталандыру.

Дін не дейді?

Дәстүрлі дін қағидалары бойынша «адамның өзін-өзі өлтіруі ауыр күнә» саналады. Сондықтан,  жалпы мұсылман танымы бар заманда – бұдан бір-екі ғасыр бұрын суицид болмаған, болса да мүлде сирек кездескенін тарихи кітаптардан, әдеби шығармалардан-ақ байқауға болады.

«Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.

«Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады» дейді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі.

Алдын алуға бола ма?

Алайда кез келген індеттің емі болатыны секілді суицидтің де алдын алуға болады дейді қазақстандық суицидолог мамандар.

Былтырғы жылы Астанада өткен пікір алмасуға қатысқандар осындай қорытындыға келді.

Шараны Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Денсаулық сақтау минис­трлігі, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан Медиа Альянсы ұйымдастырды.

Елордалық психикалық денсаулық орталығының психотерапевті, суицидологы Екатерина Миронова қайғылы статистиканы келтірді. Анықталғандай, әлемде өзіне-өзі қол жұмсаулардың күнделікті саны шамамен 2200 жағдайды құрайды, бұл күніне 15 ұшақ апатына тең.

Бұл психикалық процесс емес, ол үшін рухани байланыс, эмоционалды қолдау қажет, сонда адам біреуге керек екенін сезінеді, біреу оның тірі қалғанын қалайды. Ереже бойынша емес, шарт бойынша емес, жай адамгершілік негізінде. Өлімге дайын адам мұндай жанды кездес­тірсе, райынан қайтады. Сіз жанашыр адам болуыңыз керек, бұл – ең бастысы» деп атап өтті суицидолог.

Оның ойынша, адамды кінәлау­ға, моральдық тұрғыда айыптауға болмайды, ісін ұятқа санап, қорқытуға болмайды. Мұның бәрі байланысты үзеді. Оның сезімін жоққа шығарып, оның басына түскен жағдайды сынауға болмайды.

ДДСҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр, ал 10-19 жастағы жасөспірімдер арасында 10-орынға орналасқан. 2021 жылы елімізде өзіне қол жұмсағандардың саны 3922-ні көрсеткен. Өз-өзіне қол салу оқиғаларына зер салсақ, әйелдерге қарағанда ерлер арасындағы өлім-жітім екі есе жоғары. 100 мың адамға шаққанда ерлер арасындағы көрсеткіш 834,83 болса, әйелдерде – 452,07

«Қазіргі қоғамда БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады. Өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлайтын адамдардың көпшілігі бұл әрекетке екіұшты көзқарас танытады. Олар шынымен өлгісі келетініне күмәнмен қарайды. Әлсіз адамды өз-өзіне қол салуға итермелейтін факторлардың бірі БАҚ-та суицид туралы жиі жариялануы болып табылады. Яғни, суицид оқиғаларын кеңінен тарату суицидке бейім адамдарға кері әсер етуі мүмкін» деп атап өтті Қанат Сахария.

Ол сондай-ақ журналистер мен бас редакторларға арналған декларацияның жобасын ұсынды, онда кәсіби қауымдастықты БАҚ-та суицид туралы ақпараттарды егжей-тегжейлі айтпауға шақырды. Яғни, материалда өзіне-өзі қол жұмсаудың орны, әдісі, себептері сияқты мәліметтерді ашпау керектігін айтты. Себебі мұндайда, суицидке бейім адамдар сипатталған істі әрекетке нұсқау ретінде қабылдауы мүмкін. Ол «Вертер эффектісі» деп аталады.

Өз кезегінде ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кларинвал 2008 жылы ДДҰ мүше елдерде психикалық, неврологиялық ауруларға қызмет пен көмек көрсетуді кеңейту үшін «Психикалық денсаулық бойынша айырмашылық» бағдарламасы іске қосылғанын жеткізді. ДДСҰ  Қазақстанда бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуде.

ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің ұлттық психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Николай Негай психикалық денсаулыққа не әсер ететіні туралы айтты.

«Бұл биологиялық компоненттер: генетикалық және биологиялық сипаттамалар, тұлғалық сипаттамалар, физикалық аурулардың болуы немесе даму ерекшеліктері. Психология­лық компоненттер: күйзеліс және дистресс, психологиялық тұрақсыз­дық. Әлеуметтік компоненттер: адамның қоғаммен байланысы және қоғамның оған байланысы. Осы үш құрамдас бөліктің барлығы сәйкес келген кезде ғана суицид орын алады. Яғни, өзіне-өзі қол жұмсау әрбір адам үшін өте ұзақ процесс екенін түсіну керек, бұл бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Ең бастысы, әр кезеңде біз мұның алдын алуымызға болады» деп атап өтті спикер.

«Келешек» психологиялық орталығының және «Замандас 21» қоғамдық қорының психологы Варвара Полякова «Замандас» қорының 10 жылдан бері балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқатын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтып берді. Ол сонымен қатар жасөспірімдерде пайда болатын суицидтік мінез-құлқының себептерін келтірді. Олардың ішінде өлім туралы қалыптаспаған түсінік; қоғамда идеологияның болмауы; өкініштерге әкелетін ерте жыныстық өмір; отбасындағы келіспеушілік; аутодеструктивті мінез-құлық; отбасыішілік, мектепішілік немесе топішілік қарым-қатынасқа наразылық реакциясы; депрессия.

Еліміздегі 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жеткіншек кибербуллингтің құрбанына айналады екен. Ғаламторда отырған баланың жеке басына тиісу, түр-тұлғасын кемсітіп, ар-намысын қорлау, аяққа таптау, одан қалды қарғап-сілеудің салдары одан да қорқынышты. Рас, бұрын-соңды еліміздің заңнамасында «кибербуллинг» термині болған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде адамды балағаттау, психологиялық қысым көрсету, түрлі сөздер арқылы өлімге итермелеу Қылмыстық кодекс негізінде қаралады. Яғни осы кодекстің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша кәмелетке толмаған адамға қатыс­ты жасалған іс-әрекеттер үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофильдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суретін салуға көндіреді. Кейін сол суретті жұртқа жария етемін деп қоқан-лоқы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.

Кім көмектесе алады?

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі тренері, әлеуметтанушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зомбылық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-ана мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған. Қалалық Білім басқармасы мен барша мектеп ұжымы осы бағдарламаны жетілдіріп, бекітуі тиіс. Сөйтіп балаларды бопсалау мен қысымнан қорғап, аман алып қалуға болады.

Бұл тұрғыда шынында да журналистер үшін суицид фактілерін жариялау бойынша оқыту семинарлары керек-ақ. Сондай-ақ адамдардың 111, 112, 150 «Сенім» телефондарына психологиялық көмекке жүгіне алатынын еске саламыз. Барлық мектеп пен колледжде сенім және шұғыл көмек телефоны бар.

Бүгінде қаланың білім беру ұйым­дарында «BalaQorgau» веб-сайтының жобасы бойынша QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар бойынша педагогтар, оқушылар және ата-ана арасында түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Балалар мен олардың ата-анасы сайтқа тақтайшадан QR-кодты сканерлеп, қажетті көмек туралы хабарлап, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мамандардан консультация ала алады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылардың өтініші тәулік бойы қабылданады және қаралады. Әрбір жағдай барлық мән-жай анықталғанға және жағдай толық шешілгенге дейін бақылауда болады.

Эдисон анасының махаббаты

Әлемдегі ең танымал ғалым әрі өнертапқыштың бірі, 3 мыңнан астам патенті бар Томас Эдисонның өмірі өте қызықты, тағылымға толы. АҚШ-тың Огайо штатындағы Милан қалашығында орта таптың отбасында дүниеге келген ол 7 жасында алғаш рет мектепке барды, бірақ ол тек 3 айға созылды. Бір күні мектептен оралған кішкентай Томас анасына мұғалімінен хат әкеліп береді. Анасы хатты ашып оқығанда, көз жасына булығып, сөйлеуге шамасы келмей қалады. Анасының күйзелген түрін көрген баласы, не болғанын түсінбей, анамды ренжітіп қойдым ба, оның жүрегін жаралап алдым ба деп оның жүзіне үрейлене қарайды. Эдисон  анасының жылағаны үшін өзін кінәлі сезінді. Соны байқаған анасы өзін қолға алып, ұлының бетіне күлімсірей қарады. Сол сәтте Эдисонға анасының нұрлы жүзінен күллі әлем жарқырап кеткендей боп сезілді. Нэнси хатты дауыстап оқи бастады. Бойын мақтаныш сезімі кернеген анасының дауысы Томасқа сенімді әрі қуанышты болып естілді. Мұндайды күтпеген кішкентай бүлдіршін сәл іркіліп, анасына таңдана қарады.

«Сіздің ұлыңыз – өте талантты. Бұл мектеп оған қажетті білімді бере алмайды, мұнда ондай дарынды оқыта алатын мұғалім де жоқ. Оны үйден оқытқаныңыз жөн» деп хатты мәнерлеп, бар ықыласымен мақтана оқып, хатты бүктеп, қалтасына салды да, ұлын мейірлене құшағына қысты. Ондаған жылдардан соң, анасы өмірден өткеннен кейін, әлемге танымал өнертапқыш, Американың өзінде 1093, әлемнің өзге елдерінде 3 мыңға жуық патенттің иегері, фонограф, қыздырушы шамдар, батарея, ұзақ жанатын шамдар, электр стансасы сияқты өзге де техникалық жаңалықтарды ашқан Томас Эдисон үйдің шатырынан отбасылық мұрағатты тауып алады. Оның көзіне анасы сақтаған ескі хаттардың бумасы түседі. Хаттарды қолына ұстаған Эдисон байқаусызда оларды еденге шашып алады. Солардың ішінен кезінде өзі мектептен әкеп беріп, анасына оқытқан ескі хатты көзі шалады. Оның ішінде былай деп жазылған еді: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі жетілмеген. Біз оны өзгелермен қосып, мектепте оқыта алмаймыз. Сондықтан оны өзіңіз үйден оқытқаныңыз абзал». Эдисон көз жасын тыя алмай, бірнеше сағат бойы жылайды. Бұл шындық сол кезде ашылса, бәлкім, бала өмірден түңіліп, өзіне қол салар ма еді, кім білсін?! Осылайша Нэнси Элиот өзінің ақыл-есі жетілмеген ұлынан данышпан адамды тәрбиелеп шығарды. Ол баласын интеллектуалды тұрғыда дайындау ғана емес, сонымен бірге ол оған тарихтағы ең маңызды тұлғалардың бірі болуға көмектесетін шексіз қызығушылықты оята алды.

Қайтсек те, суицидтік көңіл-күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Осы тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді. Қазақтың табиғатына жат болғанмен, қауіп-қатері елді шарпыған бұл індеттен қалай да құтылудың жолын іздестіруіміз қажет.

Әзірге суицидтің алдын алу үшін қоғамдық мейірімді ояту, бақуатты жандардың кедейлерге қол ұшын беруі, әлділердің әлсіздерге жанашырлық  жасауы, бір елде өмір сүріп жатқан адамдардың бір-біріне жылылық танытуы, ата-аналардың балаларымен жылы қарым-қатынаста болуы, көбірек сөйлесуі, көпбалалы аналарға жағдай жасау, балалармен басы қатып жүрген мектеп мұғалімдерінің еңбегін бағалау, олардың емін-еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау – бәрі-бәрі кезек күттірмейтін іс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button