Басты ақпаратҚоғам

ТҰРАҒЫ ЖОҚ ТҰРҒЫНДАР МЕКЕНІ

Өмір жолы тақтайдай біркелкі емес. Тіршіліктегі болмашы бір сәтсіздіктің өзі адамдардың тағдырын кілт өзгертіп, сарсаңға салады. Одан жол тауып шығу да оңай емес. Сондай шақтарда кейбір жандар маңайынан еш жылылық көрмей, ащы суға үйір болып, дала кезіп кетеді. Біз оны Астанадағы «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған бейімдеу» орталығының жұмысымен жақынырақ танысқанда байқадық. 

????????????????????????????????????

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУЛІК ТҮСПЕСІН

Бейімдеу орталығының ашыл­ғанына он алты жыл болған. Содан бері айтулы мекеме белгілі тұрағы жоқ жандарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеп, құжат­тарын түгендеп, жұмысқа орналастырып, бірқатар сауапты жұмыстарды атқарып келеді. Биылғы тоғыз айлық көрсеткіш бойынша орталыққа 915 адам түскен. Оның ішінде бас қаладан 383 адам болса, өзге өңірлерден 532 азамат түскен. Солардың қатарында 696 адамның құжаты жоқ екен.
– Біздің орталық 180 төсек-орынға лайықталған. Бүгінде орталықта 160 жуық адам тұрып жатыр. Қыс қаһары сезілгеннен бері келушілердің саны көбейді. Әсіресе, басқа аймақтан келгендер көбірек. Содан кейін түнгі мезгілде барар жері жоқ азаматтар кешкілік осында келіп қонады. Жуынады, демалады, таңертең қайта кетеді. Біздің орталықта жатқан адамдарға үш уақыт тамақ беріледі. Кітапхана жұмыс істейді. Медициналық тексеруден өткіземіз. Құжаттарын анықтаймыз. Жоқ болса, қайта жасауға көмектесеміз. Биылдың өзінде 5 адамға мүгедектік құжатын дайындап бердік.
Тағы 5 кісінің зейнеткерлік құжатын әзірледік. 68 азаматтың жеке бас құжатын қайта қалпына келтірдік. Төрт кісіні жұмысқа орналастырдық. 286 адамды тұрғылықты мекенжайына жібердік, – дейді орталық директоры Мұрат Кәриев.
Сонымен бірге, орталықтың аясында «Ұтқыр әлеуметтік жасақ» жұмыс істейді. Ол елордадағы үш ауданның полиция пункттерімен, коммуналдық мекемелерімен, медициналық орталықтарымен, қалалық көші-қон полициясы басқармасымен, теміржол вокзалы және сапаржаймен тығыз байланыс орнатқан.
«Біздің мақсатымыз – өмірде қиындыққа тап болған адамға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, сенімдері серпілсе дейміз. Осындағы көп кісілер өз құқықтарын білмейді. Сондықтан олармен психологтар, заңгерлер жұмыс істейді. Орталықта адамдар қажетті көмекке байланысты бір айдан бір жылға дейін тұрады. Әсіресе, жеке куәліктері жоқ азаматтардың құжатын рәсімдеу ұзаққа созылады. Мәселен, биыл бізге бір азамат түсті. Өзі – Ауған соғысының ардагері. Біз оның жақындарын іздестірдік. Қаладағы Ауған соғысы жауын­герлерінің бірлестігіне хабарластық. Олар бізге келді. Жаңағы азамат Ауған соғысында ең бір ауыр нүктеде болып, ерен ерлік көрсеткен. Сол кезде оған медаль ұсынылып, ол бірақ тапсырылмаған. Соны қарулас достары әкеліп табыстады. Отбасынан ажырасып, туыстарынан да байланыс үзіп алған. Оған барлық жағдай жасалып, жұмысқа орналастырылды. Қазір жағдайы жақсы. Бізге келген адамдардың отбасыларымен, туыстарымен сөйлесіп, үйлеріне қайтаруға күш саламыз» дейді орталық басшысы.

ТАҒДЫР ЖОЛЫ ТАЙҒАНАҚ

«Біз алдымен адамдардың психологиялық ауытқуларын байқаймыз. Әдістеме бойынша арнайы тест жүргіземіз. Оларға арналған психологиялық сенсорлық бөлме бар. Сонда қабылдаймыз. Оны әйел азаматшалар көбірек жақсы көреді. Бізге түскен кісілер бастапқыда «менің ешқандай туысқаным, отбасым жоқ» деп өтірік айтады. Екі-үш рет психологиялық көмектен кейін өздеріне келіп, бәрін біртіндеп айта бастайды. Әрине, бұл жерден тағдыр жолы тайғанақ түрлі адамдарды кездестіруге болады. Тәртібін түзеп, отбасына оралғандар бар. Кейбір кісілерге осы кезбе жағдайлары ұнайды» дейді психолог маман.

ҚЫСТА ЖҰМЫС ҚАУЫРТ

– Күн суығаннан бері үй-күйі жоқ адамдардың саны көбейіп кетеді, – деп бастады сөзін орталық дәрігері Зибагүл Жұмашева. Расында, мекеменің емдеу бөлімінде кезекке тұрғандардың қатары бір қаралық. Біздің алдымызда ақ халатты жандар түнде қабырғасы шығып, орталықты паналап келген тұрағы жоқ кісіні жедел-жәрдем шақырып, басқа ауруханаға жөнелтіп жатты.
«Суық түскеннен бері орта­лыққа тәулігіне 20-25 адам келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде жұмыс қауырт. Орталықты келіп паналайтындар көп. Олардың тағ­дырлары әртүрлі. Елордаға жұмысқа келіп, еңбекақыларын ала алмай далада қаңғырып қал­ғандар да бар. Сосын олар амал­сыздан осында келеді. Біз алды­мен оларды медициналық тексеруден өткіземіз. Түрлі ауру­ларға байланысты анализ аламыз. Флюорографияға түсіре­міз. Әсіресе, қыс кезінде қолы-аяғы үсігендер көбейеді. Төбелесіп, таяқ жеген, ауыр жа­рақат алғандар да болады. Алайда, күрделі ауруларды емдей алмаймыз. Ондай жағдайда нау­қастарды басқа ауруханаға жібереміз» деді Зибагүл Жұмашева.

НЕМЕРЕСІ АЛҒЫС АЙТТЫ

Біз барған күні бейімдеу орталығына таңғы алты кезінде бір әжей түсіпті. Оны мамандар қабылдап алған. Кейін анықталғандай, ол кісі балалары мен немерелері таңғы ұйқыда жатқанда, далаға шығып кеткен. Ептеп есін жоғалтқан кісі екен. Содан балалары ояна салысымен анасын іздейді. Көшедегі жүргіншілерден сұрастырады. Көрген-білген адам болмайды. Ақыры, олар желілік полицияға хабарласады. Негізінен, оны полиция қызметкерлері көшеден тауып алып, осында таңертең алып келген. «Біз әжемізді жанұшыра іздедік. Туыстардан сұрастырдық. Оларға бармаған. Көршілер де көрмеген. Содан полицияға хабарласып, ол кісілер әжемнің бейімдеу орталығына түскенін хабарлады. Содан осында келіп отырмыз. Әжеме барлық медициналық көмек көрсетіліпті. Орталық мамандарына алғысым шексіз» дейді жоғалып табылған кейуананың немересі.
Қысқасы, жылылық ұялаған орталықтан адамға деген ізгі қасиетті, адал ниетті көріп, көңіліміз көтерілді. Ендеше, бір-бірімізге деген жанашырлықтан жазбайық, ағайын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button