Қоғам

Тұрақтылық пен келісім – басты құндылық

Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлердегі достық үйлерінің қазіргі қызметі жайлы ақпарат берілді. Елбасы Қазақстандағы әзербайжан мен армян диаспораларының Таулы Қарабахтағы әскери іс-әрекеттерді тоқтату жөніндегі бірлескен үндеуін қолдады. Тұңғыш Президент қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан үшін дос мемлекеттер арасында келіссөздерді бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өңірдегі жағдайды тезірек тұрақтандыруға септігін тигізеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның төрағасы тәуелсіз­дік алған күннен бастап халықтың бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім еліміздің басты құндылығы болғанын айтты. Осы орайда биыл 25 жылдығын атап өтіп жатқан ҚХА-ның айрықша рөліне тоқталды.
Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Елбасына этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың және талдау жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады. Әлеуметтік зерттеулердің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан халқының 92,4 пайызы этносаралық ахуалды қолайлы және тұрақты деп бағалаған, ал 89,2 пайызы мемлекеттің елдегі этносаралық келісімді сақтау жөніндегі іс-әрекеттерін қолдап отыр.
Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесті. Кездесуде карантин кезеңінде елде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ жеке құрамды эпидемиядан қорғау жөнінде мәлімет берілді. Нұрсұлтан ­Назарбаевқа ішкі істер органдарының халықпен өзара іс-қимылын жақсарту, олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button