Басты ақпаратРуханият

Ұлттық мүдде күрескері

Қасиетті де қазыналы қарт Қаратаудың соңғы сілемдері жетіп жығылатын тұстағы Ақсүмбе ауылынан кезінде арман қуып аттанған балаң жігіт Сұлтанбек Қожанов өзінің бойына біткен асыл қасиеттері – алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі, қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында халыққа тез танылып, қоғамдық өмірге белсене араласты.

Сұлтанбек Қожановтың көр­некті мем­лекет және қоғам қай­раткері ретінде өмірі мен қызметі туралы көптеген кітаптар жазылып, естеліктер айтылып келеді. Сондықтан да оларды қайталап жатпай-ақ қояйық. Дегенмен де оның аш-жалаңаш халқына қорған болғандығын, қандастарын ашаршылық әбжыланының аузынан арашалап қалғандығын айтпай кетуге болмайды. Заманында Ленинмен, Сталинмен кездесіп, олардың оң бағасына ие болған Сұлтанбектің туған халқына жасаған қамқорлығы шексіз. Кезінде алдынан кесе-көлденең кісі өтіп көрмеген қатал мінезді Сталиннің өзімен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, тіпті әзілдесе білген Сұлтанбектің қаймықпас қайсарлығына, ер мінезіне қайран қалмасқа шара жоқ. Жазушы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты кітабында Сұлтанбектің досы, серігі Дүйсенбай Нысанбаевтың пікірі былай берілген:

«…Сәдуақасовты білмеймін, Қожанов өзге түгілі, Сталиннің өзімен де жұлқыса кетуге тайынбайтын адам. Бір жиналыста Сталин ­С.Қожановқа қалжыңдап: «Қалың қалай, Шыңғысхан?» десе, Қожанов оған: «Мен емес, Шыңғысхан өзің ғой» депті. Ол сондай батыл сөйлейтін адам.
С.Қожанов 1921 жылы Москвада Кеңестердің Бүкілресейлік IX съезінде сөз сөйлейді. Сол кезде ол Лениннің көзіне түсіп, назарына ілігеді. Сөйтіп, көсем оны өзіне шақырады». Жарайсың, қызуқанды қырғыз!» деген Ленинге Сұлтанбек: «Қызуқанды қырғыздар әлі салқын далада жүр, Владимир Ильич. Олар әлі сізге жеткен жоқ. Бірақ келеді, өзіңізбен, сөз жоқ, кездеседі» деп іле жауап қайтарады.

Ал замандасы Нұртас Оңдасынов С.Қожанов туралы: «Ол «халық жауы» болған жоқ, қайта өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды, сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды. Қазақ елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға еді. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат болатын» дейді.
Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы казіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келді. Жастайынан ауылда ескіше хат таныған, оқуға ынталы, елгезек Сұлтанбек Түркістан қаласындағы орыс-түзем мектебін бітіріп, соңынан сондағы қалалық үш жылдық училищені үздік аяқтап, 1913 жылы Ташкенттегі оқытушылар семинариясына түседі. Осы күннен бастап, ол үлгілі оқумен қатар елдің жоғына көңіл бөлетін, халықтың жағдайымен санасатын қамқоршы азамат боп қалыптаса бастайды. Жастар арасында өзінің талантты ұйымдастырушылығымен ерекше көрініп, әртүрлі үйір­мелердің ұйытқысы болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан Түркістан өлкесі халықтарының әбден күйзеліске ұшырауы сол кездегі саналы жастарға ой салып, олар әртүрлі ұйымдарға топтаса бастады. С.Қожанов Ташкентте 1915-1916 жылдары тұңғыш ұйымдастырылған «Кеңес» деген құпия ұйымға белсене қатысып, көзге көрінген басшыларының бірі болып, «Бірлік туы» газетіне редакторлық етті. С.Қожанов елдегі орын алған ашаршылыққа қарсы күреске белсене атсалысып, аштықпен күресетін комиссияның мүшесі ретінде Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Арыс, Қызылқұм, Шиелі, т.б. өңірлерде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашып, көшеде босып жүрген жетім балаларды аштықтан аман сақтап қалу үшін баспана, колония, жетім балалар үйін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді.

С.Қожанов­тың Түркістан өлкелік халық ағарту комиссары болып істеген 1922-24 жылдардағы қызметі елдегі сауатсыздықты жою, мектептерге мұғалімдер дайындау мәселесі болды. Ол Ташкенттегі халық ағарту институтын ашуға атсалысып, оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. С.Қожанов 1921 жылы Кеңестердің бүкілресейлік съезіне делегат болып қатысып, жер-жерлерде мектептерді көбейту, институттар ашу арқылы кадрлар дайындау проблемаларын көтерді. Ол 1920 жылғы қыркүйекте Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президумының мүшелігіне сайланады. Осы өлкенің ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Сол кезде ел арасында кең жайыла бастаған «Соғыс коммунизмі» саясатының белең алуына шек қойғызды. Зорлық-зомбылықпен қара халықтың аузындағы азығын тартып алуына жол бермеу, оның орнына Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың әл-ауқатын жақсарту туралы мәселелерді күн тәртібіне қойды. 2022-1924 жылдары Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары лауазымында жұмыс істеген кезде, ол ауылдың жағдайына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын ұстанды.

С.Қожанов 1920-1924 жылдары Түркістан Республикалық Кеңесі V-VІІІ съездеріне және Түркістан коммунистік партиясының XIII съезіне делегат болып қатысты. Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, соңынан біраз уақыт төрағасы болып қызмет етті. 1924 жылдың соңына дейін Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ орталық атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді. 1925 жылы қарашада БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдас­тырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-31 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931-32 жылы БК(б)П ОК аппаратында, 1932-1933 жылдарда Мәскеуде «Союззаготохлопок» меңгерушісінің орынбасары болып істеді. 1934-1937 жылдары Ташкентте КСРО егіншілік халық комиссариатының Орта Азия республикалары бойынша өкіл қызметін атқарды. С.Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды.

Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шықты. С.Қожанов өзіне қауіпті болса да, көптеген ақыл-ой, көркемсөз алыптарына, әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне барынша көмектесіп отырды. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық торқалы тойын жоғары дәрежеде өткізіп, газетке той иесінің портретін, өзі жазған мақаласын жария­латты. Ол Байтұрсыновты қазақ зиялыларының атасы деп есептеді. «Байшыл», «ұлтшыл» деп, қудаланып жүрген Мағжан Жұмабаевқа қол ұшын беріп, 1923 жылы Қазақстанда тұңғыш жинағының шығуына көмектесті. Жинақтың алғы сөзінде С.Қожанов: «Қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі… өнерге асатын бай, жатық, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады» деп жазды. С.Қожанов қазақ әдебиетінің деңгейін көтеру үшін біз А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Дөнентаевтың, С.Торайғыровтардың шығармаларына көп көңіл бөлуіміз керек деген бағыт ұстады. С.Қожанов 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Сұлтанбек Қожанов – ғұмыры қасіретке толы тұлға. Ол 1938 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылды. С.Қожанов 1958 жылы ақталса да, ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, соңғы кезге дейін өзінің тарихи бағасын ала алмай, ол туралы кең көлемде ашық жазылмай да, айтылмай да келді. Əрине, тəуелсіздік жылдары Алаш арыстарының жəне Алаш идеясының саяси ақталуымен қатар, ұлттық құндылықтарды қоғамдық-саяси қызметінің басты ұстанымына айналдырған С.Қожановтың тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Ə.Тə­кенов, Ә.Сұлтанбеков, Д.Тұрантегі, Б.Қойшыбаев, М.Қойгелдиев, А.Шəріп, Х.Т ұ р с ұ н, Ж.Ə л м а ш­ – ұ л ы ж ə н е өзбек­стандық та­рих­шылар Р.Я.Раджапова, С.Тілеуқұлов, мəс­кеулік про­фессор А.Арапов жəне т.б. тарихшы, əдебиетші ғалымдардың зерттеулерінде қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы ұлтжанды, мемлекетшіл, Алаш рухты азамат ретінде таныла бастады. Əйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен əдеби мұрасын зерттеп, зерделеу өз деңгейінде əлі де жүргізілмей келді. Оның негізгі себебі С.Қожановтың партия мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы болды. Кеңес өкіметі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады.

Алғашқы кезекте коммунистік билікке барынша адал қызмет жасағандар ақталып, олардың тұлғасы советтік тəрбиенің идеалына айналдырылды. Ал пролетарлық интернационализмге ұлттық құндылықтарды, таптық күреске ұлттық бірлікті қарсы қойған Алаш қайраткерлері мен алаштық рухтағы С.Қожанов сияқты партия қайраткерлерін ақтау кейінге шегеріле берді. Бұл кеңестік биліктің ұстанған саясаты еді. С.Қожанов қай жерде жұмыс істесе де бірінші кезекке ұлттық мүддені қойды. Ұлттық мүдде үшін ымырасыз күресті. Өз мүдделерін ойлап, партияның саясатын ғана қолдап отырған кейбір қайраткер əріптестерінен ерекшелігі – қай қызметте болмасын алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сəт те қол үзген емес. 1924-1925 жылдары С.Қожановтың Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған кезеңі, оның мемлекет жəне қоғам қайраткері есебінде жарқырай танылған кезі болды. 1920 жылы тамыз айында Қырғыз (қазақ) автономиялы облысы, одан кейінгі Қазақ автономия республикасының құрылуы – оның ұлттық, территориялық тұтастығын қалыптастырып, тарихи атауын қалпына келтіру арқылы мемлекеттілікке жаңа мазмұн беріп, дамуының болашақ бағдарын айқындап берді. 1925 жылы сəуірде Қазақ кеңестерінің V съезінде, С.Қожановтың ұсынысымен қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазақ» атауына түзетіп) қайтарып, астанамыз Қызылорда қаласы болып өзгерді. Сұлтанбектің семсердей өткірлігі мен темірдей терең логикасы арқасында қазақ халқы өзінің тарихи атына ие болды. Біз империялық отаршылық кезінде еріксіз танылған «қырғыз-қайсақ» деген жалған атымыздан біржолата құтылдық.

1925 жылы жазда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Нанейшвили Мəскеуге шақырып алынды да, оның міндетін атқарушы болып, өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Қожанов қалды. Республика партия ұйымының бірінші басшысын қазақтан шыққан қайраткерден сайлаудың реті келіп-ақ тұрды. Алайда ұлтымыздың зиялы қауымы арасындағы алауыздық, көреалмаушылық, «ұлтшыл», «алашордашыл» деген саяси айыптаулар ол мақсатты жүзеге асыртпады. Республикадағы саяси басшылыққа Ф.Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті тіпті өршітіп жіберді. Осыған байланысты С.Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақталуға мəжбүр болды. Ол хатында былай дейді: «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мəселелерге белсене қатыстым: Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру жəне жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орталық Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға жəне Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым». С.Қожановтың жазған хатының мазмұнының өзі оның ұлттық жəне мемлекеттік тұрғыда ойлайтын үлкен қайраткер тұлға екенін көрсетеді. Егер ауызбіршілік болып, республика партия басшылығына С.Қожанов келгенде, Ф.Голощекиннің Қазақстандағы «Кіші октябрь» төңкерісі болмай, қазақ ашаршылықтан қырылмаған болар ма еді? С.Қожанов Мəскеуге кеткен соң оны айыптау саяси науқаны Ф.Голощекин мен оның жандайшаптары арқылы кең өріс алды. С.Қожанов 1938 жылы «халық жауы» болып атылғаннан кейін де оны қаралау науқаны кең көлемде жүргізілді. Сол кездегі жəне одан кейінгі кездегі ұлтымыздың бірқатар зиялы қауым өкілі «қожановшылдықты» барынша əшкерелеуге тырысып бақты. 1957 жылы ол ақталғаннан кейін де, сол жазғыштар республикадағы саясатқа өз ықпалдарын тигізіп, С.Қожанов туралы шындық 1980-жылдардың соңына дейін толық айтылмай келді. Тіпті, 1985 жылы шыққан Қазақ ССР тарихи очерктерінде С.Қожановты ұлтшыл, оңшыл, уклонист деп көрсеткен. Ел тəуелсіздігінің алғашқы жылдары тарихымыз­дың ақтаңдақтары зерттеліп, туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған, аттары аталмай келген, еліміздің қалыптасуына ерен еңбегі сіңген хандарымызды, батырларымызды, билерімізді, мемлекет жəне қоғам қайраткерлерін, ақын-жырау, жазушыларымыздың мерейтойларын халық өзі бастама болып тойлап жатты. Осы үлкен маңызды шараларды бір жүйеге түсіру мақсатында республика үкіметі 1993 жылы сəуірде «1993-1995 жылдары республикада мерейтойларды атап өту туралы» арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда кімдердің мерейтойлары қай кезде, қай жерде өтетіні толық көрсетілді. Жала жабылып, халық жауы болып атылып кеткен, елімізге еңбегі сіңген ағаларымыздың 100 жылдық мерейтойларын өткізудің 1993-1995 жылдары жоспарланған тізімі бекітілді. Алайда осы қаулыда 1994 жылы 100 жасқа келетін С.Қожановтың мерейтойы туралы ештеңе айтылмапты. Менің Оңтүстік Қазақстан облысы əкiмiнiң орынбасары қызметiне енді ғана кіріскен кезім. Облыста С.Қожановтың 100 жылдығын тойлау баспасөз беттерінде, зиялы қауым өкілдерімен кездесулерде көтеріліп жүрген. Үкiметтегiлермен байланыссам, «Бiз бiлмеймiз, қаулы облыстан келген ұсыныстар негiзiнде қабылданды» дедi.

Мұны толық, тəптіштеп айтып отырған себебім, тəуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге деген көзқарастың екіталай болғаны бай қалады. Кемшiлiктi түзету үшiн облыс əкiмi М.Үркiмбаевтың атынан хат алып, Үкiмет басшыларына барып, С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойын өткiзу туралы Үкiмет қаулысын шығаруға күш салдық. Нəтижеде, 1994 жылы 12 сəуiр күнi «С.Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойын əзiрлеу мен өткiзу туралы» республика Үкiметiнiң №370 қаулысы кешiгiңкiреп, өз алдына жеке қаулы болып шықты. Қаулыда мерейтойға байланысты республика көлемiнде көптеген iс-шара жоспарланып, С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойы 26-27 тамызда туған жерi Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында өткiзiлетiн болып белгiлендi. Тағдырдың жазуымен Сұлтекеңнің мерейтойын өткізу, 1994 жылы қаңтарда Созақ ауданының əкімі болып тағайындалған маған бұйырды. Осылайша С.Қожанов мерей­тойы тамыз айының 26-27 күндерi Созақ ауданында өттi. Той Сұлтекеңнiң туған ауылы Ақсүмбеден бастау алып, онда үлкен ас берiлiп, құран оқытылып, ескерткiшi ашылды. Ақсүмбе мектебіне ұлы тұлғаның есімі берілді. Шолаққорған ауылында ­С.Қожановтың музейi ашылды. Шолаққорған ауылының орталық көшесі С.Қожановтың есімімен аталды. С.Қожановтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференция өткiзiлдi. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы Сұлтанбектiң Ленинмен кездесуiн сахналады. 32 шақырымға аламан бəйге ұйымдастырылды. Бас бəйгеге елге танымал кəсiпкер С.Сейтжанов сол тұстағы төрт дөңгелектiң «төресi» «Волга» көлiгiн ұтысқа тiктi. Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесi – «Жигулидi» Қазақстанның халық ақыны Əселхан Қалыбекова жеңiп алды.

…Тәуелсіздік жылдары С.Қожановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде көптеген іс-шара атқарылды. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Арыс тағы басқа көптеген елді мекендерде көшелерге, мектептерге С.Қожановтың есімі берілді, ескерткіштер, бюсттер орнатылды, кітаптар шығарылып, пьесалар жазылып, сахналанды, мектеп оқулықтарына есімі енгізілді. Биылғы жылы Астана қаласындағы үлкен мектеп-гимназияға С.Қожановтың есімі берілді.

Алдымызда С.Қожановтың 130 жылдық мерейтойын республика деңгейінде атап өту міндеті тұр. Енді тиісті құзыретті органдар мерейтой өткізуге ерекше мəн беріп, Астана қаласындағы «Жерұйық» саябағынан С.Қожановқа ескерткіш қою үшін арнайы бөлінген орынға, оның еңселі ескерткішін орнатуды, ­С.Қожанов туралы жазылған «Сталинмен бетпе-бет» тарихи драмасын (авт. Ж.Əлмашұлы) Астана театрында сахналауды, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында, Түркістан облысының аудандары мен елді мекендерінде С.Қожановтың туғанына 130 жылдығына орай əртүрлі іс-шараны жоғары деңгейде өткізуді ұйымдастыру керек. Сонымен бірге С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметін тереңірек зерттеп, оның өмірі мен қызметіне байланысты Алматы мен Ташкенттің, Мəскеу мен Орынбор қалаларының архивтеріндегі құжаттарды, материалдар мен əдеби шығармаларды жинақтап, реттеп, бастырып шығару керек. С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Ол айтыс-тартыспен, саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, таптық, тіпті партиялық мүдделердің аясында қалып қоймай, əркез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылып отырды. Бұл – біздің өскелең ұрпақ үшін өте қажет үлгі-өнеге.

Қайраткер Қожановтың біз білмейтін қыры мен сыры қаншама десеңізші?! Алдағы уақытта соларды зерттеп, халқына табыс ету, ғылыми еңбектер, көркем шығармалар жазу – ғалымдардың, зерттеу­шілердің, жазушылардың, асыл тұлғаны қадір тұтатын барша халықтың қасиетті борышы.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button