Рухани жаңғыру

Ұлы тұлғаларды лайықты ұлықтайық

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей­тойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың отырысы өтті.

Әуелі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей­тойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын ашқан Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыз­ды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау болып табылатынын, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталуы тиістігін атап айтты.
Отырыста сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Аймағамбетов, Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы баяндады.
Алқалы жиын жөнінде мемлекеттік комиссияның мүшесі, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты,
Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жиында жоспарлаған шаралар жөнінде былайша ой бөлісті: Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне және түркі халықтарының тілдеріне аударылып, жарыққа шығарылады. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсіріледі. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдарының гала-­концерті және танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халық­аралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мерейтойға арналған халықаралық конференция елордада өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бойынша театр­ландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар мен фестивальдер, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Абай атындағы Мемлекеттік акедемия­лық опера жане балет театры Түркия, Ресей және Қытайда «Абай» операсы қойылымын сахналайды.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мемкомиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру. Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын Мемлекеттік комиссияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.

Сонымен қатар еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан байқайлар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олимпиаданың жеңімпаздары мен лауреаттарына Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болады.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. «Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады» деді Марат Тәжин отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде. Одан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалар туралы баяндады.
Мерейтой шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарлануда. «Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиумге дайындық басталды. Ұлы ұстаздың еңбектері аударылып, жарыққа шығарылады, деректі фильм­дер мен телерадио бағдарламалар түсіріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени шаралар өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button