Саясат

Үміткер – жетеу

Елімізде сайлау додасының көрігі қыза түсуде. 6 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мемлекеттік тіл сынағынан сүрінбей өткен 7 үміткерді ресми түрде тіркеді. Жеті адам президенттікке үміткер куәлігін алды. Олар: Қасым-Жомарт Тоқаев (Nur Otan партиясы), Сәдібек Түгел («Ұлы дала қырандары» қозғалысы), Амангелді Таспихов (Қазақстанның Кәсіподақтар қауымдастығы), Дания Еспаева (Aq Jol партиясы), Төлеутай Рахымбеков («Ауыл» партиясы), Жамбыл Ахметбеков (Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы), Әміржан Қосанов («Ұлт тағдыры» қозғалысы). Әуел­де үміткер ретінде құжат тапсыр­ған 9-дың екеуі додаға қатыспайтын болды. Оның бірі – Талғат Ерғалиев өз еркімен бас тартса, Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.


Айта кетелік, мемлекеттік тіл сынағынан кейін үміткерлерге қол жинау парақшалары берілді. Талап бойынша әрқайсына электораттың 1 пайызының немесе кемінде 118140 адамның қолын жинауға міндеттелді. ОСК рас деп таныған қолдар бойынша рейтингтің көшін Қасым-Жомарт Тоқаев (313653) бастады. Одан кейінгі орындарға: Дания Еспаева (139541), Жамбыл Ахметбеков (135506), Әміржан Қосанов (129582), Төлеутай Рахымбеков (120754), Сәдібек Түгел (120175), Амангелді Таспихов (119577) жайғасты.
Үміткерлерді тіркеу кезеңі 11 ма­мыр­да сағат 18.00-ге дейін жалғасуы тиіс еді. Алайда ОСК үміткердің заң талаптарына сәйкестігін анықтау туралы мәліметтерді ұсыну мерзімін және қол қою парақтарын беру мерзімін қысқарту, сондай-ақ қол қою парақтарын тексеру мерзімін 5 күнге дейін қысқарту үміткерлерді тіркеу кезеңін мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік бергенін хабарлады.
ОСК бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін үміткерлерге қаражат бөлу ережелері мен көлемін бекітті. Үміткерлердің шығыстарының мөлшері 7337200 теңге көлемінде белгіленді. Үміткердің сайлау қоры мыналардан құралады: өз қаражаты мен оны ұсынған бірлестік бөлген ақша көлемі 510 млн теңгені, ел азаматтары мен ұйымдарының қайырымдылық қаражаты 637500000 теңгені құрайды. ОСК сайлау қорытындылары жария­ланған кейін 10 күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы оның көздері туралы ақпарат жариялайды.
Сайлау алдындағы үгітті үміткерлер үш түрлі тәсілмен: БАҚ арқылы, сайлау алдындағы көпшілік іс-шаралары, сенім білдірген тұлғаларының кездесулерін өткізу арқылы және баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт мате­риалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырады. Жиынға қатысқан Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев сайлауға қатысты сауалнама жүргізуге ОСК-ға алдын ала ескерткен, кемінде 5 жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана құқылы екенін мәлім етті. «Жеке тұлғалардың мұндай құқығы жоқ. Мысалы, бір басылым осындай сауалнама жүргізген. Оның иесіне заң бұзушылыққа барғаны үшін әкімшілік іс қозғалды» деді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button