Мәдениет

Үржар ханшайымы

Астанадағы Ұлттық музейде «Үржарлық сәуегей әйел мен қайта оралған қазыналар: консервациялау және қайта қалпына кел­тіру жұмыстарының қорытын­дылары» атты көрме ашылды.

Бүгінде еліміздің бас мұражайы ондағы залдарды реэкспозициялау бағытында ауқымды жұмыстарды бастаған. Осындай жаңартудан өткен «Алтын залы» «Берел», «Тасарық», «Әулиекөл», «Түйетас», «Қарақаба», «Аян» және т.б. залдарға өте сирек кездесетін артефактілер қойылған. Осы залдардың ең басты экспонаты – «Үржарлық сәуегей әйел» деген атқа ие болған б.з.д. IV-III ғасырларда жерленген абыз жанды айтуға болады.
Бұл жәдігер 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы аумағында археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Қазылған қорғанның 1,7 метр тереңдігінен жас қыздың мүрдесі қойылған тас саркофаг алынды. Онымен бірге керамикалық және ағаш ыдыс­тар мен алтын әшекейлі бас киім шықты. Сондай-ақ қыз баланың қаңқа сүйектерінде жасыл және көк түсті матаның қалдықтары сақталған. Ең басты назар аударуға тұратын – өсімдік іспеттес өрнектер мен зооморфты айшықтар және қиял-ғажайып жануарлардың суреттерімен бедерленген шошақ алтын бас киім.
Осы құнды мұраны белгілі ғалым Қырым Алтынбеков басқаратын реставрациялық зертхана ұжымының мамандары қолға алып, сәуегей әйелдің сырт киімі мен масақ пішіндес бас киімін толықтай қалпына келтірді.
Сонымен қатар көрмеге консервациялау және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген сақ дәуірі мен орта ғасырлық кезеңді қамтыған өзге де жәдігерлер ұсынылды. Олардың қатарында: XIV ғасырдың туындысы алтын зерлі жібек мата, IX-XII ғасырдың қылышы, VIII ғасырдан жеткен қорамсақ, VIII ғасырға тән ер-тұрман мен басқа да ат әбзелдері бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button