Басты ақпарат

Вокзал мен әуежай тәртіпсіздік жайлаған жер емес

Нұр-Сұлтан қаласындағы екі теміржол вокзалы мен әуежай елорданың көркіне көрік қосатын, ажарын айшықтай түсетін, жолаушылар көп шоғырланып, легі таусылмайтын еңселі ғимаратқа айналып отыр. Негізінен, вокзал, әуежай шаһарымыздың бас қақпасы саналады. Қалааралық, тіпті халықаралық қатынас­тарда халық әуе немесе теміржол көлігі қыз­метіне жүгінеді. Ал осы нысандарда қоғамдық тәртіп пен заңдылықтарды сақтау, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі – көлік полицейлеріне жүктелген әрі абыройлы міндеті. Көлік полициясының бүгінгі тынысы, алға қойған міндеттері мен көкейкесті мәселелері жайында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аманжол ҚАБЫЛОВПЕН әңгімелескен едік.

– Аманжол Жайғали­ұлы, жасыратыны жоқ, ха­лықтың көбі полиция құрылымынан хабардар болғанымен, көлік поли­ция­сы бар екенін біле бермейді. Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік полициясының құзыры қандай?
– Бүгінде еліміздің барлық құқық қорғау құрылымдары алдында мемлекет тұтастығына сызат, қоғам тыныштығына көлеңке түсіретін аса ауыр қылмыстарды дер кезінде ауыздықтау міндеті тұр. Өйт­кені қоғамдағы тұрақтылық пен темірдей тәртіп қана елді өркендетудің негізі болады. Көлік полицейлері елордамыздағы әуе және теміржол нысандарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Азаматтар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қорғайды, тасымалданатын жүктердің бір нүктеден екінші бір нүктеге аман-сау жетуін қадағалайды.
Президентіміз Қ.Тоқаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жаңа міндеттер қойды. Осы орайда, қызмет көрсету аумағында профилактикалық бағыттағы шараларды нығайту, қылмыстар орын алған жағдайда олардың ізін суытпай ашу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу біздің басты міндетіміз болып қала бермек.
– Қылмыспен күресу, қо­ғамдық тәртіп сақтау аумақтарыңыз қандай?
– Жалпы, департаменттің қызмет көрсету аумағындағы теміржол торабының ұзындығы 17 мың шақырымнан асады. Республикамызда 18 әуежай, жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған 500-ден аса стансалар, 300-дің үстінде теміржол вокзалдары бар. Осы аумақтарда департаментке бағынысты 25 желілік полиция басқармалары мен бөлімдері жұмыс істейді. Бұған Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан 13 түйісу стансасын қосыңыз. Осының өзі-ақ көлік полицейлеріне жүктеліп отырған жауапкершілік пен атқаратын жұмыс ауқымының орасан екендігін дәйектейді. Әрі күнделікті жұмыс үлкен қырағылықты талап етеді.
– Кейінгі кезде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындар саны 1 млн-нан асты, оның сыртында келімді-кетімді жолаушылар саны да артуда. Осыған сәйкес, қала әуежайы мен теміржол вокзалдарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларының ауқымы да артқан шығар?
– Расында, соңғы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында саяси салмағы бар басқосулар мен ірі мәдени шаралар жиі өткізілуде. Қазақстанға туристік сапармен келетін шетелдіктердің де саны жыл сайын артуда. Алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары, үлкен делегациялар ең алдымен ат басын әуежайға тірейді. Демек, кез келген мейманды ең алғашқы болып қарсы алатын – біздің қызметкерлер. Сол себепті әр қызметкердің білім-біліктілігіне, тіпті киім кию, сөйлеу мәдениетіне де­йін жіті көңіл бөлінеді.
Айталық, Нұр-Сұлтан-1 және Нұр-Сұлтан–Нұрлы жол стансаларындағы бір тәулік ішінде жолаушылар легі ­25-26 мыңнан асады. Ал мереке күндері олардың саны еселене түседі. Сол ­сияқты Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына бір тәулік ішінде 160-180-ге жуық әуе рейстері ұшып келіп, ұшып кетеді. Мұндағы бір тәулік ішіндегі жолаушылар легі 8-10 мың адамды құрайды.
Қоғамдық тәртіпті қорғау ісі жүйелі әрі ұдайы жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері теміржол және әуе көлігі нысандарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданды. «Құқықтық тәртіп», «Іздестіру», «Заңсыз келуші», «Көкнәр-2019», т.б. жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде учаске бойынша 1120 қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде 664 қылмыс және 456 теріс қылық тіркелді. Құқық бұ­зушылықтың жалпы ашылуы 82 пайызды құрайды. Қылмыс саны 12,3 пайызға, ауырлығы орташа қылмыс 13,9 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 17,4 пайызға, ауыр қылмыс 19,7 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны 22 пайызға азайды. 29478 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елбасының ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны – 10086. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1238 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, олардың 138-і ел аумағынан шығарылды.
– Бас шаһардың вокзал­дары мен әуежайында кө­біне қандай қылмыстар жиі қайталанып жатады?
– Өзіңіз білесіз, адамдар легі күні-түні толастамайтын вокзалдар мен перрондар құқық бұзушылыққа неғұрлым ыңғайлы жерлер болып саналады. Сондықтан біз әрдайым жолаушылардың қауіпсіздігі мен мүддесін қорғауға күш саламыз. Өкінішке қарай, кейде азаматтардың өз мүліктеріне салғырт қарауларының салдарынан ұрлық қылмысы орын алып жатады. Сондықтан көпшілік шоғырланатын нысандарда немесе пойыз­дарға мінгенде, түскен кезде әр адам өз мүлкіне мұқият болғаны жөн. Жылжымалы құрамнан заттарды топ болып ұрлау, бұзақылық, есірткі заттарын тасымалдау секілді қылмыстарға қатысты фактілер де тіркеледі. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-мау­сым айларында көлік полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 215 есірткі қылмысын анықтаған, оның ішінде 10 факт есірткі заттарын өткізуге, 9 факт сақтау және 8 факт есірткі контрабандасына қатысты болған.
– Енді өзекті деген мәселелер туралы айтсаңыз…
– Жыл басынан бері азаматтардың теміржол бойында белгіленбеген жерлерде жүруі салдарынан пойыздардың шұғыл тежеуінің 919 көрсеткіші анықталып, оның ішінде адамдардың қауіпті аймақта болуының 337 дерегі тіркелді. Сондай-ақ теміржол бо­йына тасталған бөгде заттар бойынша 4 факті тіркелген. Үстіміздегі жылдың өткен 6 айында белгіленбеген жерлерде теміржол төсемін кесіп өткені үшін барлығы 454 азамат жауапкершілікке тартылды.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департаменттің Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері теміржол жиегінде орналасқан елді мекендегі және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарымен, студенттермен теміржол көлігі ұйымдары қызметкерлері профилактикалық іс-шараларды ұдайы өткізеді.
– Әуежай мен вокзалдан көрші шекаралас мемлекеттерге де жолаушылар қатынасы толастамайды. Нұр-Сұлтандық көлік полициясының көрші әріптестерімен қарым-қатынасы қалай?
– Меніңше, қылмысты құрықтау ісінде ұлттық және шекаралық деген ұғым болмауы тиіс. Әсіресе, аса ауыр қылмыстар санатына кіретін экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі контрабандасына қарсы белсенді күрес жүргізуде халықаралық ынтымақтастықтың рөлі зор.
– Қаламызда өтетін мереке күндері көлік полициясы немен айналысады?
– Жыл сайын, әсіресе астана күні мерекесіне орай облыс орталықтарынан, тіпті алыс-жақын шет мемлекеттерден қонақтар көптеп келеді. Биыл да департаменттің жеке құрамы мереке күндері бас қаламыздың қақпасы саналатын теміржол және әуе көлігі нысандарында қыз­мет өткерудің күшейтілген тәртібіне көшірілді. Бұл кезде көлік полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды нығайтып, келген меймандардың жеке қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын барынша қамтамасыз етіп, қырағы күзетте тұрады десе болады.
Күн сайын құлпырып, жай­нап, өркендеп жатқан Нұр-Сұлтан қаласы – барша елі­міздің мақтанышы. Астанамыздың келбеті – ұлтымыз­дың келбеті. Ол еліміздің барлық өңірлері үшін дамудың үлгісін көрсетуде. Демек, Көлік полициясы ұжымы да астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының тыныштығын сақтауда бар күш-жігеріміз бен біліктілігімізді аямаймыз деп сендіремін.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button