Басты ақпаратЕл тынысы

Ынтымақ ырысқа бастайды

Астанаға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан бұл сапардың символдық мәні жоғары екенін атап өтті. «Біздің Еуропалық Одақпен қарым-қатынасымыз айтарлықтай дамыды және Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын нығайтуға ықпал етті» деді Қазақстан басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді. Президент Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтті. «Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны – дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жан-жақты диалогты дамытуға зор мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель Қасым-­Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын атап өтті. «Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатыс­ты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын» деді Шарль Мишель.

Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес ­Президенті Шарль Мишельге Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылды. Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын энергия станциясын (жел, күн) және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделіп отыр.

Аталған жобаны жүзеге асыру барысында, құрылыс кезеңінде шамамен 3500, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу кезінде 1800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестор есебінен инфрақұрылымдар салу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әлеуметтік міндеттемелер төлеу жоспарланып отыр.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің Қазақстанға алғаш рет ресми сапары біз үшін үлкен мәртебе екенін айтып, өзінің шақыруын қабыл алғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

«Келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толады. Сондықтан Шарль Мишель мырзаның сапары осы мерейлі меже қарсаңында өтіп отырғаны ерекше қуантады. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Президент Мишельдің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған сүбелі үлесін жоғары бағалаймыз. Біз екіжақты ықпалдастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін кең ауқымды әрі мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Кездесуіміз өзара сенім және түсіністік рухында өтті. Біз мазмұнды саяси диалогтың қарқынын одан әрі күшейтеміз деп уағдаластық. Сондай-ақ Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді  растадық» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақты Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Ал биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға өсіп, 26 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшысы Шарль Мишельмен кездесу барысында энергетика, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы іс-әрекетімізге оң баға бергендеріне тоқталды. Президенттің айтуынша, тараптар өзара тиімді іс-әрекетімізді одан әрі күшейту үшін бірлесе күш-жігер жұмылдыруға келіскен.

Тараптар демократия, адам құқықтары және заң үстемдігін сақтау салаларындағы диалогты одан әрі кеңейту мәселелерін де талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Шарль Мишель еліміздің жаңа даму кезеңі – Әділетті Қазақстан құру жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларымызды қолдайтынын жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық тараптың түрлі бағдарламалар аясында елімізге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдіргенін айтты. «Келіссөздер соңында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Сондай-ақ Ауғанстандағы қазіргі жағдайға, Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен өңіраралық қатынастарына ерекше назар аудардық. Осы ретте, мен Президент Шарль Мишельге бүгін түстен кейін елордамызда С5+ форматында өтетін кездесуге қатысуға шақыруымды қабыл алғаны үшін ризашылығымды білдірдім. Алдағы уақытта біз халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіріп, үйлесімді жұмыс істеуге келістік» деді Мемлекет басшысы.

«Біздің байланысымыз берік әрі одан әрі нығайып келеді. Орталық Азия мен Еуропа бір-біріне жақындай түсіп, арадағы байланыс нығайып келеді. Қазақстан – Еуропалық Одақтың маңызды серіктесі, сондай-ақ халықаралық аренадағы және өңірдегі ықпалды мемлекет. Сізді Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуін ұйымдастырып отырғаныңызбен құттықтағым келеді. Орталық Азия елдерімен берік ынтымақтастық аймақтың дамуына және қауіпсіздігіне жол ашады. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасындағы саяси диалогтан да жоғары мәнге ие» деді Шарль Мишель.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button