ЖаңалықтарПрезидент пәрмені

«Жайдарман» жаңа таланттарын таныстырды

DSC_0342

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Сол себепті жастарға мемлекеттік деңгейде кең көлемде көңіл бөлінуде. Осыған орай, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастардың басын қосатын «Жайдарман» әзіл-сықақ фестивалі жаңа таланттарын таныстырды. Бұл кештің маңыздылығы – колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған жаңа командалардың жасақталуы. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған байқаудың басты мақсаты – жас таланттарды ынталандыру.

Байқауға барлығы 39 команда қатысты. Бұл күні әзіл-сықақшылардың кешіне жиналған жұрт «Жастар» сарайының кең залын кернеп кетті. Балаларының өнерін тамашалауға келген ата-ана, достарын қолдауға келген жастар, шәкірттеріне сүйсінген ұстаздар, жанкүйер қауым қолпаштап, қызу қолдап отырды. Ал олар өз кезегінде көрермендерге көркем көріністерге құрылған көңілді кеш сыйлады. Бұл өрендердің өнері де, әсерлі әзілдері де келушілердің езулеріне күлкі үйірді. «Жеті жұлдыз», «Лицей қырандары», «Лесозавод ауданының құрамасы», «Алтын белгі», «Айналайын», «Қара домалақтар» секілді командалардың аты айтып тұрғандай, олар қоғамды алаңдатқан мәселелерді әдемі әзілдермен саналарға жеткізді. Саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, ұлттық салт-дәстүр құндылықтары мен маңыздықтылықтары жайында айтылып, отбасылық өмірде орын алар оқиғалар сахналанды. Сонымен қатар, жалындаған жастықтың шат-шадыман шақтары, езуге күлкі үйірер сәттері де назардан тыс қалмады. Ойындағысын ойнай жүріп, әсерлі жеткізген жастар көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып жатты. Алдағы шығармашылық жолға жігер беру мақсатында жастармен бірге жоғарғы лига ойыншылары, танымал көңілді тапқырлар клубының өнерпаздары жастарға бағасын берді. Олар сахнада өздерін қалай ұстау керек, қандай әзілдерді қолдану керектігін түсіндірді. Өз кезегінде Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді байқаудың ерекшеліктеріне тоқталды. «Өтіп жатқан КТК ойындарының өзгешелігі – бұл тек қана қаланың чемпионаты. Қарап отырсақ, жастардың аяқ алыстары жаман емес. Енді байқау жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Елордаға өңірлерден келген студенттердің саны 21 мың 500-ге жетіп отыр. Бұл іс-шара осы студенттердің арасында бәсекелестік қалыптастыру үшін, жаңа таланттарды іріктеп алу мақсатында өткізілетін болады», – деді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button