Білім

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Қазіргі қысылтаяң кезеңде елордада жаңа оқу жылына әзірлік қалай жүріп жатыр? Мектептер толығымен дайын ба? Оқушылар мен ұстаздар керекті құралдармен қамтылған ба? Осы және білім саласына қатысты басқа да өзекті мәселелер қалалық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Ағымдағы жағдаймен Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева таныстырды.

БІРІНШІ СЫНЫПҚА 26 МЫҢ БАЛА БАРАДЫ

Алдымен балабақшалардың дайындығына тоқталған баян­дамашы мектепалды даяр­лық мекемелерінің жұмысы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 17 тамызда «кезекші топтар» режимінде жанданғанын айтып өтті. Дәл қазір мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда 503 «кезекші топ» ашылған. Онда барып жүрген балдырғандардың жалпы саны – 5299.
– Мектепалды даярлық мекемелері жұмысының алгоритмі әзірленді. Барлық нысандар санитарлық талаптарға сәйкес дайындалды. «Кезекші топтар» жұмысын Білім басқармасы ерекше бақылауда ұстап отыр, – деді Б.Сматаева.
Бүгінгі таңда бас қалада 117 орта мектеп бар. Оның 91-і – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік, 1-еуі – республикалық және 3-еуі – Назарбаев зияткерлік мектебі. Жаңа оқу жылында қала мектептеріне 202 мың оқушы барады деп болжанып отыр. Бір атап өтерлігі, өткен оқу жылында орта білім беру орындарында 182 мыңнан аса бала оқыған. Яғни оқушылар саны 20 мың балаға артып отыр. Соның ішінде биыл 1-сыныпқа 26 мың оқушы барады. Құжаттар egov.kz электронды үкімет порталы мен қағаз форматында қабылданып жатыр. Қазіргі күні 23443 өтініш келіп түсті.
– Жаңа оқу жылы астананың барлық мектептері мен колледжерінде 1 қыркүйек күні қашықтан оқыту форматында басталады. Бастауыш сыныптарға «кезекші сыныптарды» енгізу жоспарланып отыр. Мұндай сыныптар 42 мыңға жуық оқушыны қамтиды деп отырмыз. «Кезекші сыныпқа» балаларды жіберу, жібермеу мәселесін ата-аналары шешеді. Оқытудың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Бір сыныпта оқытылатын оқушылар саны 15-тен аспайды. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталады. Мұны жаңа оқу жылын ұйымдастырудың басты міндеті деп белгілеп отырмыз. Мектептер дезинфекциялық құралдармен, ­тепловизорлармен қамтылады, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары.

КОМПЬЮТЕРМЕН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАМТЫЛҒАН?

Оның айтуынша, мұғалімдер мен оқушыларды компьютер және интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар қолға алынған. Компьютерлердің қажеттілігіне қатысты мониторинг өткізілді. Қазіргі кезде жалпы білім беру мектептерінің балансында 11648 компьютер бар. Осы жылдың сәуір айында – 2613, маусымда 513 компьютер сатып алынды.
– Қазір компьютерлердің қажеттілігі 35707 мыңды құрап отыр. Соның ішінде мұғалімдерге 437 компьютер керек. Ал интернет 22600 адамға, 581 мұғалімге қажет. Тамыз айында жан басына қаржыландырудың есебінен 700 миллион теңгеге 2600 компьютер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге 26472 компьютерді сатып алуға бөлінді. 1 қыркүйекке дейін 12 мың компьютер, қалғаны 15 қыр­күйекке дейін мектептерге жеткізіледі. Сондай-ақ, қыркүйек айында 5400 компьютер сатып алынады. Оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бірінші кезекте 689 жетім бала, 4159 ерекше қажеттілігі бар бала, аз қамтылған отбасылардың 7 мыңнан аса баласы және көпбалалы отбасылардағы 16287 бала компьютермен қамтылады, – деді баяндамашы.
Оның айтуынша, интернетпен қамтамасыз ету үшін осы тамыз айында 22600 роу­тер сатып алынады. Осымен мұғалімдер мен оқушыларды ғаламтормен қамту мәселесі 100 пайыз шешіледі. Жеткізуші – «Kcell» АҚ интернетті 25 тамызға дейін жеткіземіз деп отыр.
Қазір 160 мыңға жуық балада үйлерінде компьютер бар. Ал компьютерді қажет ететін оқушыларға мұны тарату 24 тамызда басталды. Бұл – мектептердің балансындағы компьютерлер. Яғни жаңа компьютерлерді сатып алуды есепке алғанда, 1 қыркүйекке дейін 190 мыңға жуық бала, 15 қыркүйекке дейін барлық оқушы қажетті техникамен қамтамасыз етіледі.

ТАМАҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІН ҚАРАУ КЕРЕК

– Жаңа оқу жылына оқулықтармен қамту 100 па­йызды құрайды. Барлық оқулықтар Білім және ғылым министрлігі бекіткен тізімге сәйкес келеді. Қазіргі күнге барлық баспадан оқулықтар жеткізілді. 1-5-сынып пен 10-11-сынып оқушыларына кітаптар толығымен берілді, – деді Б.Сматаева.
Мұғалімдерді қашықтан оқытуға дайындау үшін Нұр-Сұлтан қаласы білімді жаңғырту орталығы онлайн-сабақтар ұйымдастыр­ды. Мұнымен 12480 ұстаз қамтылды. 24-28 тамыз аралығында барлық мұғалім Назарбаев зияткерлік мектептері әзірлеген бұл курстардан өтеді. Ұстаздарды оқыту жазда да жүргізілген екен.
Баяндамадан кейін қалалық қоғамдық кеңес мүшелері салаға қатысты сұрақтарды қойды. Кеңес төрағасы Сансызбай Есілов «кезекші сыныптарда» тамақтандыруды ұйымдастыру жайын сұрады.
Басқарма басшысының орынбасары қаланың бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тамақтандыру әзірге қарастырылмағанын жеткізді. «Сабақтар 30-40 минуттан болады. Күніне 3-4 сабақтан өтеді. Сондықтан мұның аса қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз» деді ол.
Кеңес төрағасы болса балалардың таңертең үйден тамақ ішпей мектепке бару әдеті барын, бас санитарлық дәрігермен ақылдасып, бұл мәселені қарау керектігін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button