Жаңалықтар

«ЖАНҰЯ» ЖЫЛУЛЫҚ СЫЙЛАЙДЫ

Елордада «Жанұя жылуы» қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бүгінде «Жанұя» отбасы ­институтын қолдау орталығына екі жыл толып отыр. Орталық қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыда қолдау көрсетеді. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік, әлеуметтік көмек көрсету және тұрғын үй бағдарламалары мәселелері бойынша кеңес алуға мол мүмкіндік қарастырылған.

Екі жыл бұрын, яғни 2019 жылдың тамызында ел Президентінің тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтанда қанатқақты режимде «Жанұя» отбасы институтын қолдайтын алғашқы орталық ашылды. Жоба қала тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асты. Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Мемлекеттік академиялық филармония жұлдыздары Света Айтбаева, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы, Алтыншаш Мұқатаева және Қуыршақ театрының өнер ұжымы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығымен бірлесіп, ерекше жандарға арналған қайырымдылық кеш өткізді.

Орталық базасында 10 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметі ұйымдастырылған. «Бір терезе» қағидаты бо­йынша мұнда 70 қызмет біріктірілген. Қала тұрғындары жұмысқа орналасу, АӘК және басқа да әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау, ЭЦҚ тағайындау, әлеуметтік қызметтер порталында өтініштерді тіркеу мәселелері бойынша жиі жүгінеді.

Орталық ашылғалы бері екі жыл ішінде 75,5 мың адамға көмек көрсеткен. Жыл басынан бері орталыққа 35 мың адам жүгінсе, 31 мың мәселе қаралып, оның 18 мыңы оң шешімін тапты. Сонымен қатар қалған 17 мыңы бойынша жүйелі қадамдық консультация жүргізілді.
«Жанұя» орталығы жұмысының басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір отбасыға жан-жақты көмек көрсету, отбасы институтын дамыту және нығайту. Жоба алғашқы жылы-ақ жақсы нәтиже көрсетіп, қала тұрғындарының қолдауына ие болды. 2020 жылдың мамыр айынан бастап орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істей бастады. Еліміздің басқа облыстарының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері жұмысымен танысып, өңірлерде осындай орталықтар ашуға шешім қабылдады.

Мекеме психологтары отбасылық құндылықтарды нығайту, психологиялық мәселелерді шешу және көмекке мұқтаж жандарға өмірдің маңыздылығын түсіндіру үшін офлайн және онлайн іс-шаралар өткізеді. Олар сондай-ақ әлеу­меттік осал және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, ауданның отбасыларды әлеуметтік қолдау бөлімдерінің мамандарымен бірге барады. Биыл қаңтар-тамыз айларында орталық елорданың 233 тұрғынына психологиялық көмек көрсетті.

Сондай-ақ «Жанұя» орталығында заңгерлік, құқықтық кеңестер, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру, конституциялық құқықтарды қорғау бойынша өтініштерді және азаматтық құқықтарды қорғау аясында түрлі мемлекеттік және өзге де ұйымдарға өтініштерді ресімдеуге көмек көрсетіледі. Бұдан басқа, орталықта консультанттардың көмегімен электрондық үкімет порталы арқылы қызметтерді алу үшін жеке пайдалануында компьютерлік техникасы жоқ адамдарға өзіне-өзі қызмет көрсету секторы ұйым­дастырылған. Күн сайын мұнда 300-ден 500 адамға дейін азамат жүгінеді.

Қазіргі уақытта орталықта келушілерді тіркеу және қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын анықтау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі мақсатында «Отбасы профилі» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Мекемеде жүйелі түрде аудан әкімдері, қала басқармаларының және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары азаматтарды қабылдайды.

Мұнда «Кәсіпкер ана» жеке бизнесті дамыту бо­йынша қолдау орталығы жұмыс істейді: мамандар өз ісін ашуға көмек көрсетеді, кәсіпкерлер мотивациялық бизнес-тренингтер өткізеді. Орталықта әрбір қала тұрғынына, өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыға көмек көрсетіледі. Қоғамдық ұйымдармен бірге мұндай отбасыларға азық-түлік себеттері, балалар киімдері табысталып, қайырымдылық көмек көрсетіледі.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button