Елорда тынысы

Жас өркеннің ой-өріс жарысы

Астанада оқушылар арасында робототехникадан Central Asia FIRST халықаралық чемпионаты басталды. Аталған бәсекеде Қазақстаннан және көрші елдерден қатысушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынады. 23-25 ақпан күндері әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтіп жатқан сайыста биыл әлемнің 5 елінен 3000-нан аса қатысушы бақ сынайды.

Олардың қатарында Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан және Өзбекстанның мықты робототехниктері бар. Ал Қазақстанның намысын іріктеу чемпионаттары барысында жолдама ұтып алған 200-ден астам команда қорғайды. Оның ішінде Астана қаласынан 37 команда қатысты.

Дәстүрлі түрде өтетін жарысқа Астана қаласының Білім басқармасы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «USTEM Foundation» қоғамдық қоры ұйытқы болды. Ұйым­дастырушылардың дерегіне сәйкес, мектеп оқушылары 6-10, 10-16 және 12-18 – үш негізгі жас санаты бойынша бағы мен бабын сынайды. Чем­пионатта, құлтемірлер ойынынан басқа, инновациялық жобалар байқауы мен төрешілер сессиялары қамтылады.

USTEM Robotics қорының басшысы Асылбек Мурзахметовтің сөзінше, чемпионат дарынды жастарды анықтап қана қоймай, робототехниканы дамытып, робот жасаудың халықаралық стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді.

«Биылғы маусым тақырыбы – креативті индустрия. Командаларға инженерлік қабілетін ұштастыра отырып, осы саладағы мәселелерді шешуге бағытталған жобалар ұсыну талап етілді. Чемпионатқа қатысып жатқан топтың бірі кинооператорларға арналған экзо­скелет жасаса, енді бірі суретшілерге арналған көмекші құралдарын әзірлеген. Жарыс мақсаты тек жаңа жобаларды жасау ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтай алатын толыққанды білімді оқушылар қатарын тәрбиелеу көзделген. Қорытынды бойынша да қоғамға ең пайдалы жоба ұсынған топ жеңімпаз атанады» деді спикер.

«Халықаралық деңгейдегі робототехника чемпионатының дәстүрлі түрде елордада өтіп жатқаны қуантады. Қазақстанда инженерия және робототехника салаларын дамытуды мақсат еткен жобалар жемісін береді деген сенімдемін. Бұл балалардың барлығы – жаңа технологияларды дамытып, елдің дамуына үлес қосатын болашақ IT мамандар, инженерлер мен ғалымдар. Техникалық білімді алуға ұмтылатын жастар Қазақстанның өркендеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Инженерлік көзқарас барлық жерде болуы керек, оның арқасында инновациялық өнімдер пайда болады» деді «Дарын» республикалық-ғылыми практикалық орталығының басшысы Ғажденбек Тұрсынов.

Дүбірлі додаға Астана қаласының «Astrobot» робототехника мектебінің екі командасы қатысып, 6-10 жас санаты бойынша өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында инженер-конструктор тобының қатысушысы, 7 жасар Әлимансұр Серік бар.

«Достарыммен бірге сайысқа дайындаған жобамызды әкелдік. Командада төрт адамбыз. Достарым бағдарламалаумен айналысады, ал мен құрастырамын. Біз робот-шаңсорғыш жасадық. Себебі қазір адамдардың қоршаған ортаны ластап, қоқыс тастайтыны мәселеге айналды. Осыны шешуге арналған жобамызбен біз мақтанамыз. Өз басым робототехникадан өтетін жарыстардан қалмауға тырысамын» деді жас өнертапқыш.

Чемпионат жыл сайын әртүрлі тақырыпта өтеді. Өнер тақырыбы аясында өтетін сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздарға халықаралық жарыстарға қатысуға жолдама және қазақстандық әрі шетелдік жоғары оқу орны грантын алуға мүмкіндік беріледі.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button