Елорда тынысы

Өртке дайындық пысықталды

Кеше елордадағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында «Қауіпсіз сауда» рес­публикалық акциясы аясында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен адамдар көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде ауқымды алдын алу іс-шарасы мен өрт-тактикалық оқу сабағы өткізілді.

Сағат таңертеңгі 9:15-те сауда-­ойын-сауық орталығының екінші қабатында шартты түрде арнаулы штаб құрылып, ғимараттан адамдарды шұғыл сыртқа шығару, яғни эвакуация басталды.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Анар Рүстемованың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу сабағы қалада айына бір-екі рет өтіп тұрады.

– Қазір қалада өрт шығу оқиғалары көбейіп отырғаны алаңдатады. Оның адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және материалдық құндылықтарға орны толмас зиян келтіретіні белгілі. Сондықтан осындай өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты тактикалық оқу-жаттығу сабақтары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Шаһардағы ірі сауда орындарының бірі – «Керуенде» осындай іс-шара өтіп, оған жеке құрамның қызметкерлері мен арнаулы жасақ қатысты, – деді ол.

Басты мақсат – өрт шыққан кезде адамдардың өздерін ұстауы мен үрейге бой алдырмай, жоғары қабаттан баспалдақ арқылы түсіп, тез сыртқа шығу. «Эвакуация, тез сыртқа шығыңдар!» деген бұйрық кезінде сауда орталығындағы 150-ге тарта адам санаулы минутта сыртқа шығып үлгерді. Ал іште өртті сөндіру үшін су, көбік, көмір қышқылы, инертті газ, құм, ұнтақ және брезент, киіз, асбест сияқты түрлі жапқыш құралдар қолданылды.

«Тұрмысқа керек заттарды алайын деп ертемен «Керуен» сауда орталығына кіре қойып едім. «Өрт шықты, тез баспалдақпен түсіп, сыртқы есікке беттеңдер!» дегенде абдырап қалдым. Жалма-жан төмен түсіп сыртқа шықсам, оқу-жаттығу екен. Көңілім орнына түсті. Дұрыс, қазір өрт көбейіп кетті. Сондықтан сақтанып, бәріне сақадай сай болғанға не жетсін!» дейді қала тұрғыны Айнагүл Бишаева.

Сондай-ақ бұл күні елордалық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселелеріне байланысты қаладағы хостелдерге жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button