Басты ақпаратРуханият

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ҚАЙ ТҰЛҒАНЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ?

Жуырда газетімізге Астана қаласының Ономастикалық комиссиясына Жастар театрын мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің атына беру туралы ұсыныс келіп түскенін жазып, бұл ұсынысқа қатысты өнер жанашырларының пікірін жариялағанбыз. Өз тарапымыздан театрға қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың аты лайық деген жеке пікірімізді қосқанбыз. Мақала шыққан соң аталмыш мәселе әлеуметтік желіде талқыға түсті. Фейсбук қолданушыларының сондағы ойларын газетке жариялағанды жөн көрдік.

4-dvorets-zhd

sadibek-tСәдібек ТҮГЕЛ:
– Жұмабек Тәшенов ірі мемлекет және ұлт қайраткері, ұлт батыры болып саналады. Жұмекең – от болып жанып, көссіз ерлікпен қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тұлға. Осы тұрғыдан алғанда менің ұсынысым – Астанада ашылатын төртінші ауданға Жұмабек Тәшеновтің атын беру қажет. Ал Жастар театрына өнер, театр, мәдениет, проза, поэзия салаларына қатысы бар, өмірден өткен атақты әртістер, дарынды драматургтер мен ақын-жазушылардың атын берген жөн деп санаймын.

1542Сая ҚАСЫМБЕК:
– Өзбекәлі атамыздың атын Ұлттық мұражайға берсе игі болар еді, ұлт мұрасын тірнектеп жинады емес пе? Әрине, театр­дың атауына лайықты есім. Десе де, тақыр жерден Жастар театрын ашып, іргетасын қалап, аз уақытта алдыңғы қатарға жетелеген, жуырда 70 жасқа толғалы отырған Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың атын берсе жарасады. Күләш апамыздың атын Опера театрына қайта оралтқаны жөн. Опера театры тұрғанда, неге атауын қайтармасқа?

Төлеген ӘДІЛОВ:

– Тəшеновтің атына ойып тұрып қаланың атын беру керек. Кешегі батырлар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жер қорғаса, қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяға жалғыз өзі қарсы шығып, қазақтың жартысына тең жерін қорғап қалған Тəшенов болатын. Тəшеновтің есімін қалай ұлықтасақ та артық емес.

Нұрхан МЫҢБАЕВ:
– Жұмабек ағаның атына не берсе де лайық! Бірақ бұл жерде сахна өнерінің алғашқы шын мәніндегі жұлдызы
Күләш апамыздың есімі жаңғырса дұрыс болар еді.

Жанғали ЖҮЗБАЙ:
– Театрдың Күләш Байсейітова атында болғаны дұрыс. Себебі ол кісі қазақ театры тарихында тұңғыш рет КСРО халық әртісі атағын алған.

Отаркүл МҰҚАТОВА:
– Меніңше, Өзбекəлі Жəнібеков атындағы театр болса, қазақ халқы риза болар деп ойлаймын. Қазақ өнеріне ол кісінің сіңірген еңбегі зор. Торғайда «Шертер» ансамблін құрып, Мәскеудегі Щепкин атындағы оқу орнын 17 жас әртіс бітіре салысымен оларды Торғайға əкеліп, қос өнер ордасын ашқанына куəмін, сол ансамбльдің əншісі болдым. Алматыдан «Сазген», «Адырна», «Алтынай» би ансамбльдерін ашты. Айта берсе жасаған ісі қаншама, еңбегі бағаланды ма? Өнерпаз тарландар ойлансын. Күләш апамыздың атында мектептер мен колледждер бар ғой, Өзекеңді қолдау дұрыс, сол кісіні бағалайтын кез енді келген сияқты.

Бауыржан САБЫРБЕКОВ:
– Өзбекәлі Жәнібековтің атын ақыры берген соң театрға емес, Ұлттық музейдің атын берген дұрыс шығар.

Kaztheatre Astana:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Жастар театрына Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің аты берілсе деген xат жазылған еді.
Жанболат Мамай есімді Фейсбук қолданушысы Жұмабек Тәшеновтің атын Астана халықаралық әуежайына лайық көріп отыр. Сондай-ақ, ол Алматы әуежайын Дінмұ­хамед Қонаевтың атына беруді ұсынды. «Әлемде Шарль де Голль, Кеннеди, Шопен әуежайлары бар, неге бұл тәжіри­беге сүйенбеске? Тарихымыз бен ұлы тұлғаларымызға құрметімізді осылай көрсете аламыз» деген уәжді айтады ол.
P.S. Жалпы, күз түскелі Ономастиканың тамырына қан жүгіргендей. Мәселен, ертең Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтеді. Онда қаралатын мәселелердің бірі қаладағы жекелеген көше­лерге атау беру мен кейбір көшелерді қайта атауға қатысты болмақ. Сол жақтан жар салып сүйіншілей­тіндей жағымды жаңалықты күтеміз.

АМАНҒАЛИ ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button