Әлеумет

Жеке кәсіпкер қандай салық төлейді?

Кейде жеке кәсіп ашу процесін салық төлеу міндеттері тежеп тұрады. Алайда бұл көбісі ойлайтындай қиын шаруа емес. Төмендегі материалда біз солардың негізгілерін жіктеп жаздық.

Қазақстанда кәсіпкерлерге салық салу режимін дербес таңдау құқығы берілген. Кәсіпкер қандай форматты таңдаса да, мейлі ол жеке кәсіпкерлік (ЖК) немесе ЖШС болсын, салықтарды есептеу режимін өзі анықтауы керек. Жалпы, салық салудың алты режимі бар:
ЖБР (жалпыға бірдей белгіленген режим) – кіріс пен шығыс арасындағы айырмадан төленетін салық.
Оңайлатылған режим (оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі) – түскен табыс сомасынан төленетін салық.
Патент (патент негізіндегі арнаулы салық режимі) – мәлімделген табыс сомасынан есептелетін салық.
ТШР (тіркелген шегерім режимі) – кіріс пен жекелеген шығындардың түрі арасындағы айырмадан төленетін салық.
БЖС (шаруа немесе фермерлік қожалықтар үшін арнайы салық режимі) – жер учаскесінің ауданына қарай есептелетін бірыңғай жер салығы.
АШТӨ (ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруа­шылығы кооперативтері үшін арнайы салық режимі) – салықтар жалпы белгіленген тәртіппен төленеді және 70 пайызға азайтылады.
Бұлардың ішіндегі ең көп таралғаны – ЖБР мен оңайлатылған режим. Әдетте, ірі кәсіпорындар жалпы белгіленген тәртіпте, ал орта және шағын компаниялар оңайлатылған режимде жұмыс істейді. Біз патент бойынша салық салу режимін қарастырмаймыз, өйткені фискалды органдар бұл режимді алып тас­тауды жоспарлап отыр. ТШР жеке кәсіпкерлер арасында өте сирек қолданылады, сондықтан ол туралы ақпарат алу үшін салық кеңесшісімен байланысқан дұрыс. Ал ауыл шаруа­шылығы режимдерін жекелей қарастырамыз.

Жұмысшылары жоқ ЖК оңайлатылған режим бойынша қандай салық төлейді?

Жұмысшылары жоқ, яғни тек өзі жұмыс істейтін ЖК оңайлатылған режим бойынша мынадай салық төлейді:
• Табыстың 1,5 пайыз мөлшеріндей жеке табыс салығы (ЖТС).
• Табыстың 1,5 пайыз мөлшеріндей әлеуметтік салық (ӘС).
• Қосымша құн салығы (ҚҚС) – жылдық айналым 30000 АЕК-тен асса, айналымның 12 пайыз мөлшеріндей төленеді. Егер тауар экспортқа шығарылса, бұл салық төленбейді.
• Міндетті зейнетақы төлемдері (МЗТ) – қалауы бо­йынша таңдап алынатын 1 АЕК пен 50 АЕК арасындағы табыстың 10 пайызы.
• Әлеуметтік аударымдар – 1 АЕК пен 7 АЕК арасында таңдап алуға болатын мәлімделген табыстың 3,5 пайызы.
Әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік салықты шатастырмау керек. Әлеуметтік аударымдар әлеуметтік сақтандыру қорына жіберіледі, ол жұмыстан шыққан жағдайда жәрдемақы ретінде пайдаланылады. Әлеуметтік салық мемлекеттегі әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне жұмсалады.

ЖК жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша қандай салық төлейді?

Егер ЖК жалпы белгіленген режим бойынша жұмыс істесе, онда ол салықты табыс емес, пайда, яғни кіріс пен шығыс арасындағы айыр­машылық негізінде төлейді. Бұл режим бо­йынша төленетін салық түрлері оңайлатылған режимде айтылған салық түрлерімен бірдей. Тек бір айыр­машылығы, ЖДК үшін салынатын жеке табыс салығын кәсіпкер өзінің кәсіпкерлік қыз­метінің негізінде жылына бір рет есептеп шығарады. Ол жыл сайын ЖТС бойынша декларация өткізуге міндетті.

Жұмысшылары бар ЖК оңайлатылған режим бойынша қандай салық төлейді?

• Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы жұмысшылары бар болса, онда оларға да салық төленеді.
• Сондай-ақ қызметкерлердің әрқайсысы үшін ЖТС (жалақының 10 пайыздық мөлшеріндей) төленеді. Бұл салық жұмысшылардың жалақысынан ұсталады.
• Қызметкердің міндетті зейнетақы төлемдері (МЗЖ) – бұл да жеке табыс салығы секілді, жалақының 10 пайыздық мөлшеріне тең.
• Әлеуметтік аударымдарды есептеп шығару үшін зейнетақы аударымдары алынып тасталған жалақының 3,5 пайызын алу керек.
• Әрбір жұмысшы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жалақының 1,5 пайыз мөлшеріндей жарна төленеді, бірақ бұл ретте жалақы 10 ТЖМ-нан аспауы тиіс.
• Оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданатын ЖК өз қызметкерлері үшін әлеуметтік салық төлемейді. Ол кәсіпкерлік қызмет нәтижелері бойынша есептеледі.
• Сонымен қатар, жеке кәсіпкер өзі үшін де міндетті зейнетақы жарнасы (10 пайыз) мен әлеуметтік аударымдар (3,5 пайыз) төлейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button