Басты ақпаратРуханият

Жұлдыз боп жарқыраған дара дана

«Қазақтың қасиетті топырағы XX ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Ол – Баянауылдан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Қ.И.Сәтбаев – аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқ жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды».

                                                                                     Жазушы Медеу Сәрсекеев

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты» дейді дана халқымыз. Шынымды айтсам, мен өзім Қаныш Сәтбаевты өмірімде бір-ақ рет қана көрдім. Бұл 1956 жылы болатын. Павлодар облысы Май ауданына қарасты Киров атындағы кеңшар директоры әкем Жолтай Байғазыұлы сегізінші сыныпқа көшкенде мені Алматыда тұратын апамның қолына жіберді. Алматыда қазақ мектебін іздеп сарсаңға түстік. Сөйтсек, Қазақ КСР-ы астанасы Алматыда сол кезде жалғыз ғана Киров атындағы қазақ мектебі бар екен.

Бұл мектептің ерекшелігі тек жалғыздығында ғана емес. Мектептің материалдық жағдайы үнемі Қазақ КСР-ның оқу-білім министрлігі мен Алматы қалалық оқу-білім басқармасының назарында болды. Тағы бір ерекшелік мектепте оқитын балалардың көбінің әкелері ақын-жазушылар мен артистер болғандықтан болар. Апта сайын мектеп басшылығы бізді есімдері елге танымал жазушылармен, артистермен және ғалымдармен кездесулерін ұйымдастырып отырды. Ең алғашқы кездесуіміз Мұхтар Әуезовпен, содан кейін Мәлік Ғабдуллинмен болды. Осы екі кездесуден кейін мұғалімдеріміз қоятын сұрақтарымызды мұқият ойланып қою керектігін ескертті. Әсіресе, Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Сәтбаевқа қоятын сауалдарыңды ойланып қойыңдар деп талап қойды. Келмей жатып академик қандай екен, уақытында келе ме жоқ, бұрынғы ағалар сияқты кешігіп келе ме екен деп ойымызды сан-саққа жүгірттік. Ғылым туралы түсінігіміз шамалы болғандықтан, қандай сұрақ қоярымызды білмей қиналған едік. Акт залына кірген тарих пәнінің мұғалімі Әлия апай «Ал, балалар, тынышталыңдар, академик келді, залға кіргенде түгелдей түрегеп, қол шапалақтап, қошеметтеп қарсы алыңдар деп ескертуі сол еді, есіктен мектеп директорымен бірге академик Қаныш Сәтбаев кіріп келді.

Бойшаң келген академикке қою шашы да, киім киісі де жарасып тұрды. Бірден қатарда отырған оқушылардың арасынан өтіп бара жатып, кейбіреулерінің жанына бөгеліп, шаштарынан сипап өтті. Сөзі анық, баяндамасында түрлі теңеулер мен мақал-мәтелдерді қосып отыр­ды. Біздің ұққанымыз Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан аймағын жетік білетіні, оның қай жерінде қандай қазба байлықтарының және қай мөлшерде бар екенін жатқа білетіні аңғарылып тұрды.

Кездесу екі жарым сағатқа созылды. Ғалымның сөзінен ұққанымыз, біздің Қазақстан қазба байлықтарына ең бай өлке екен. Оның көбі әлі игерілмей жатыр. Ол үшін республикамыздың әр аймағында қажетті завод-комбинаттар салу керек. Сол өндіріс орындарына қажетті мамандар даярлау да – кезек күттірмейтін міндет.

– Сендердің көбің еліміздегі өндіріс орындарына қажетті мамандық алуларың керек. Ол үшін білімді болу, табиғи байлықты игере білу білікті мамандарға байланысты. Сендердің көбің сондай маман болатындарыңа мен сенемін. Бүгін Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев жолдас екеуміз үш жоғары техникалық оқу орнын ашу жөнінде қаулыға қол қойдық. Алматы мен Қарағандыда политехника институттарын, Павлодарда индустриалдық инс­титут ашатын болдық. Өндіріске қажетті инженер мамандығын қалағандарыңа жол ашық. Мектеп бітірем деушілерге сәтті сапар тілеймін, – деп Қаныш Сәтбаев сөзін аяқтады. Сұрақ қойған балалардың қасына барып, қай жақтан келгенін, мектеп бітірген соң қандай мамандық алғысы келетінін сұрап, тиісті кеңестер беруден жалықпады. Жоғарыда аталған институттарға түскісі келетін балаларға жоғары оқу орнын бітірісімен сол арадағы өнеркәсіп орындарында істегісі келетіндерге бірден жатақхана берілетінін және отбасы жағдайына байланысты пәтер алуға болатынын атап өтті.

Осылайша уақыттың қалайша өткенін де байқамадық. Тек қоштасарда Қаныш аға сағатына қарап: – Ал, балалар, сендермен кездесу маған да қызықты болды. Мен сендер сияқты бала кезімізде оқитын осындай еңселі ғимарат болған жоқ еді, сабақ беретін білімді мұғалімдер ол кезде атымен жоқ болатын. Сендерге дәріс беретін ұстаздардың көбінде жоғары білімді мамандар екен. Бұл қандай мақтаныш?! Сондықтан қолдағы осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланыңдар, болашақ сендердің қолдарыңда, оны уыстарыңнан шығарып алмаңдар. Баршаңа сәт-сапар тілеймін, – деп қоштасты.

Содан бері қанша уақыт өтсе де Қаныш ғалымның келісті келбеті мен ұлағатты сөзі көкірегіміз бен көзімізден кетер емес. Ұлылық ұлыға ғана жарасады демекші, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың асыл тұлғасы мен қалдырып кеткен өлшеусіз мұрасы қазақ халқы мен қоғамымызда үлгі өнеге ретінде ұрпақтан ұрпаққа рухани азық болып қала береді. Өкінішке қарай, өзі жоқтың, көзі жоқ дегендей, Сәтбаев дүниеден өткен соң оның соңынан неше түрлі қисынсыз ғайбаттар айтатындар, оның мәңгілік елге қалдырған ғылыми мұраларына күдікпен қарайтын пысықайлар табылды.

Өзінің шәкірті дарынды ғалым, Шахмардан Есенов ағамыз Қаныш Имантайұлы өмірден озған соң оның бұрын тұрған үйінің жанынан өтіп бара жатса, үйдің тып-типыл екенін байқап, үй қайда кетті деп сұрастыра бастаса, оны Асқар Қонаев тау жақтағы саяжайының жанына орнатып, монша ретінде пайдаланып отыр екен. Бұл масқара жайды Асқардың ағасы Дінмұхамед Қонаевқа айтып барса, ол кісі дереу тиісті шара қолданудың орнына ғалым, әрі министр Шахмардан Есеновті Маңғыстау аймағына барлау экспедицияның бастығы етіп жіберген.

…1979 жылдың 12 сәуірі болатын. Әдеттегідей таңғы шәйімізді ішіп, зайыбым екеуміз жұмысқа кетеміз деп жатқанда телефон шылдыр ете қалды. Телефон тұтқасын алсам, ар жағынан Сара апамыз (академик Манаш Қозыбаев көкеміздің зайыбы) екен: – Мейрам, Манаш ағаларың кешке әдеттегідей біздің үйде жиналыңдар дейді. Өзі академияда Қаныш Сәтбаевтың 80 жылдығына байланысты жиналыста болады. Содан кейін үйге келеді. Манаш көкеміз осындай елеулі кездесулерден кейін үйге жастарды жинап, «ликбез» өткізуді дәстүрге айналдырған.

Қаныш Имантайұлы ғылым, білім ісіне ерте араласып, қарадан шыққан хан тәрізді еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жетік білетіндігін танытты. Мұндай тұжырым жасауыма себепкер болғаны мен аралас-құралас болған орта маған жат емес еді. Олардың қатарында жерлес академик ағам Жабайхан Әбділдин, академик Манаш Қозыбаев, Мәскеуде парламент тілшісі қызметін атқарып жүргенімде танысқан академик Өмірзақ Сұлтанғазин, Қаныш ағаның ізбасарлары академик Шопық Шокин, Шахмардан Есенов және Кенжеғали Сағдиевтер болатын.
Белгіленген уақытта баршамыз Манаш Қозыбаев үйінде жиналдық. Ол кісінің інісі Сағымбай, қарындасы Әлия, өзінің ұлы Ілияс, ағасы Оразалының ұлдары бәріміз жиналып, әңгіме құрып отырмыз. Кенет есік қоңырауы сылдыр ете қалды. Есік ашылып, үйге асыға кірген Манаш көкеміз біздің сәлемімізді қабылдамай, бірден өз бөлмесіне кіріп кетті. Көкеміздің шығатын түрі жоқ. Баршамыз үрпиісіп «не болды екен?» деп отырмыз. Жарты сағаттан кейін көкеміз бөлмесінен шығып залға келді. Бар айт­қаны – «Масқара, жетім қыздың тойындай өткізді, Қаныштың әруағынан да қорықпады ғой бұлар» деп бөлмесіне қайта кіріп кетті.

Қаныш Сәтбаев тіршілік жасаған алпыс бес жыл өмірінің 45 жылында елімізде геология, тарих, мәдениет және ғылым салаларында Нобель сыйлығының деңгейіне дейін жаңалықтар ашып, алып дала Сарыарқаны зерттеуге арнады. Ұлы Отан соғысы басталғанда оқ-дәріге қажетті шикі заттар мен заводтар фашистердің қолында қалды. Осындай қиын-қыстау сәтте ел басшысы Сталин ғалым ретінде есімі Кеңес Одағына танымал болған Қаныш Сәтбаевқа Қазақстанда оқ-дәріге қажетті қорғасын, мыс және де басқа шикізаттардың көзін тауып, оны өндіретін заводты қысқа мерзімде іске қосуды тапсырды. Жезқазған өңірінде мұндай завод Сәтбаевтың жанкешті әрекетінің арқасында іске қосылып, әрбір жауға атылатын оқтың сегізі Қазақстанда шығатын болды.
Қаныш Сәтбаев Қазақстанның шикізатқа бай өлке екенін анықтап, оның ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін Ұлы Отан соғысы жылдары республика астанасы Алматыда Ғылым академиясының ғимаратын салдыруға бас-көз болды. Қаныштың бұл бастамасын сол жылдары Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметов қолдап отырды.

Реті келгенде айта кетейін, рес­публиканы қанішер Голощекин басқарған жылдары қазақ зиялыларының соңына түсіп, олардың көзін жоюдың түрлі амалдарын ойластырды. Әсіресе, ұлтымыздың бетке ұстайтын Мұхтар Әуезов пен Қаныш ­Сәтбаевтарды әне-міне тұтқындайды деген қауіп сейілмеді. Осыны сезген ­Жұмабай ­Шаяхметов НКВД-да істейтін қазақ офицерлеріне тапсырма беріп, Мұхтар Әуезовті ұшақпен Мәскеу­ге жөнелттірді. Ал Мәскеу­ге барған сапарында ­Ж.Шаяхметов КСРО ғылым академиясының президенті Александровке жолығып, Қаныш Сәтбаевтың КСРО ғылым академиясында жұмыс істеуі және тұратын пәтер мәселесін шешіп қайтты. Осылайша, ұлтымыздың бетке ұстайтын екі азаматы Жұмабай Шаяхметовтің арқасында аман-есен қалды.

Бірде қазақ радиосы мен телевидение журналистерінің бірлескен лездемесінде комитет төрағасы Камал Смайылов ағамыз сол жылы (1991 ж.) Қазақ КСРО үкіметінің Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 90 жылдығына байланысты көлемді іс-шаралардың белгілегенін, соған орай академик ғалымның өмірі мен ғылыми еңбектерін және азаматтығын жан-жақты көрсету керек екенін міндеттеді. Одан бұрынғы жылдары журналистердің көпшілігі Қаныш Сәтбаев туралы жазғылары келсе де белгісіз себептермен сол кездегі цензурадан аса алмады. Енді, міне, халқымыздың сүйікті перзенті Қаныш Имантайұлы туралы жазыңдар, көрсетіңдер деген нұсқау берілді. Ізденіс барысында менің алғашқы жолыққаным Қ.Сәтбаевтан кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті болған көрнекті ғалым, Қазақстанда энергетика ілімін зерттеп, оны жоғары деңгейге көтерген Шопық Шокин ағамыз болатын. Ғылым академиясының Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтының негізін қалаған алғашқы тұлға. Қ.Сәтбаевтың сенімді ізбасарларының бірі. Ш.Шокиннің басшылығымен Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма ГРЭС-і салынды және Ертіс – Қарағанды каналының жобасы жасалынды. Осы маңыз­ды нысандар қазірде тәуелсіз мемлекет экономикасының басты буындарының біріне айналды.
Шопық ағамызбен үйінде кездестік. Жазу үстелінің үсті кітаптар мен газет-журналдарға толы екен. Өзінің сөзіне қарағанда естелік жазуды қолға алған көрінеді.

– Мейрам, сен Қаныш туралы жазам дегеннен кейін мен сенімен кездесуге келістім. Әйтпесе, уақытты қалай болса, солай рәсуа етуге зауқым жоқ. Қазір журналистер мен жазушылар Қанекеңнің ғылыми еңбегі мен оның нәтижелері туралы жеткілікті жазып жатыр. Қанекең туралы жазбағанда одан басқа қай ғалымды жазбақпыз. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, мен саған Қанекеңнің адами және азаматтық бейнесін сипаттайтын бір мысалды айтайын.
– Қаныш Имантайұлы өмірден озғаннан кейін, Академияның жарлығына сәйкес, оның президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесіне сәйкес, мен президент болып сайландым. Сонымен бірге Қазақ КСР Ғылым академиясының президент лауазымы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болуы тиіс. Кезінде Қаныш Имантайұлы тек депутат қана болған емес, сонымен бірге Жоғарғы Кеңестің ғылым-білім комитетінің жетекшісі қызметін бірге атқарған еді. Осы қызметтерге кіріскеннен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламент делегациясы Канада парламентінің шақыруы бойынша сол елге бардық.
Канаданың астанасы Оттавадағы зәулім алаң Ленинградтағы Революция алаңына ұқсайды екен. Алаңды асықпай аралап жүргенде кенет қарсы алдымнан аласа бойлы адам шыға келіп, шала-шарпы орыс тілінде: – Вы не из Казахстана, – деп сұрақ қойды.
– Да, я из Қазахстана.
– Вы знаете Сатпаева, как он живет?
– К сожалению, он скончался деуім мұң еді, жаңағы жапон азаматы еңіреп жылап жіберді. Жай жыламай, Қанекеңді жоқтағандай, дауысын шығарып жылауы мені ыңғайсыз жағдайға қалдырғандай болды. Бейтаныс адамдар мен оны жәбірлендіріп жіберген шығар деп ойлауы мүмкін. Сөйтіп, жаңағы жапон азаматын әрең дегенде тыныштандырып, өзі туралы сұрай бастадым.
Сөйтсем, ол тұтқынға түскен жапон солдаты болып шықты. Ғылым академиясының ғимаратын салып бітірген жапондардың бірі екен. Қаныш Имантайұлы сол жылдары жұмысқа келісімен күнделікті әдеті бойынша құрылыстың барысымен танысып, тұтқындағы жапон солдаттарымен сөйлесіп, қал-жағдайларын біліп тұратын еді. Қаныкеңнің осындай адамгершілігіне тәнті болған жапон солдаттарының көңілінде Қаныш Имантайұлының адами қасиеті берік орын алғанының куәсі болдым деп, – Шопық ағамыз естен кетпес сол кездесуді есіне алды.

Қаныш Имантайұлын білетін замандастарының айтуынша, Хрущевті бірбеткей қалпынан қайтарып, оны тұқыртып тақыр жерге отырғызып кеткен, сөйтіп, өз дегеніне жеткен ұлтымыздың мақтанышына айналған екі асыл тұлғамыз болса, олар Жұмабек Тәшенев пен Қаныш Сәтбаев екенін біздің жастарымыз білгені жөн.

Қаныш Сәтбаевтың бүкіл саналы да салиқалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын сол адал еңбегінен тапқан өнегелі өмірі тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек.

Қаныш Сәтбаев – ақиқат жолында биік тұлға. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған, аялы алақанды, ыстық ықыласты сирек тұлғамыз еді. «Ұлағаты мол азаматты аспандатқан ел азбайды» дейді халық даналығы. Өнегелі адамдармен ғана өміріміз мәнді болатынын естен шығаруға болмайды. Аллаға шүкір, ондай асылдарымыз біздің тарихымызда аз болмаған. Солардың біреуі де, бірегейі – тұңғыш академик ғалымымыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның құрметті журналисі, Астана
қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button