Басты ақпаратМәдениет

Жұмбақ жан

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен «Жан» моноспектаклінің премьерасын тамашалағанда жадымызда ұлы Абайдың осы өлең жолы жаңғырды. Қойылым жанры анықтап тұрғандай да, мұнда бір ғана кейіпкердің жағдайы баяндалады. Оның өзі жай адам емес, ұлтымызға темірқазықтай түзу жол нұсқап келе жатқан хакім Абай. Яғни, моноспектакльде Абайдың жанкүйзелісі, өз-өзімен арпалысы, азабы көрініс табады.

Бұл ауыр тақырыптың идеясын аталмыш театр репертуарындағы «Абай» трагедиясында жас Абайды сомдайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов ұсынып, қойылымның режиссері, таяуда ғана «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленген Фархат Молдағалимен бірге жүзеге асырды.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, – дейді Абай.
Кезінде Абайдың жанына Мұхтар Әуезовтен бастап, Рамазан Тоқтаров, Тәкен Әлімқұлов, Дүкенбай Досжан сынды ұлтымыздың қабырғалы қаламгерлері үңілді. ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты Алаш қайраткерлері абайтану іліміне соқпақ салды. Алайда осы күндерге дейін Абайдың жұмбағын шеше алмай келе жатырмыз. «Жан» моноспектаклінен соған тағы бір талпынысты байқадық. Бірақ актердің бейнені сомдауынан гөрі, сахнаға қойылған заттардан данышпанымыздың жанын түсінгендей, қойылым авторларының айтқысы келгенін аңғарғандай болдық. Бұл заттар көп те емес.
Атап айтсақ, әр орта мектепте кездесетін тақтадан данышпанымыздың ілім-білімге құштарлығы көрінеді. Халқымызда «Тамшы тас жарады» деген сөз бар. Сол сияқты төбеден тасқа тамған тамшыдан Абайдың сөзі түбінде жетер жеріне жететіні аңғарылады. Ал сахнаның ортасындағы шеңбер бірнеше ойға жетелейді. Біріншіден, Абайдың сол заман ағымына лайық бір шеңберге қамалғанын, содан шыға алмай аласұрғанын көрсетсе, екіншіден, шеңбер біздің көзімізге глобус болып көрініп, Абай тұлғасын кешірек болса да әлем танитынын байқатады.
Адам топырақтан жаралды деген түсінік бар. Абай болса, «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ» дейді. Кезі келгенде баратын жеріміз белгілі. Қойылымдағы бас кейіпкердің топырақпен жасайтын әрекеті соған сайып, бұл дүниенің өткіншілігіне тағы бір көз жеткізеді.
Моноспектакльге алынған музыка – Абайдың «Сегіз аяқ» әні қойылым табиғатын ашты. Әсіресе, әндегі «Моласындай бақсының жалғыз қалдым – тап шыным» деген жолдар. Біздіңше, қойылымның бір кемшілігі – бас кейіпкердің, яғни Абай-Нұркеннің айтатын сөздерінде жүйесіздік орын алды. Бізге мәтін Абайдың қара сөздерінің әр жерінен үзіліп-жұлынып алынғандай көрінді. Қойылым жетілдірілетін болса, осы жағына көбірек назар аудару керек деп есептейміз.
Әрине, бір сағаттан сәл асатын қойылымда Абайдың жанын толық ашып көрсету мүмкін емес. Әртіс те рөлін ойнаған сайын шыңдала түсетіні белгілі. Көрермендер тарапынан Абайдың тек күңіренетін емес, шаттанатын тұстарын да көрсетсе деген тілек айтылды. Олай болса, бұл моноспектакльдің жалғасын күтеміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button