Әлеумет

ЖҰМЫС БЕРУ – ҮЛКЕН КӨМЕК

Жұртшылыққа жұмыс тауып беру жағынан елорда алда тұр. «Екі қолға бір күрек» іздеп, Жұмыспен қамту орталығына жүгінгендердің 77 пайызы жұмыспен қамтылған.

????????????????????????????????????

Биылғы жарты жылдықты қорытындылаған Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы осындай қорытындыға келіп отыр. Осы жылдың басынан бері Жұмыспен қамту орталығына 6 990 адам келген. Олардың 3 710-ы жұмысқа орналастырылған. Нақтылап айтқанда, 101 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 284 адам жастар практикасына жіберілген. Жалпы қоғамдық жұмыстарға тартылғандар саны – 1079.

Ал бүгінде 540 адам кәсіптік даярлау мен қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарын оқып жатыр.

Елімізде еңбек және халықты жұмыспен қамту саласында бірегей мемлекеттік саясат пен мемлекеттік бағдарламаны іске асыратын мемлекеттік органның құрылуына биыл 5 жыл толды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №316 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы еңбек нарығының тиімділігін арттыруға септігін тигізіп, жұртшылықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін белсенді шаралар жиынтығына айналды. Бағдарлама аясында табысы аз, жұмыссыз халықты қайтадан кәсіби даярлықтан өткізіп, белгілі бір мамандыққа баулып, біліктілігін арттыруды көздейді. Мұндағы шараларды іске асыру мақсатында 2011 жылдың 7 шілдесінен бастап Қазақстанның әрбір облысында, әрбір аумағында Жұмыспен қамту орталықтары құрылған болатын. Осылайша, елордамызда Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ құрылды. Бүгінде мекеме қаланың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда. Осы бес жылда мол тәжірибе жинақталды. Жұмыспен қамту қызметі жұмыссыз азаматтарға нақты қолдау көрсететін құрылымға айналды, ал бөлімнің мамандары өз ісін жақсы игеріп, халыққа қызмет етуде.

Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасына ауыстырылып, іс жүзінде өзінің өзектілігін, тиімділігін дәлелдеді.

2011-2016 жылдар аралығында «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 1269 жұмыс орны құрылды. Кәсіптік оқыту шараларымен 10 мыңнан астам адам қамтылды, 1700-ден астам адам қоғамдық жұмыс орындарына жіберіліп, 4 мыңнан астам түлектер жастар практикасынан өтті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button