Мәдениет

Журналистің жинағы жарық көрді

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде журналист-публицист, дипломат, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлсім Еңсепованың «Ұшқыр қалам» атты кітабының таныстырылымы өтті.

«Бұл еңбекте автордың ұшқыр қаламымен еліміздің тәуелсіздікке ұмтылысы, оған қалай қол жеткізгеніміз және одан кейінгі жылдардағы ел өмірінің тыныс-тіршілігі шынайы жазылған. Жинақ Кеңес Одағы ыдырап, жаңа тәуелсіздік таңы атқан шақтағы егемендік тынысын қаз-қалпында көрсетуімен және материалдарды журналистика жанрларына бөліп беруімен құнды» деп факультет деканы Қайрат Сақ жиынды ашып берді.

Таныстырылым барысында Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тіл басқармасының басшысы Жәнібек Жұмбергенов Сыртқы істер министрі­нің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың кітап шығуына орай құттықтау хатын табыстады. Іс-шараға сондай-ақ ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, жазушы Айгүл Кемелбаева және бір топ студент қатысты. Бұқара Гүлсім Еңсепованың журналистикаға тың серпін әкелгенін атап айтты.

Кітапта қаламгердің әр жылы бұрынғы «Социалистік Қазақстан» – бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің және өзге де басылым беттерінде жарияланған публицистикалық туындылары ішінен таңдамалылары іріктеліп, топтастырылған. Аталмыш еңбек жалпы оқырман қауымға және жас журналистерге арналған. Шығарма «Парламент – заман тоғысында», «Халықаралық қатынастар қанат жаяды», «Сырға толы сұхбаттар», «Ел өмірінен репортаждар» атты бірқатар бөлімнен тұрады. Туындыда халық­аралық тақырыптарды қозғаған журналистің Иран, Әзербайжан, Қытай елінен жазған жолсапар очерктері, шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен сұхбаттары, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы республиканың сыртқы саясаты, шет елдермен байланысы сынды маңызды жайттардан сыр шертеді. Автордың журналистика­дан дипломатиялық қызметке ауысуына халықаралық тақырыпқа жиі қалам тербеуі септігін тигізгені мәлім. Бұл кітап – әсіресе халықаралық қатынастар тақырыбына қызығатын болашақ дипломат-журналистер үшін таптырмас құрал.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button