Мәдениет

Театр сахнасында – өмірдегі оқиға

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі желісімен сахналанған әдеби шығарма аттас драманың премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Әли Бидахмет.

Қойылым авторлық баяндау тәсілімен басталып, өрбіп отырады. Өмірбаян туындысы еш қоспасы жоқ шынайы өмірге негізделген. Сонысымен тартымды болып отыр. Мұнда туған әкеден ерте қалып, нағашылардың, одан кейін қатыгез өгей әкенің қолында өскен жетім баланың аянышты өмірі баяндалады. Бас кейіпкер – ақынның бала бейнесі.

Бір айта кетерлігі, әдеби туынды араға аз уақыт салып, биыл екі театрда қатар сахналанды. Алматылықтар осы атаумен спектакльді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан тамашалады. Ал астаналықтар театр реформаторының атауы берілген өнер ошағынан көріп, көл-көсір әсер алды.

Осыдан 15 жыл бұрын жазылған повесті автор шығармаларын бала кезінен сүйіп оқыған көрнекті қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың рухына арнады. Прозаға қалам тартуының себебі – іште жиналып қалған күйзелісті шығару. Жалпы кез келген шығармашылық иесінің қиын тағдыры болмаса, құдіретті туындылардың тууы неғайбыл. Аталмыш шығарма соған тағы көз жеткізеді. Автор Астанадағы премьераға қатысып, оны жазудағы мақсаты жайында айтты.

«Бұл – кез келген ауылда орын алуы мүмкін оқиға. Жетімдік проблемасы тек қана қазақтың емес, бүкіл әлемнің проблемасы. Сондықтан бұл шығарманы жазған кезде, бір жетім баланың қолына түссе, оның болашағы өзінің қолында болып, талпынса үлкен азамат болатынын, шуақты, жарқын өмірге жететінін білсін деп жаздым. Екіншіден, қолында жетім бала бар, жетім асырап отырған үлкен кісілер сондай баланың жан дүниесі мүлдем басқа болатынын түсінсін, оның нәзік, жараланғыш жүрегін аясын, басынан сипап қойсын деген алдымда мақсат тұрды» деді ақын Ақберен Елгезек.

Премьераға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов қатысып, кезінде осы шығарманы оқып әсерленгенін айта келе, авторды театр ұжымы атынан «Ә.Мәмбетов атындағы» төсбелгімен марапаттады. Спектакльде әртістер еңбегін ерек атап өту керек, барлығы өзіне бекітілген рөлдерді беріле кескіндеп шықты. Бас кейіпкер, яғни бала Ақбереннің бейнесін актер Қазбек Аманжол сомдады. Бізге Ақоштың Семей полигонының зардабынан мүгедек болып қалған ағасы Данышпанды ойнаған актердің өнері ерекше ұнады.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, сенатор:

– Бір күлдіріп, бір күңіренткен, көрермен көңілінің пернелерін басып, жүрегін сыздатып, көзіне жас келтірген қойылым қоғамдағы бұрынғы мен қазіргі дерттерді көрсетеді. Дөп басады. Ойландырады.

Әуел баста шығармаға арқау болған баланың ішкі, сыртқы арпалысы енді көрерменді сол сезімді сезінуге, сол ортаның арасында болуға мүмкіндік беріп отырғандай. Бір күнде әкеден айырылып, анадан тірідей жетімдік көрген, өгей әке қорлығын сезген, тауқыметті бала кезден белі қайысып көтерген Ақош – басты кейіпкер. Ақош – әдеттегі қойылымдағыдай көркем қиялдың туындысы емес, өмірде бар, ақынның өзі. Өзіміз білетін – Ақберен.

Қоюшы-режиссері Әли Бидахметтің алғашқы еңбегінің бірі екеніне қарамастан, тың тәсіл, әдемі шығармашылық қолтаңбасы, фәлсафалық қадамы айқын байқалады. Сахнаға «Москвич» көлігін айдап келу, сіркіреп жауған жауын, күн күркіреп, найзағай жарқырауы сияқты жаңа техника тәсілдерін де көркем пайдаланады. Спектакльді әсем әуенмен көркемдеген Сұлтан Тұрсынбеков те көрермен көңілінің кілтін тауып, шығарманың шынайылығын күшейте түскен. Актерлердің бәрі өз рөлін сондай шынайы сомдап, олардың актер екенін тіпті ұмытып кетесің.

Жалпы қазақ театрында өрлеу дәуірі басталғандай. Залда ине шаншар жер болмады. Бір жарым сағаттық қойылымды екі аяғынан тік тұрып көріп шыққан көрермендер – Атырау, Шымкент, Семейден дәл осы премьераны көруге келген ағайынды көріп қуандым. Қоғам мұндай шынайы дүниеге шөліркеп қалған. Ұлтты моральдық азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын, руханиятымызды күшейтетін осындай дүниелер көп бола берсін!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button