Басты ақпаратСараптама

Визасыз режим: Неден ұтамыз, неден ұтыламыз?

Қазақстан – Қытай арасындағы визасыз режим шартын әлеуметтік желі белсенділері қызу талқылауда. Бірі – қытайланатын болдық деп дабыл қақса, екіншілері – экономика тұрғысында ұтатын болдық деп сүйіншілеуде. Әрине, бұған біржақты пікір білдіріп, уақыттан озуға әсте болмайды. Сарапшылардың пікірін сұрап, визасыз қарым-қатынастың мән-маңызы туралы білдік.

ЕЛ НЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ?

Газеттің өткен жылғы №97 (4375) нөмірінде «Қытайдың қуаты һәм мұраты» атты сараптама мақалада ресми Пекиннің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын жан-жақты талдап, экономикалық тұрғыда дамуының себеп-салдарын сараладық. Сонда Африка елдеріне жүргізген экономикалық экспансиясы туралы деректерді келтірдік.

2000 жылы Қытай – Африка ынтымақтастығы форумы аясында екіжақты әріптестік қарым-қатынас орнап, 2019 жылға дейін Қытай Африканың 54 елінің 52-сіне инвестиция салады.

Қытай мен Африканың солтүстігіндегі елдердің орташа қашықтығы – 7-8 мың шақырым. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы шекараның ұзындығы 1,8 шақырымды құраса, екі елдің арасындағы арақашықтық ­–­ жүз қадам.

Екінші жағы, Қытайда жер бетіндегі адамның 20 пайызы өмір сүреді. Мәселен, Чунцинде – 30,7 миллион, Шанхайда – 23,4 миллион, Пекинде 21,8 миллион тұрғыны бар. Яғни бір ғана мегаполисіндегі халық Қазақстаннан екі есе көп.

Тұрсынхан Зәкенұлы, қытайтанушы:

– Сөзсіз, кез келген мәселеге екі қырынан қарау маңызды. Әлемде туризм саласын дамыту арқылы бюджетіне қыруар қаржы түсіріп отырған елдер көп. Біздің билік осы тұрғыдан қарастырып отырғаны анық. Негізі туристік турға 15 күн жеткілікті емес пе?! Қытайдан турист ретінде келгендер қайда барады, нені көреді? Осының нақты жоспары бар ма? Сосын оларға қызмет көрсететін орталықтардың инфрақұрылымы өз деңгейінде ме? Қытай тілін меңгерген гид-экскурсоводтар бар ма? Әлде олар өздерімен гидті әкеле ме? Олай болса, Балқаш көліне дейінгі жерлер біздікі деп насихаттап жүрсе қайтеміз? Міне, осы жағын пысықтап алу керек.

Әрине, біздің азаматтар Қытайға барып, қалып қоймайтыны белгілі. Ал қытайлықтар біздің елде қалудың түрлі жолын тапса не істейміз? Осы жағы күмәнді. Екінші жағы, қытайлықтар Қазақстанды транзит етіп, өзге елдерге кетуді мақсат етуі әбден мүмкін. Үшіншіден, Қазақстанның құқық қорғау саласы – Шекара, Ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік қызметі қаншалықты дайын? Мәселен, Өзбекстанда туристік турмен келген қытайлықтарды шекарадан кіргеннен арнайы маршрутпен жүруін қадағалап, уақыты келгенде ел аумағынан шығарып жібереді.

Әлеуметтік желіде улап-шулап жатқан белсенділер осындай ойды алға тартады. Әрине, бұл – орынды пайым, дұрыс пікір. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

ҚЫТАЙМЕН ҚАТЫНАС НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Жаһандық өлшеммен сараласақ, Қытай – үлкен нарық, импорт алпауыты. 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның астық өндірушілері Қытай нарығын ашпасақ болмайды, бізге нарық керек деп дабыл қаққаны есімізде. Сарапшылар арасында екі ел арасындағы барыс-келіс қатынастың әлсіреуі экономикалық белсенділікке әсер еткенін дәйектеді. Бейресми деректер бойынша 2015-2018 жылы Қазақстанда орын алған террористік актілердің салдарынан Қытай бізді террористік қаупі жоғары мемлекет қатарына қосып, қазақстандықтарға виза беру тәртібін барынша қиындатса, кәсіпкерлер үшін жасанды кедергілер қойды. Сөйтіп, бизнес сапарлар ұйымдастырып, өндірушілердің базасына баруы қиындады. Делдалдар оңтайлы сәтті пайдаланып, араға түсіп, соның салдарынан кәсіпкерлер шығынға батты. Бұл  бағаның көтерілуіне әсер етті.

Бүгінде Қытаймен бизнес және сауда бағытында әріптестік орнатуға ынталы елдер көп. Себебі әлемде орта тап өкілдері жөнінде қытайлықтар көш бастайды. Жыл сайын ғылыми-инновациялық бағытта бір миллионнан аса өнертабыс патенттеліп, түрлі саланың креативті дамуына әсер етуде. Міне, біздің іскер азаматтар осы бағытта тәжірибе алмасуға қызығады.

Қытайдың қуатын алыс-жақын шетелдерге инвестиция құюынан көруге болады. 2021 жылы АҚШ-тағы AidData халықаралық зерттеу орталығы Қытай инвестиция салған шетелдегі ірі-ірі жобаларды талдады. 2000-2017 жылы «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін ресми Пекин 165 елге 385 миллиард доллар жасырын қарыз беріпті. Зерттеу авторы Қытайға Қазақстанның қарызы жалпы ішкі өнімнің 10 пайыз құрайтынын келтіреді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2021 жылдың 1 қыркүйегінде шығыстағы көрші Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі бойынша Нидерланды, АҚШ, Швейцария­дан кейінгі төртінші орында (21,3 миллиард доллар) тұр.

2022 жылдың 1 маусымында Қазақстанда 28,1 мың шетел компаниясы жұмыс істесе, оның 27,4 мыңы – шағын, 346-сы – орта, 265-і – ірі кәсіпорын. Ресей, Түркия және Қытай компанияларының ел нарығында үлесі басым. Әсіресе, қытайлық компаниялардың көмірсутек шикізатын игеруге деген қызығушылығы жоғары екені белгілі. 1997 жылы алғаш CNPC компаниясы келіп, «СНПС-­Ақтөбемұнайгаз» АҚ мұнайды бірлесе игеруге туралы келісімге келген-ді. Содан бері CNPC қазақстандық компаниялардың акциясын бірінен кейін бірін сатып алуда. Бүгінде «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Сазанқұрақ» ЖШС, «Адай Петролеум компани» ЖШС, «Прикаспиан Петролеум компани» ЖШС, «Сағыз Петролеум компани» ЖШС, «Урал Ойл и Газ» ЖШС және тағы басқа компаниялардың акциясына толық немесе жартылай иелік етеді.

Біздің билік CNPC инвестиция құйған компания жұмысшысының 98 пайызы қазақтар екенін алға тартады. Қазақстанның заңнамасына сәйкес, кез келген компания шетелден жұмыс күшін тарту үшін арнайы квота шегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы керек. Енді қаржылық тұрғыдан қарастыратын болсақ, қытайлық азаматар үшін арнайы бағдарламамен қосымша қаржыландыру қаралмаса, біздің жұмыс орындары тартымды дей алмаймыз. Өйткені Қытайдағы күнкөріс деңгейі жоғары және екі елдің валюта арасындағы айырмашылығы 1/60 құрайды. Ендеше қытайлықтарға біздің азаматтарға қарағанда 6 есе жоғары жалақы төлеу керек. Бұл кез келген компанияға экономикалық және қаржылық тұрғыдан өте тиімсіз. Сол себепті Қазақстан нарығына кіргеніне ширек ғасырдан асқан CNPC-ға тек басшылық құрамын ғана әкеледі.

Қазақстанның климаттық жағдайына ұқсас Щыңжаң айма­ғына Қытай билігі инвестиция құйып, халқы тығыз қоныс­танған ішкі өңірлерден көш бағыттағанмен, халқы қоныс аударуға ықыласты болмай тұр. Ал визасыз режим енгізілген жағдайда қытайлықтар біздің елдегі еңбек нарығын жаулап алады деген шындыққа қаншалықты жақын?

Бір нәрсе анық, ол – әлеуметті алаңдататыны визасыз жүйе емес, біздің қоғамда жемқорлық дендеп енгендіктен, Қытайдың бай-бағландары құнарлы жерлерді жең ұшынан жалғасып, жалғап ала ма деген күмән басым.

ВИЗАСЫЗ ЖҮЙЕНІҢ КЕРЕГІ НЕДЕ?

Шыны керек, шегенделген шекараны жауып тастай алмаймыз. Шикізат экспорттау­шы ел ретінде көршілермен барыс-келіс тоқтаса, нарықта тауарлар жетіспеушілігі орын алып, ұлы дүрбелең болуы әбден мүмкін. Қайбір жылы пандемия алқымнан алған кезде амалсыз шекара жауып, тіпті әр облыс, әр аудан, әр ауыл өз-өзімен қалып, дүкендегі сөрелер бос қалып, азық-түлік тапшылығы сезілді. Үкімет пен жергілікті әкімдер нарықтың бағасын құрықтау­ға дәрменсіздік танытып, базардағы баға бірнеше есеге қымбаттап кетті. Өйткені ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмаймыз. Мұны мойындау керек. Олай болса, біз алыс-жақын шет елдермен қатынасты шектей алмаймыз.

Қазақстан әлемдегі 196 елмен емін-еркін қарым-қатынас орнатса, оның 57-сінің азаматтары біздің елге визасыз келіп-кете алады. Бұл қатарда, Түркия, АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Аустралия, Англия, Аустрия, Бельгия, Болгария, Дания, Германия, Грекия, Италия, Испания, Нидерланд, Польша, Португалия, Норвегия, Франция, Швецария, Швеция, Хорватия, Румыния, Чехия, Жапония, Корея, Кувейт, Қатар, Біріккен Араб Әмірлігі, Индонезия, Таиланд және тағы басқа алыс-жақын шет елдің азаматтары туристік саяхат жасауға мүмкіндігі бар. Бұған енді Қытай қосылды.

Үнзила Шапаққызы, Мәжіліс депутаты, заңгер:

«Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер арасында визасыз режим кең қолданылады. Мәселен, Қытай әлемнің 33 елімен визасыз қатынас орнатса, АҚШ-қа 39 елдің азаматы еркін келе алады. Интеграцияланған Еуропа елдері визасыз қарым-қатынасты құптайды. Испания азаматтары – 145 елге, франция­лықтар – 146, германия­лықтар 188 елге визасыз кіруге құқылы. Қазақстанға визасыз режим арқылы шетел азаматтары да келе алады. Алайда әр елмен келісім әртүрлі. Кейбір елдер аэропорттан түскенге дейін рұқсат берсе, кейбір елдің адамы бірнеше жылға дейін тұрақтай алады. Мәселен, Албания, Кос­та-Рика, Молдова, Моңғолия, Ресей, Украина, Колумбияның азаматтары Қазақстанда 90 күн тұруға рұқсаты бар. Түркия мен Арменияның азаматтары – 180  күнге, Грузияның азаматтары 365 күнге дейін визасыз жүре алады. Келген шетелдік азаматтарды тіркеп, кейін елден кеткені Үкімет бекіткен қағидамен бақыланады. Бұған Үкіметтің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 Қаулысы негіз болады. Сондай-ақ Инвестиция­лар және даму министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №1265 бұйрығында Қазақстан аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін инвесторлық виза алуға өтінішхатты беру қағидасы көрсетілді. Әрине, Қытай – алып ел. Оның экономикалық пайдасын да жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, келген әрбір адамды қатаң бақылау керек».

КЕЛІСІМДЕ НЕ КӨРСЕТІЛГЕН?

Естеріңізде болса, Үкіметтің 2022 жылғы 7 шілдедегі №464 қаулысына сәйкес қолайлы инвестициялық ахуал қалыптас­тыру, іскерлік байланыстарды арттыру және елдің туристік әлеуетін одан әрі іске асыру мақсатында Қазақстан, Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін біржақты тәртіппен 14 күнге визасыз режимін ашты.

«Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Қытай Халық Үкіметтерінің арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасы жарияланып, онда қазақстандықтар Қытайда, ал қытайлықтар Қазақстанда туризм, емделу, халықаралық тасымалдар, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсатпен баруға болатыны көрсетілді.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: «Визасыз режим тек туристік және іскерлік сапарларға ғана арналады, жұмыс істеуге құқық бермейді» деп атап өтті.

Егер осы елдердің бірінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағында көзделген мерзімнен ұзағырақ қалуға ниет білдірсе, онда олар мемлекет аумағына кіргенге дейін тиісті визаға жүгінуге тиіс екен.

«Жүк көлігін жүргізушілері визасыз қатынауы біраз мәселені шешеді. Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі ұлғайып, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды. Қазақстан – Орталық Азияда Қытаймен визасыз режим орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз» деді Айбек Смадияров.

Әлемдік экономиканың драйвері саналатын Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Алайда екі ел арасындағы визасыз режимді Қытайда тұратын қандастар қолдана ала ма? Ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы осыған алаңдаушылық білдіріп:

– Қытай үкіметі өз пайдасын ешкімге ұстатпайды. Келісім бойынша екі тараптың азаматтары тең қолданатынын көрсеткенімен, ондағы қандастар мұндай мүмкіндік бермеуі мүмкін. Біздің Үкімет осы жағын пысықтап қойса жақсы болар еді, – деді.

P.S:Жаһанданған заманда оқшауланып отыра алмайтынымыз хақ. Не көшке ілесіп, озық қоғам құрамыз, не шекараны тарс жауып, өз қазанымызда өзіміз қайнап, өркениеттің бағыт-бағдарынан жаңыламыз. Әркімге құшақ жайып жүріп жұтылып кетудің қаупі бар екенін де ұмытпауымыз керек. Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы туралы айтқанда ойымызға ең бірінші осы келеді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button