Қоғам

Жаны жайсаң жан еді

Халқымызда «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деген тәмсіл бар. Бүгінгі мақаламызға басты кейіпкер болып отырған марқұм Әділхан Шабатовтың еліне қаншалықты қадірлі болғанын, оның үйдегі, түздегі өмірінің тағылымы мен тәлімінің тереңдігін Есіл өңірінің жұртшылығы жақсы білер деймін және осы мақаланы оқыған оқырмандар Әділхан Кенжебайұлының азаматтығы мен адалдығына көз жеткізері сөзсіз.

Әдекеңнің соң­ғы қызмет жасаған орны респуб­ликалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болатын. Ағамыздың осы ордада салып кеткен ізі әлі де сайрап жатыр, айтқан ізгі тілектері баршамызға бағдаршамдай әлі де жарқырап тұр.

Әдекең бүкіл саналы да салиқалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-­өркендеуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын сол адал еңбегінен тапқан өнегелі өмір иесі, атқарған игі істерін, бойындағы адами болмыс-бітімі, бекзаттығы мен адамгершілігі, әділдігі мен адалдығы, парасат-пайымы мен қайраткерлігі ерекше тұлға болатын. Тіпті Қазақстанды қырық жылдан артық басқарған халқымыздың сүйікті перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі Әдекеңді қатты сыйлап, оның пікірлері мен ұсыныс­тарына ерекше мән беріп, қолдап жүргенін алдыңғы толқын, зиялы қауым жақсы біледі.

Әділхан Кенжебайұлы Шабатов 1933 жылы 1 маусымда Ақмола облысында дүниеге келді. Сол бір қиындыққа толы ауыр жылдардың халық иығына түскен нәубетін басынан кешкен жастар сияқты Әдекең де қасіретті де қайғылы жағдайларды басынан кеше жүріп ержетті. Әкесі Кенжекең 1942 жылы неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүріп жатқан қырғын соғысқа аттанғанда, Әділхан бастауыш мектепте оқып жүрген тоғыз жастағы бала еді. Әкесі сол жылдың мамырында соғысқа кіріп, қыркүйек айында Воронеж қаласы түбінде фашистермен болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Әдекең Ақмола облысы Қорғалжын ауданының қазақ орта мектебін 1951 жылы үздік бітіріп шықты. Бір айта кетер жай: ол осы мектепте жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарды аса бір ыждаhаттылықпен атқаратын. Осы бір жайтты айтып отырған себебіміз, ол қазақ орта мектебін бітірісімен Магнитогорск қаласындағы пединститутқа түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Диплом алысымен Әдекең осы облыстағы Есіл ауданына қарасты Жақсы станциясында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаздық қызметке орналасты. Сол ұжымда ұстаздық қызметте өзін біліктілігімен, қабілеттілігімен танытты, жоғары беделге ие болды. Жас Әділханның іскерлігі мен талабын байқаған аудан басшылығы жігерлі жасты Есіл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындады. Бұл елімізде Тың игеру науқаны басталған аса бір жауапты кезең болатын. Қоғам сенімі жастар жетекшісі Әділхан Шабатовты шыңдай түсті, небір жауапты кездерде жас Әділхан жақсы мен жаманды айқын ажырата алатын мамандар санатынан екенін аңғартты.

Ел басқару – жа­уапты іс. Осы салада жүріп Әділхан Шабатов еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан дүние­сін жақсы білетін маман екенін танытты. Ауылдың мәде­ниеті, тұрмыс-­тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп, мәдениет ошақтарының жұмысына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем-кетігін бүтіндеп, қадағалауды шаруашылық басшыларынан талап етіп отырды

1955-1959 жылдар аралығында Ақмола облыстық партия комитеті Әдекеңді Қима аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, содан соң Қима аудандық партия комитеті ұйымдас­тыру бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне тағайындады. Осындай жауапты қызметте жүріп, ауданның экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және осы салаларды басқаратын мамандарды тауып орналас­тыруда Әдекең көп үлес қос­ты. Түрлі деңгейдегі шаруа­шылық тетіктерінің талапқа сай шешілуіне өзінің білімі мен күш-жігерін, тәжірибесін аямай жұмсады.

1959 жылы Ақмола облыстық партия комитеті Әділхан Шабатовты облыс­тық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлап, жас маманға зор сенім артты. Әдекең бұл жұмысты да аса табандылықпен атқара білді.

1961 жылы Қазақ КСР-­інде Тың өлкесі ұйымдас­тырылды. Тың өлкесінің басшылығы Әдекеңді Тың өлкелік кәсіподақ ұйымының бөлім меңгерушілігіне ұсынды. Бірақ Әдекең бұл жұмыста көп болған жоқ. Сол жылдың ортасында Әділхан Кенжебайұлы Ақмола облысы халық депутаттары Вишнев аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, көп кешікпей төраға қызметіне сайланды.

Ел басқару – жауапты іс. Осы салада жүріп Әділхан Шабатов еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан дүние­сін жақсы білетін маман екенін танытты. Ауылдың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп, мәдениет ошақтарының жұмысына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем-кетігін бүтіндеп, қадағалауды шаруашылық басшыларынан талап етіп отырды.

Әділхан Шабатовтың ұйымдастыру қабілетінің қарымын байқаған облыс басшылығы оны экономикасы құлдырап жатқан Атбасар ауданына атқару комитетінің төрағалығына, көп ұзамай бірінші хатшылығына таға­йындады. Атбасар Қазақстан көлеміндегі ертеден келе жатқан тарихи, іргелі де көне қала болатын. Аудан көлемінде және Атбасар қаласындағы өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында шешілмеген мәселелер, әсіресе халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын көтеруге байланысты жұ­мыстар өскелең уақыт талабына сай емес еді.

Әділхан Кенжебайұлы аудан көлеміндегі проблемалардың қандай себептерге байланысты болғанын зерттеген соң, аудандық партия комитетінің бюро мүшелері мен атқару кеңесінің активтерімен ақылдаса келе, ауданның экономикасы мен мәдени-тұрмыстық жағдайын өркендетудің бағдарламасын жасап, оны республиканың, облыстың, басқарушы органдарының алдына қойды. Әрине, басында мұндай күрделі шешімге сын көзбен қарағандар да, оған сенбейтіндер де болғаны рас. Бірақ қалың көпшіліктің қолдауының арқасында бағдарламада көзделген мәселелердің жүзеге аса бастағанына көп ұзамай көзі жетті.

ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев Әділхан Шабатовтың басқару жұмысындағы қабілеті мен мәселе шешудегі іскерлігін бағалай келіп, оны 1969 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Бұл оқуды Әдекең 1971 жылы қызыл дипломмен тәмамдап шықты.

Елге келісімен облыстық партия комитеті Әділхан Шабатовты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындады. Жауапты осы қызметті атқарған бір жылдан соң облыстық партия комитетінің басшылығы Ә.Шабатовты кіндік қаны тамған елі – Қорғалжын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындады.

Қорғалжын ауданы облыстың басқа аудандарына қарағанда экономикасы құлдыраған аудандардың қатарында болатын. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан қазақ ауданының орталығында және шалғайдағы 14 шаруашылықтардың мекенжайларының арасында асфальт түгіл, грейдер жолдар да төселмеген еді. Шаруа­шылықтардың көпшілігінде су құбыры жүргізілмеген, ауыз судың өзін қысы-жазы тасымалдап ішетін. Арқа өңіріндегі шежірелі өлке, қойнауы тұнған тарих, талай тума таланттар шыққан өнер ордасы – атақты Қорғалжын ауданының жағдайы жан ауыртар күйде болатын.

Алғашқы жылдары бұл ауданда жұмыс істеп, жағдайды түзеу Әдекеңе оңай болмады. Бірақ қабілетті басшы қиындықтың бәрін жеңе білді. Осы ауданда өзі қызмет атқарған 11 жылдың ішінде Қорғалжын елі барлық жағынан өсіп, өркендеп, алдыңғы қатардағы аудандардың қатарына қосылды. Әдекең қызмет еткен жылдары ауданда жаңа Мәдениет сарайы салынып, теледидар желісі тартылып, іске қосылды, көптеген көше мен алаңға асфальт төселіп, басқа да жолдар күрделі жөндеуден өтті. «Сельхозтехника», «Заготзерно», «Автобаза» сияқты халыққа қызмет ететін мекемелер кеңейтіліп, жаңа құрылыстар салынып, ел тілегіне сай жұмыс істей бастады. Бір шеті Шұбаркөл көмір кешеніне дейін жеткен ұзындығы 1200 шақырым жоғары кернеулі электр жү­йесі тартылды. Қорғалжын ауданының көлемінде жаңадан Теңіз ауданы құрылып, өз алдына ел болып шықты. Айта берсе, басқа да жүзеге асқан жарқын істер жетерлік. Бүгінгі тәуелсіздік жылдары ауданның ежелгі тұрғындары әкімдердің ісіне көңілі толмаса, «Әділхан Шабатов басқарған жылдар-ай» деп ол кісінің іскерлігі мен азаматтығын сүйсіне еске алып отырады.

1983 жылы Әділхан Шабатов облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағалығына жоғарылады. Екі жыл осы қызметті абыроймен атқарған Әдекеңді облыс басшылығы проблемасы шаш етектен келетін Теңіз ауданы атқару комитетінің төралығына тағайындады. Әдекең жергілікті халықпен тығыз байланыста бола біліп, күрделі мәселелердің шешілуіне мұрындық болды. Алайда ұзақ жылдар бойы тынымсыз атқарған жұмыстар, күндіз-түні демалмастан істеген істер Әдекеңнің денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. 1987 жылы Әдекең денсаулығына байланысты зейнетке шықты.

Әдекең зейнетке шық­қанмен, қоғамдық өмірден тыс қалған жоқ. 1997 жылдан бастап Қазақстан Рес­публикасы Президентінің қолдауымен республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Әділхан Шабатов 1975 және 1980 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Кеудесіне «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдарын тақты. Замандастарының «Әділхан деген аты өн бойы­на сондай жарасым беріп, айналасына жарық сәуле түсіріп тұрғандай көрінеді» деп мақтауы тегін айтылған сөз емес. Бұл Әдекеңмен көп араласқан дос-жарандардың оған берген лайықты бағасы деп білу керек.

Әдекеңнің өмірден озуының өзі кенеттен болды. Әдекеңнің кабинетіне кірген сол жылдардағы рес­публикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақтай ­Сағдиев оның түрінің бозарып отыр­ғанын көріп, бірдеңені сезгендей: – Әдеке, мына түрің маған ұнамайды, сен ауырып отырсың, дереу ауруханаға жатып емдел, жұмыс ешқайда қашпайды. Мен жол сапарынан келгенде тап-тұйнақтай сау отырғаныңды көрейін, – деп жылы қоштасып еді. Тағдыр­дың жазғаны сол болар, бұл екі достың соңғы рет дидарласқаны екен.

Асыл аға, жатқан жерің торқа, алдың жарық болсын, сенің жарқын бейнең достарыңның, туған-туыстарыңның жүрегінде мәңгілік сақталады.

Сансызбай ЕСІЛОВ,

Астана қалалық ­Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button