Білім

1-сыныпқа – 26 мың оқушы

Бейсенбі күні елорданың барлық мектебінде алғашқы қоңырау сыңғырлады. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа  26366 бала мектеп табалдырығын аттады.

[smartslider3 slider=3863]

Оқу жылының басында елордада 152 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 225 мыңнан астам бала (өткен оқу жылында – 215074) контингенті бар 99 мемлекеттік және 53 жекеменшік мектеп жұмыс істейтін болады. Бірінші сыныпқа 26000 бала қабылданды (өткен оқу жылында – 25349).

Алғашқы қоңырауға арналған салтанатты іс-шара Нұр-Сұлтан қаласындағы №81 «Astana English School» халықаралық мамандандырылған гимназиясында өтті. «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» деп аталған салтанатты жиын 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне арналды. Қазақ және ағылшын тілінде жүргізілген жиын шын мәнінде мерекеге айналды. Мектеп ауласында оқушылар сап түзеп, 1-сынып жетекшілері және оқушылары шет ел мамандарымен бірге шақырылды, ҚР-ның Мемлекеттік Туы кіргізіліп, бишілер тобының орындауында «Мен жастарға сенемін» музыкалық көрінісі тамашаланды. Оқушылар мен ұстаздар әннен шашу шашып,  бұл күні ұстаздар да, оқушылар да ерекше көңіл күйде болды.

2021 жылдың маусым айында №81 «Astana English School» гимназиясы Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша авторизациядан өтіп, MYP – негізгі орта білім беру бағдарламасы рұқсат етілген дүниежүзілік халықаралық мектеп мәртебесін алды, яғни оқу ошағы еліміз бойынша тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі тұңғыш мемлекеттік мекеме саналады.

Анықтама үшін: 1200 орынға арналған  №81 «Astana English School» гимназиясы 2015 жылдың 1-қыркүйегінде ашылды. Білім ордасының басшысы «Білім беру ісінің үздігі», жоғары санатты ұстаз – Садыкова Гүлнар Дінғуатқызы. Мектепте қазіргі заман талабына сай жабдықталған 54 оқу кабинеттері, 2 – мультимедиялық, компьютер сыныптары, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттің мол қоры жинақталған кітапхана, спорттық, шығармашылық бағыттағы үйірмелер, оқушыларға педагогикалық-психологиялық қызмет көрсету шәкірттеріміздің жаңа танымдық биіктерге көтерілуіне негіз болып отыр.

Гимназияда сабақ қазақ және ағылшын тілдерінде оқытылады. Гимназияға 1-11-сынып оқушылары қазақ тілі, математика және ағылшын тілінен тест тапсыру арқылы қабылданды. 7-сыныптан бастап негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытылады.

Халықаралық мәртебесін алған гимназия 0-4 PYP бастауыш білім беру  бағдарламасына кандидат болып есептеледі, 5-9 сынып MYP негізгі орта білім беру бағдарламасы бойынша авторизация алынды, енді осы оқу жылына 10-11 сыныптарға DP жалпы орта білім беру бағдарламасын жаңадан енгізу жоспарланып отыр.

Қаладағы №81 «Astana English School» халықаралық мамандандырылған гимназиясында ұйымдастырылған алғашқы қоңырау мерекесіне қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.

«Қымбатты, ұстаздар, ата-­аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар! Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен, дәстүрлі жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын! Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші класс бүлдіршіндері үшін өте қуанышты күн. Болашағына қызмет ететін білім кемесіне мінген балалардың алдында жаңа белес тұр. Бұл – білім мен тәрбиені қатар алатын мектеп биігі, белесі. Биыл елордада 8 000 оқушы мектепті тәмамдаса, 26 000 бүлдіршін мектепке барды. Жылдан жылға білім алушылар қатары көбейіп келеді, ол өз кезегінде мемлекет тарапынан білім алатын оқу ошақтарын салуға, мектеп мәртебесін, мектептегі ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын білдіреді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі соңғы 3 жылда 70 мың балаға қосымша 34 жаңа мектеп салғанын айтуымыз қажет. Ол үш ауысымды мектептерді 2 есе азайтуға мүмкіндік береді. Жасалған жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Өйткені ол болашағымызға, жақсы игі істерге қызмет ететіндігі даусыз. Бүгін білім алу үшін мектепке келген барша оқушыларға қадамдарыңыз құтты болсын, болашағыңыз жарқын болсын дегім келеді! Әрине, мектептің жүрегі ол – ұстаздар қауымы. Олардың еңбегі өлшеусіз, сондықтан сіздерге күш-қуат пен кәсіби табыстар тілеймін! Ата-аналарды да бүгінгі мерекемен құттықтағым келеді. Үмітпен жетелеп келген балаларыңыз ертең сенімдеріңізді ақтап, елдің үлкен азаматтары болсын, Білім күні құтты болсын баршаңызға!» деді Есет Берікұлы өз сөзінде.

Салтанатты іс-шарада 1-сынып оқушылары «Аяулы, мектебім», «Первоклашки» әндерін орындаса, мектеп мұғалімдері «Тек алға!» әнімен оқушыларды білім алуға жігерлендірді. 1-сыныпқа білім алушылар ағылшын тілі пәнінен тест, психологиялық сынақ, логикалық тапсырмалар орындау арқылы іріктелініп алынады. Жиын барысында көптен күткен күміс қоңырау соғылды, алғашқы қоңырау соғу рәсімі 1-сынып бүлдіршіндері Әлімбек Байкен мен Айдана Мақсұтқа табыс етілді. Жаңа оқу жылында жаңа мәртебелі статусқа ие болған білім ордасының тәжірибелі ұстаздары мен білікті мамандары оқушыларды білім нәрімен сусындататын болады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button