Мәдениет

АДАМИ МАХАББАТТЫ АҢСАУ

7143-6-ali_sher_suleimen_preds_ru

Азаттығынан, қазақтығынан, барлық рухани құндылығынан, иманнан ажыраған, жалаңаштанған қоғам… Әйтсе де, тордағы тыпырлап, еркіндікті, өз әлемін аңсаған құстай, бұлқынған жүрек. Өз ырқынан тыс, зорлықпен болмысын өзгертуге тырысқан қоғамға назалы, жаралы жан…

Жуырда елорда көрермендеріне көрсетілімі болған Әлішер Сүлейменовтің екі фильмінің алғашқысы – «Құс» қысқаметражды фильмі осыны бейнелейді.

Бұл туынды осыдан жиырма бес жыл бұрын, Кеңес Одағы ыдырамай тұрып түсірілген екен. Кино өнеріндегі жас таланттың қолтаңбасын бірден айшықтаған «Құс» фильмі сол тұста-ақ, яғни, 1990 жылы Мәскеудегі жас­тар фильмдері фестивалінің және Ташкенттегі кинофестивальдің лауреаты атағын иеленді. Көрерменнің көз алдынан таса қалған туындыны автор қазбалап жүріп, ұлттық кино қорынан тауып алыпты. Сөйтіп, заманауи технологиялардың көмегімен аздап әрлеген.

Фильмнің қысқаша мазмұны бойынша, өз еркін жоғалтпаған, заманның теріс ықпалына бой алдырмауға тырысқан жас жігіттің хикаясы баяндалады. Елімізде жастардың ішімдікке салынып, азғындап бара жатқаны, бұзақылық, қарақшылық, жезөкшелік дендеп ене бастағаны көрініс береді.

Осы тұста, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының игері Жұмабай Шаштайұлының: «Маргиналдық құбылысқа әйелдер қауымы бастап барады екен. Неге десеңiз, олар көрсеқызар келедi. Жаңашылдыққа, жаңа нәрселерге құмартып, ұмтылумен болады. Сөйтiп, ақыры ұлттық құндылықтарын, ұлттық ерекшелiктерiн қалай тәрк еткенiн өзi де байқамай қалады. Ал әйелдердiң ықпалына ерiп, артынан бүкiл қоғам ұлттық болмысынан ажырай бастайды» деген сөзі ойға оралады.

Расында да, бодан қоғамда туған еліне әскер кіргізіліп жатқаны, ішкілік, жеңілтектік, басқа да ұлтты ірітетін індет таралып жатқаны жанына батқаны аздай, сүйген қызы жігіттің сағын сындырады. Жеңіл жүріске салынып, намысын аяққа таптайды. Ал қыз намысы үшін көрінгенмен жағаласқан жігіт фильмнің соңында белгісіз бұзақылардан соққы алып, қаланың сыртына, жалаңаш күйде тасталады… Әрең жолға шыққанда жүйткіген көліктердің арасынан бір шетелдік машина тоқтап, отырғызып алады…

Есімі жалпақ жұртқа белгілі болса да, басқа өнерге қол сілтеп, кино саласына бел шеше кірісіп кете қоймаған Әлішер Сүлейменов осылай кино өнеріндегі алғашқы туындысы арқылы-ақ өзінің қолтаңбасын танытқан екен.

Ал арада жиырма бес жыл өткенде сол «Құс» фильмінің жалғасы ретінде ол «Ай Күнді сүйеді» атты кинохикая­сын түсіріпті. Арт-хаус жанрындағы бұл фильм де негізгі тақырыбына адам, оның жан-күйі, ішкі әлемі деген мәселені арқау еткен.

Фильм әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы, әртүрлі деңгейдегі адамдардың жан-сезімін көрсететін шағын хикаялардан тұрады. Баласының жолын тосып, туған үйдің жылуы мен жақын адамдарының құшағын аңсаған қарттар үйіндегі кейуана, дүниесі тасып, шіріп жатса да, адами махаббатты аңсаған дәулет иесі және күні-түні таксишілік жасаған кісінің жолын тосып, сарылған үйдегі сүйікті жары…

Айтпақшы, 1990 жылғы «Құс» фильмі таза қазақ тілінде түсірілген болса, сол фильмнің жиырма бес жылдан кейінгі жалғасы «Ай Күнді сүйеді» телехикаясының кейіпкерлері үш тілде сөйлейді. Оның себебін, автор бүгінгі замандағы адамдардың жай-күйін сол қалпы беруге тырысқанымен түсіндіреді. Десек те, мұнда сөз бірінші кезекте емес. Кейіпкерлер өзінің ішкі күйзелісі мен жан қалауын негізінен мимика арқылы ұғындырады. Мәселен, қарттар үйінен алып кетеді деп сыртқа шығып, екі көзінен үміт шуағы, жүзінен қуаныш сәулесі төгіліп жол тосқан ана көз алдыңда жанары мұңға толып, маңдайының әжімдері тереңдеп, бақытсыз кейуанаға айналып сала береді…

«Адамдарға бүгін махаббат жетіспейді. Біз бір-бірімізге көңіл бөле бермейміз. Жанымыздағы адамның қандай жағдайда екеніне мән беруге мұршамыз келмей жатады. Сол өкінішті сезіндірсем деп едім» дейді бұл тұрғыда фильм авторы әрі режиссері Әлішер Сүлейменов.

Айтпақшы, отандық кинематография саласына бір олжа болып қосылған бұл фильм Киевте өткен «Жастық» халықаралық кинофестивалінің бірінші жүлдесін жеңіп алыпты.

Мұнда басты рөлдерде Бақыт Жанғалиева, Баходыр Жалметов, Бақтияр Тұрсынов, Марина Климович ойнайды. Кино жекелеген демеушілердің көмегімен түсіріліпті. Жуырда еліміздің ғана емес, Еуропа мен АҚШ кинозалдарынан да көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Айтарын көркем картиналармен айқын жеткізе білген Әлішер Сүлейменов арт-хаус жанрындағы бұл жобаны әлі дамытып, осынау қысқаметражды фильмдердің жалғасын түсіре беретінін айтады.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button