Жаңалықтар

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ ДА ӨНЕР ҒОЙ…

Үлкен адамға сөз айту қанымызда жоқ. Ата мен әже көрген әулеттің баласымыз. Өткен аптада апталық коммерциялық газетте көрнекті қаламгер, халқымыз төбесіне көтеріп кұрмет тұтатын ардақты азамат Олжас Сүлейменовтің сұхбаты жарық көрді.

39651

Сұхбатты мұқият оқып шықтық. Айтулы ақын дәл бүгінгі күннің күйіп тұр­ған тақырыбын қозғапты. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі туралы ойын білдіріпті. Содан Өзбекстан, Әзербайжан секілді осыдан 25 жыл бұрын латын әрпіне көшкен елдердің жағдайы жайында пікірін айтады. КСРО мен Ресей империясы ықпалынан, мұрасынан тезірек құтылу үшін осындай қадамға барды дейді. Өте дұрыс. Біз әлі сол ықпалда отырғанымыз анық қой. Одан кейін сол елдердегі латынның қазіргі күніне тоқталады. Әлі де латын мен кириллицаның қосарланып жүргенін мысалға келтіреді. «Мәселен, Әзербайжандағы ақын достарым өз шығармаларын кириллицамен жазады» дейді. Тағы да елімізге оралып: « Менің ойымша, бұл мәселеде асығыс жасау қажет емес» деп түйіндейді. Содан соң жазу тілінің арғы-бергі тарихынан сыр тартады. Тарихты айта-айта келіп: «Так что могу сказать, что знаю о письменности больше, чем многие в этом мире. И ответственно заяв­ляю: кириллица – это наше тюркское наследие. Русский алфавит – это культурное дос­тояние, которое подарили миру наши предки. И отказываться от него я считаю недопустимо!» дейді. Әдейі орысша бердік. Ақынның ойы оқырманға нақты жету үшін. Айна-қатесіз осылай айтылған. Әуелгіде түсінбей қалдық. Бала күнімізден рухты оятатын жырларынан нәр алған, 1975 жылы «Аз и Я» жинағы жарық көргенде алпауыт империяның өзі тіксінген, «1001 сөз» және «Сөз тілі» деген құнды еңбектер жазған ағамыз дәл солай деді. Ау, сонда кириллицаны бізге қай бабамыз қалдырып кетті? Осы күнге дейін мұны неге білмегенбіз? Тарихтан мәлім, кириллица славян әліпбиінің алғашқы екі түрінің бірі саналады. Ол – славян ағартушысы Кирилл­дің атымен аталған әліпби.
Кирилл мен Мефодий славян елдеріне христиан дінін уағыздау үшін славян әліпбиін жасайды. Ақын ағамыз соны біле тұрып, еліміздің латынға көшуін асығыстық санайды.
Таяуда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек деп нақты ұсыныстар айтты. Сол бағытта жұмыстар басталып кетті. Ұлт зиялылары оны қуана қолдады. Бірақ асығып жатқан ешкім жоқ қой. Елбасы да асықпаңдар деді. Бүгін-ертең латын әліпбиіне өтпейміз, оған үлкен дайындық керек.
Сонымен бірге, Олжас Сүлейменов сұхбат барысында микробиология мен иммунологияның негізін салушы, француз ғалымы Луи Пас­тердің Алматыдағы көшесін Мұқағали Мақатаев атына өзгерткенін сөз етеді. «Ол – тамаша ақын. Басқа ештеңе айта алмаймын. Біз жақын дос болдық та. Бірақ Пастердің аты – Пастер ғой. Ал ақынды Қазақстан ғана біледі» деп айта келіп, – Сіз білесіз бе, көшенің есімі неге ауысқанын? Өйткені сол кездегі қала әкімі ақынның туысы болды» деп қойып қалады. Иә, Луи Пастер әлемге әйгілі ғалым екендігі рас. Бірақ оның табаны ешқашан қазақ жеріне тимеген. Алайда қазақ одан гөрі ұлы Мұқағали Мақатаевты жақсы көретіндігіне дау жоқ қой. Мақатаев – барша қазаққа, әлемнің жыр сүйер қауымына туыс. Осы да әңгіме ме? Асыл ақын Қадыр Мырза Әлі Олжас ағамыздың рухты жырларын ана тілімізге тамылжытып тәржімалаған еді, орысша білмейтін қазақтар Олжас­ты Қадыр арқылы танып, құрметтеді.
Көрнекті ақын өткен жылы сексенге толды. Қазыналы қарияға айналды. Әдемі қартая білу де өнер. Ғабит Мүсірепов сексеннен асқан шағында екі сағат аяғынан тік тұрып, Жазушылар одағының жиынында «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деп әдебиеттегі тіл тазалығы туралы толғаныпты. Сол Ғабең жасына Олжас ағамыз да келді. Осы ағамыз сол алыптардың жолын қалай жалғап жүр екен деп жиі ойланамын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button