Басты ақпаратРуханият

Әділ АХМЕТОВ: Қадірімді қашырып алудан қорқамын

Елордада театрлар 2 қарашадан бастап санитарлық және дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, 100 пайыздық көрермен сыйымдылығымен жұмысын жалғастырады. Осы орайда жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықтаған Жастар театрының жай-күйін жазуды ұйғардық. Небәрі 13 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі 13 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өресіне өлшем. Биыл бұл театрдың басшысы ауысты. Белгілі театр және кино актері, Мемлекеттік «Дарын» жастар, Мемлекеттік Президент сыйлықтарының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділ АХМЕТОВ жетекшілік қызметке тағайындалды. Сонымен қатар театр жақында Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен 14-мау­сымының шымылдығын түрді. Театр директоры онлайн қойылымның әсері, актерлердің жағдайы мен өзге де сұрақтарға тұшымды жауап берді.

– Онлайн өнер көрсеткен оңай ма?
– Театр көрерменімен ерекшеленеді. Көрермен барда актер барын салып өнер көрсетеді. Індетке байланысты қойылымдарды онлайн қойып жатырмыз. Көрерменсіз ойнау өте қиын. Әртіс сахнаға көп шықпай кетсе, қарайып қалады деген сөз бар. Актерлер бабында тұруы үшін сахнаға шығып, жан дүниесін арпалысқа түсіріп тұру керек. Ал материалдық тұрғыдан қиындау. Өйткені қойылымдар тегін, билет сатылмайды. Шынын айтсам, онлайн өнер көрсету – театр шығындарын, актерлер еңбегін ақтамайды.
– Қашықтан көрсетілген қойылым аудиториясы қалай?
– Театрымыздың бұрыннан келе жатқан өз көрермендері жетерлік. Олар әр премьераны асыға күтеді. Онлайн қойылымның ерекшелігі – спектакльдерімізді тек астаналықтар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен интернеті мен телефоны бар көрермен тегін тамашалай алады. Қашықтан көрсетілген қойылымдар театр сахнасымен шектелмей, желі арқылы жер жүзіне тарайды. Өте керемет мүмкіндік. Бұл – театр көрермендерін көбейтуге, аудиториясын кеңейтуге көп көмектеседі.
– Өнерде танымал адамдарды басшылық қызметке қою үрдіс алып бара жатқан сияқты. Соның арқасында қаншама жыл еңбектенген, сол салаға еңбегі сіңген адамдар еленбей қалып жатады. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Басшы болсақ, өзіміздің театрға болдық. Театр ашы­лып, ғимараты жоқ кезде өзіміз әрлеуші болғанбыз, өзіміз жүк тасыдық, костюмер де болдық. Қойылым аяқталған соң, бәрін сахнамен қосып жинап, қыстың суығында әрі-бері талай тасыдық. Өзіміз тіпті билет сатқан кездер де басымыздан өтті. Сол жағынан алып қарағанда неге болмасқа?! Ал бірақ мен үшін шығармашылық – бірінші орында. Егер өзіміз құрған, өзіміз жұмыс істеген, талай маңдай теріміз төгілген театрымы­зға сырттан біреуді тағайындаса қалай болар еді?! Ол жағын да ойлануымыз керек. Театрға түсінбейтін адам келді делік. Жай ғана әрі қарай өсу үшін. Театрдың жағдайы ол кезде мүлдем бөлек болар еді. Кез келген салада басшы сол ұжымның ішінен шықса, сол адамның жұмысына жаны ашиды, ісіне адал болады деп ойлаймын.
– Бүгінгі қоғамның қай кемшін тұсы сізді толғандырады?
– Көбірек мынау жастардан бастап үлкендерімізге дейін уақытының көп бөлігін интернетке, телефонға арнауы, виртуалды өмір мені ойландырады. Мұның соңы неге әкеліп соғатынын білмейміз әлі.
– Қазіргі қоғамның дертін ашып көрсететін қандай спектакльдер бар театр қоржынында?
– Бізде былтыр ғана шыққан «Ғасырдан да ұзақ» деген триптих бар. Бұл – Роза Мұқанова, Оралхан Бөкей және Шыңғыс Айтматовтың шығармалары тоғысқан қойы­лым.Үшеуі­нің шығармаларын біріктіріп, Нұрқанат Жақыпбай «Ғасырдан да ұзақ» спектаклін қойды. Ерекшелігі – 3-ақ актер ойнайды. Қалған актер-актрисалар қойылымның басынан аяқ телефонға үңілумен отырады. Ал үшеуі сыртта: біреуі өзінің досын жерлеуге қабір таппай қиналады, жалпы қоғамнан сырт қалған адамдар. Екінші, бір қыздың өзінің әлемі бар. Плас­тик бөтелке, қоқыстардан өз әлемін құрған. Пластикалық бөтелкеден ұшатын құстар жасаған, бірретік шанышқыны тырнаның аяғы етіп, тұмсығын қасықтан келтіріп алған. Олар ұшады. Бір жерін тартып қалса, жігіттің бейнесі шыға қалады. Ол соған сенеді, өз әлемінде өмір сүреді. Үшіншісі, тағы сондай бір қыз. Олардың жанайқайы, бірақ аналарға, телефонға телміргендерге естілмейді. Бұл спектакльді көргенде, бәрі үлкен ойға батады. Былтыр Қырғызстанның Ош қаласында «ART-ORDO» 7 халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматов, О.Бөкей, Р.Мұқанованың «Ғасырдан да ұзақ» триптихімен өнер көрсетіп, «Үздік қойылым» Гран-при жүлдесіне ие болдық.
Ең соңғы спектакльде­ріміздің ішіндегі бүгінгінің мәселелерін көрсететіні сол деп білемін. Бұл жерде телефоннан бөлек жер мәселесі бар. Сонымен қатар адамдар қазіргі таңда бір-біріне көмектеспей, «сен тимесең мен тиме» деп өмір сүреді. Бір-бірімен аса қатты араласып та кетпейді. Содан көп адамдар күйзеліске ұшырайды. Осы өзекті мәселелерді бір сахнада түйістіреді. Менің ойымша, адамға адамның көмектеспеуі, бір-біріне немқұрайлы қарауынан артық трагедия жоқ.
– «Қоғам қазір жеңіл әзілге қызығады. Күлуді, күлкі еткенді қалайды» дейді көп. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине, бір жағынан ойлаймыз, қазір көрермен жеңілге кетіп қалған, театрды айтамыз, көрерменге еріп кетпеу керек, төмен түсіп кетпеуі керек деп. Олай ойласақ та, біз оларды алыс­татып аламыз. Бір жағынан, қазір көрерменнің талғамы жоғары қайта. Кейде театрлар сол талғамға жете алмай жатады. Сол үшін көрермен келмейді театрға. Таяқтың екі ұшы бар.
– Ал Жастар театры сіз айтқан патша көңіл көрер­мен талғамына сай ма?
– Көп естиміз, театрға келіп, спектакль көрмеген адам біздегі спектакльді бір көргеннен кейін театрымызға байланып қалады кәдімгідей. Мысалы, театрда жұмыс істемесе де, күнде келіп, қалай дайындалатынымызды көріп, әрбір премьераларды жібермейтін қыз-жігіттеріміз бар. Қойылымдардан кейін театрды жан-тәнімен сүйіп қалған театрға ғашық жандар өте көп. «Театрмен ауыратын» жандарға есігіміз әрдайым ашық. Тағы бір мысал, бір қызметкеріміз театрымыз­ға ғашық болып, Оралдағы мұғалімдік қызметін тастап, ұжымға қосылды. Таза театр­ға деген махаббат. Әйтпесе, бұл жерде асып бара жатқан жалақы да жоқ. Қызметкерлеріміздің көбісі – «театрмен ауырғандар». Басқа адам бұл жерде жұмыс істей алмайды.
– Індет нендей ой салды?
– Денсаулықтың қадірін сезіндім, бір ауырып тұрғаннан кейін. Сосын достарыңның, жақыныңның, кейбір құндылықтардың құнын одан сайын сезінеді екенсің. Жағдайыңды сұраған кезде, жақын адамдарың сен үшін уайымдаған кезде. Жаныңда жүрген жандарды бағаламай, кейде жағдайын сұрауға уақыт таба алмай қалатын кездер болады. Адамның көңілінен артық ешнәрсе жоқ екенін ұқтым. Қалғанның бәрі – өткінші нәрсе. Ал көңіл бір қалса, қайтып орнына келуі өте қиын. Мәңгілік ешнәрсе болмайтынын түсіндірді бұл індет.
– Қазіргі кезде материалдық байлық яғни, ақша табу, тамақтану алға шығып кеткендей. Рухани азықтан алыстап бара жатқандаймыз. Бұған не дейсіз?
– Қазір бәрі бай болсам дейді. Әрине, бала кезден сіңіру қажет. Біз өнер жолына әуелі танымал болсақ екен деп түстік қой. Сонда біздің ағайымыз айтатын: «Актерлікке бай боламын, ақша табамын деп келсеңдер, қазірден кете беріңдер дейтін». Өйткені шығармашылық адам ешқашан бай болмайды, қалталы болмайды. Біз соны сіңдірдік өзімізге, қайта өмір сүруіміз жеңіл болды. Адам ішкі ойында ақшаны бірінші орынға қоймаса, қара су ішіп, қара нан жеп бақытты болып жүре береді. Ең бас­тысы – көңілдің байлығы. Осы рухани байлықты өсіру қажет. Жастардың санасына соны сіңіру керек, бірінші. Ал ата-­анасы да сен ақша тап, сен бізді асырайсың деп айта берсе, ол бала тек ақша табудың жолдарын ойлайды. Өзінің ішінде бұғып жатқан таланттарын аша алмай, жоғалтып алып жатады. Бізді ата-анамыз ешқашан ақша, дүние тап деп үйретпеген. Актерлікке де жібергені содан. Шығармашылықта көңілі тоқ болып жүрсе болды деп.
– Әріптестеріңіз, өнер адамдары әлеуметтік желіде барымен мақтануға құмар. Оны көрген жастарға кері әсер етпей ме?
– Әрине, ол дұрыс емес. Күнделікті байлығын, ішкен-жегенін, жатқан қымбат қонақ үйін жалпақ жұртқа жариялау дұрыс емес. Мына жақта аш отырған халық бар. Соларды кішкене ашуландырып алады. Ондайлар оларды ойлап тұрған жоқ, өзінің досына, құрбысына мақтану үшін желіге жүктеп жатады. Бірақ ар жағында басқа нәрселерге кесірі тиіп кетеді. Сондықтан да мен инстаграмды күнделік ретінде қараймын. Айтулы сәттерді, театрдың жетістіктерін жариялағанды жөн көремін. Инстаграмда жанұямды салмаймын. Үй, көлік әрқайсысын өзгеге мақтанып, көпке көрсетуді құп көрмеймін. Инстаграмды қойып кеттім жалпы. Тек
театрдан көресіздер. Мен өзім әлеуметтік желіде оқыр­ман санын көбейтіп, гивке қатысып, рекламадан ақша табу жағына жоқпын, қарсымын да. Танымал актер, әртіс, әншілердің лотерея, гив, түрлі онлайн байқаулар ұйымдастырып, жұртты желіде желіктіріп қоюы әсіресе, үлкендердікі дұрыс емес деп ойлаймын. Жеке басым түбегейлі қарсымын. Қайта жұма қабыл болсын деп сурет салғаным артық одан. Басқаларға пайдалы, кішкене оқырманға ой тастайтын дүниелер салса жақсы, қайта. Осы жағынан кейде қарнымыз ашады.
– Актерлердің әлеуметтік жағдайы қалай?
– Шындап келгенде, жалақы төмен. Әр актер әртүрлі алады, бірақ өте төмендеу. 42500 теңгеден сәл көптеу. Айына 50 мың теңге алатын актерлер бар. Көбіне жалақылары – 70-80 мың теңге аралығында. Ол адам не үшін бұл театрда жүргенін ойлап қараңыз. Басқа жерге барса, қырып ақша табады. Олар тек сахнаға, театрға ғашық. Сол үшін жұмыс істеп жүргендер бәрі. Ал қосымша біреуі той басқарып келеді, енді бірі дубляж жасайды, оны кейбір адамдар сөгеді. Актер не үшін тойға барады? Кішкене ақша тауып, отбасын қамтамасыз етіп, әрі қарай өнерін тыныш жалғастыру үшін барады. Осы жағынан қарау керек. Әр адам ісін жақсы көріп істесе, соның жемісі болады.
– Жақында «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталдыңыз. Жалпы, өзіңіз атаққұмарсыз ба?
– Ұстаздарымыз кезінде атаққа ұмтылмаңдар дейтін. Еңбектенсең талмай, атақ өзі-ақ келеді. Құдай көріп тұр бәрін. Қаншалықты тер төгесің, соншалықты атақ-­абырой өзі келеді. Атаққа жұмыс істеген жоқпын.
– Театрдан бөлек, көшедегі аялдамалардан сіздің суретіңізді көруге болады. Жарнамаға түскенді, жұрт көзіне түскенді жақсы көресіз бе?
– Ол – «Анаға апарар жол» фильмі түсірілген кезде сол жердегі бас продюсерлердің қоқысты сұрыптап тастау­ға қатысты жобасы. Сол кісілердің сұранысымен түскен фото. Бұл – жарнама емес, қоғамдық жұмыс. Жарнамаға бұрын түскен шығармын, қазір түспеймін. Түр-әлпетіңіз көбірек көріне берсе, қызық болмай қалады. Көп көріне берген түр үлкен фильмдер түсірілетін кезде, ауқымды киноларда рөлдерге таңдалмайды. Сондықтан көп көріне бергенді қаламаймын. Клип, рекламадан бас тартамын әрқашан. Шыны керек, қадірімді қашырып алудан қорқамын. Киноға 1 жылда 1 рет қана түсемін.
– Актер бойында ойнаған образдар қалып қоя­ды дейді. Кейіпкерлердің образдары әлі де бар ма бойыңыз­да? Мысалы, тарихи образдан шықпайтын сияқтысыз…
– «Томирис», «Анаға апарар жол», «Қара Шаңырақ» – ауқымды осы үшеуі. Бұлар – бір-біріне ұқсамайтын фильм­дер.Театрда ағайларымыз­дың өзі танымай қалатын комедиялық образым бар. Айболдың рөлінде дауыс бәрі өзгереді. Кинода өкінішке қарай, жоқ. Өйткені рөлге түр-әлпетке байланысты шақырады. Мысалы, бұзықтың рөлі болса соған ұқсайтын актерді ала салады. Кинода образ жасау біз үшін де қызық болар еді. Мысалы, мен болашақта екі түрлі мінездегі егіз жігіттің образын сомдап шыққым келеді. Бір-біріне ұқсамайтын осындай рөлдерді армандаймын. Осы арқылы актерлік потенциалымызды көрсететін едік. Спектакльді біз екі ай дайындаймыз ғой. Киноны да солай дайындықпен түсірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал бізде қалай? Кастинг болады. Актер бекітіледі. Сосын түсірілім күні барасың, сол жерден бірден бастап кетеді. Ал театрда пісіп-жетілгенше дайындаймыз. Кинода да солай дайындық болса, кинолар керемет шығар еді. Ал театрдағы образдар 1-2 айда дайын болады. Әр дайындық­та бір образ әртүрлі болады, түрлене түседі. Кейде бір премьерада сол образды бір форматта ойнап шықсақ, келесі рет қойғанда басқаша образда ойнап шығамыз. Кейін бірте-бірте бір образға тоқтайсың. Театрда образ деген дайындық сайын жетіліп отырады. 7-8- інші рет ойнаған кезде өз қалпына келеді. Бірінші, екінші премьерада әлі де шикі болады.
– Театрға халықты қалай тартамыз деген сұрақ әлі де өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Айтыңызшы, театрға не жетіспейді?
– Театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай аға­йымыз жасы 70-ке келсе де, жаңашылдыққа құмар адам. Ол кісінің жан дүниесі 20 жаста. Заманауи көзқарастағы адам. Біз спектакльдерге жастарға ұнайтын, бір жаңашылдықтар қоссақ, ағайымыз құптап, одан сайын дамытуды талап етеді. Тағы да жаңашылдықтар қосыңдар дейді қайта. Кеңес Үкіметінен келе жатқан режиссер, ұстаздарды көріп қалғандардың қатып қалған қағидалары көп болады. Бұл болмайды, мынау мынадай емес деген сияқты шектеулері көп. Содан көрерменге қызықсыз көрінеді. Ал көрерменге ең бастысы, ой тастау ғой спектакльдің соңында. Басында не істесеңіз де, қызықтырып әкеліп, әртүрлі акробатикамен әрлеп, әзілдер қосып, соңында бір ой тастасаңыз, көрермен ерекше әсер алады. Ал бірден көрерменге ақыл айтып, көктен түскендей рөлді сомдап жүрсеңіз, ол көрерменді жалықтырады.
– Театрға тағы не керек?
– Біздің театрға көп нәрсе керек. Жарнама жағынан, телевидение жағынан қолдау қажет. Техника жағынан шетелден көп қалып қойғанбыз. Декорация ауысуы, жарық, дыбыс жағынан, сахнаның өзі Кеңес дәуірінде қалай еді, әлі тура солай. Қаражат, техника, мықты режиссерлар қажет. Жақсы актерлер көп. Ал мықты режиссерлер аз. Осы үшеуін жақсарту қажет. Бұл актерлер үшін. Ал халық көп келу үшін жарнама қажет. Халықты тартатын ең біріншіден, әртістер. Мысалы, театрдың актерлік құрамы танымалдардан болу қажет. Халық мына театрдың техникасы, аппаратурасы мықты екен деп келмейді я бай театр екен деп билет сатып алмайды. Олар өзінің сүйікті актерін, танымал әртісін көру үшін келеді. Мысалы, біз де бір киноны көретін кезде актері ұнаса ғана көретінбіз. Сол секілді театрға танымал актерлерді тарту керек. Ол да ойымызда бар, Аружан Жазылбекованы, Кәмшат Жолдыбаева сынды танымалдарды ара-тұра тартып, бір спектакльде ойнасақ. Кинода, шоу бизнесте жүрген танымалдарды театрға әкеліп, қоссақ деген ойымыз бар. Алда орындаймыз мұны да. Екінші, жақсы қойылым қажет.
– Алда қандай арман-­мақсаттар тұр?
– Германияға, Түркияға, Еуропаның біраз елдерін іссапармен аралап шығу жоспарда тұр. Өз өнерімізді шетелге таныстыру мақсатында. Одан кейін Корея тұр. Бастысы, індет мәселесі тұрақталса, орындаймыз. Арманым – тарихта жақсы атпен қалу. Келешек ұрпаққа үлгі болатын, өзгеге жігер беретін тұлға ретінде қалыптасудан артық арман жоқ. Біз де мақтанамыз ғой, Қабанбай батыр былай болған, Бөгенбай бүйткен, Алашорда арыстары былай жасаған, кезінде Әнуар Молдабеков мықты болған деп мақтанамыз. Жігерленеміз. Сол секілді халықтың аузында жақсы жағымен үлгі болатын, мотивация беретін істерім көбірек қалса деп армандаймын. Кино қатты түсіргім келетін бұрын, қазір болашақтың еншісінде деймін. Өзім «Менің атым Қожа» сияқты бүгінгі балаларға арнап түсіргім келеді. 100 жылдан кейін де халық соны әр көрген сайын үлкен қызығушылықпен қарайтын болса, менің бір арманымның орындалғаны.
– Арманыңыз орындалсын!

Сұхбаттасқан
Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button