Басты ақпаратЖаңалықтар

ӘЙЕЛДЕРДІ АРДАҚТАҒАН ЕЛ ОҢАР…

Коктем шуагы1, 07.03.14

Бүгін Елбасы Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуге экономиканың, мәдениеттің, әлеуметтік саланың және мемлекеттік қызметтің түрлі секторларының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы әйелдерді алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– Сіздер арқылы мен еліміздің барлық әйелдер қауымын құттықтап, денсаулық, отбасында бақыт және татулық тілеймін. Экономиканың түрлі салаларында, әсіресе ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, бизнесте жұмыспен қамтылғандардың 52%-ынан астамын әйелдер құрайды. Олар депутаттардың, басшылардың арасында да көп, ал мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы – әйелдер. Осылайша олар көптеген шешімдерді қабылдауға атсалысады. Сол үшін менің алғысымды қабыл алыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әйелдер біздің елде әсем қалпымен басым көпшілік болып отырғанын атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдарында елімізде 7 миллиондай бала дүниеге келді.  Бүгінде Қазақстанда күн сайын мыңнан аса сәби өмірге келіп жатады. Қазір көп балалы аналар саны – жарты миллион, бұл – нағыз ерлік. Бүкіл әлеуметтік блок нәзік әйелдердің үлесінде. Олар медицина қызметкерлерінің 75%-ын қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті гендерлік қатынас бойынша республика жетекші орындардың біріне ие екенін айтып өтті. Әйелдердің өндірістегі жалпы ұлттық өнімге қосқан үлесі 40%-ға жуықтайды. Әйелдер маңызды мемлекеттік қызметтер атқарады, 550 мың қазақстандық әйел шағын және орта бизнеске басшылық етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев жақында Махаббат Бекбосынованы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметіне тағайындағанын айтты. Қазақстан Президенті оның танымал дәрігер екенін және өте күрделі медициналық оталар жасауға тікелей қатысатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыруда әйелдердің рөлі ерекше екеніне тоқталды.

– Біз саяси тұрақтылықты, сенімді, достықты, елімізде тұрып жатқан адамдардың барлығының теңқұқылығын сақтаймыз. Қазақстан бұл ретте бірегей «арал» болып қала бермек. Бұл – біздің ортақ қазынамыз, біз оған бірге қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің төрайымы, генерал Сәуле Айтпаева 2013 жылғы 6 мамыр өз өміріндегі ең маңызды күн болып табылатынын атап өтті.

– Сол күні Сіз маған генерал погонын тапсырдыңыз, мен Қазақстан тарихында әйелдер арасында тұңғыш генерал атандым. Осылайша, Сіз құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын 90 мыңнан астам әйелді жігерлендірдіңіз, – деді С.Айтпаева.

«24KZ» телеарнасының продюсері Екатерина Морковина арна бір жылдан астам уақыт бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылғанын, осы қысқа мерзім ішінде оның көрермендерінің саны шамамен 6 миллион адамға көбейгенін мәлім етті.

«Әдемі-Ай plus» ЖШС президенті Бахаргүл Төлеген Мемлекет басшысының шақыруымен тарихи отанына көшіп келгендердің бірі екенін айтты.

– Мен ұлттық кәдесыйлар жасайтын кәсіпорын аштым, онда 45 адам жұмыс істейді. Сіздің бизнесті дамытуға жағдай жасау жөніндегі түбегейлі шаралар жөніндегі таяудағы шешіміңіз біз үшін шексіз көмек болып саналады. Біз бұл хабарды қуанышпен қабыл алдық, – деді Б.Төлеген.

«Қазақстан украиндарының радасы» республикалық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Тамара Ширмер Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында 12 жыл жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

– Өкінішке қарай, менің тарихи отанымда – Украинада қайғылы оқиға орын алды. Тәртіпсіздіктер елді ондаған жылға артқа шегіндірді. Болашақ екі-үш буынды тек проблемалар күтіп тұр. Бізде Сіздің саясатыңыздың арқасында бейбітшілік пен келісім орныққан. Мұны басқа елдерде кикілжіңдер өрши түскен кезде ерекше бағалай бастайсың, – деді Т.Ширмер.

Сочи-2014 XXII қысқы Олимпиадалық ойындарының мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен өзінің арманы орындалып, ұлының олимпиада тұғырына көтеріліп, көкке әуелеген Қазақстан туына мақтанышпен қараған сәті туралы әңгімеледі.

Өндірістік құрылғыларды пайдалану және жөндеу токары Майра Аманова 25 жылдан бері ерлермен бірге жұмыс істеп келе жатқанына тоқталды. Ол өз әріптестерінің атынан өндіріс жұмыскерлерінің еңбекақысын арттырғаны үшін алғыс айтты.

«Астана-Опера» балет театрының жетекші солисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева театрдың салынуы миллиондаған адамдардың арманын орындағанын жеткізді.

– Қазақстан енді барлық қазына, барлық мәдени мұра шоғырланатын өнердің жерұйығына айналды. Мұндай классикалық театрлар 21-ғасырда Еуразияда салынған емес, – деді М.Баспаева.

«Өрлеу» жұмысқа орналастыру агенттігінің директоры Мәдина Сауытбекова компания 600-ден астам ауыл тұрғынына жұмыс табуға көмектескенін, олардың 360-ы жас маман екенін хабарлады.

Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкері Алёна Юмакулова қазақ тілі өзі үшін туған тілі болып саналатынын және өзінің білімі болашаққа жол ашуға мүмкіндік беретінін айтып берді.

Магистрант Анар Баймырзаева сыбайлас жемқорлықпен күрестің математикалық моделінің әзірленімі туралы әңгімелеп, осы келеңсіздікке қарсы тұруға өз үлесін қосуға үміт артатынын жеткізді.

«Mimioriki» кәсіпорынының атқарушы директоры Инна Апенко компания шығаратын балалар киімі бүгінде үлкен сұранысқа ие екенін айтты.

– Былтыр Сіз бізге «Алтын сапа» сыйлығын тапсырдыңыз. Бұл – біздің еңбегімізге берілген ең жоғары баға, – деді И.Апенко.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева Мемлекет басшысының Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясына тек интернеттің өзінде 8 миллионнан астам жарияланым арналғанын атап өтті.

– Әлемдік отыз көшбасшының қатарына кіретін елдердің барлығы да белсенді ықпалдастық үдерістерінің арқасында ғана бақуатты болып отыр. Бүгінде ықпалдастық – табысты әрі қауіпсіз мемлекеттің ең басты кілті, – деді Ж.Құсманғалиева.

Атырау қаласының Ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінің бастығы Гүлжан Лұқманова құқық қорғау органдарындағы жалпы еңбек өтілі жүз жылды құрайтын заңгерлер әулетінің өкілі екендігін айтты. Осы жылдар ішінде бұл әулет 200-ден астам қылмыстың алдын алып, 100-ден аса қылмысты ашқан.

«Korme-Expo» ЖШС бас директоры Бақыткүл Құрманова EXPO-2017 көрмесі сияқты оқиғаның маңызына назар аударды.

– Заманауи технологиялық және инновациялық павильондар салынатын болады. Олардың жобалары «жасыл» технологиялар саласындағы сәулетшілер мен сарапшыларды әлден-ақ тамсандырып отыр, – деді Б.Құрманова.

Ал 7 бала тәрбиелеп отырғанын айтқан Нұргүл Мұсаева мемлекеттің ана мен балаға көңіл бөліп отырғаны үшін барлық қазақстандық аналардың атынан алғысын білдірді.

ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығының тін жасушалар зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Ғазиза Данлыбаева өзі әзірлеген «жасанды тері» деген атқа ие болған жасушалық терапияның инновациялық әдісі туралы айтып өтті.

– Патент алынды, клиникалық сынақ жүріп жатыр, қазірдің өзінде күйік шалған 40 науқас сәтті емделді, – деді Ғ. Данлыбаева.

Сағат шебері, ата-бабасынан бері сағатшы Мавлюда Ширханова әкесінің миллионнан аса сағат жөндегенін әңгімеледі.

– Мен әкемнің жолын қудым, қазірдің өзінде 350 мыңнан астам сағат жөндедім. Мен Қазақстанның дәл уақыты – 2050 екенін үнемі айтамын, – деді ол.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Қазақстан-2050» стратегиясының аясында саланы ұзақмерзімді дамытудың жоспарын әзірлеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

– Еліміздің медицина қызметкерлерінің алдына қойылған барлық міндеттердің орындалатындығына Сізді сендіргім келеді, – деді С.Қайырбекова.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларға әйелдер қауымының қатысуы ескерілгенін атап өтті. Ол осындай жолмен бағдарламаларға жастар да тартылады деп үміт артатындығын жеткізді.

Парламент депутаты Зухра Саяпова Қазақстан халқы ассамблеясы бүкіл әлемде келісім мен тұрақтылық аймағын құруға талпынып отырғанын атап айтты.

Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Махаббат Бекбосынова Қазақстанның гендерлік теңдік тұрғысынан 32-орында екенін хабарлады.

– Біз келесі кездесуге дейін еліміз гендерлік тұрғыдан дамыған елдердің отыздығына кіруі үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді М.Бекбосынова.

«Қазақфильм» киностудиясының актері Майя Веронская, альпинизмнен халықаралық спорт дәрежедегі шебері Светлана Шарипова, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, цирк әртісі, арыстан үйретуші Тунгалаг Өселбаева, сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенті Перизат Жолдасова Мемлекет басшысына өздерінің жеткен жетістіктері туралы айтып, мұның бәрі еліміздегі татулық пен келісім саясатының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

Қорытынды сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнес белсенді дамуда. Бұл секторда 800 мың кәсіпорын жұмыс істейді, 2,5 миллионға жуық қазақстандық еңбекпен қамтылған. Олар елдің ішкі жалпы өнімінің  20-25 пайызын қамтамасыз етіп отыр, біздің міндетіміз – бұл көрсеткішті 30-50 пайызға дейін жеткізу. Ол дағдарыс құбылыстарын еңсере алатын орнықты экономика қалыптастырады. Егер 2002 жылы кәсіпкер әйелдерді қолдауға  150 миллион теңге бөлінсе, бұл сан 2013 жылы 7 есе өсіп, 1  миллиард теңгеден асты, ал барлық банктік несиелердің 38 пайызы кәсіпкер әйелдерге берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы жүзеге асырылған үш жыл ішінде 230 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Бұл орайда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылып отыр.

– Тек былтырдың өзінде осы санаттағы 4470 азамат жұмысқа орналастырылды. Менің Қазақстан халқына Жолдауымда берілген тапсырмам бойынша, мүгедектерді қолдауға арналған жаңа шаралар әзірленуде. Сондай-ақ, жасы 50-ден асқан адамдарға көмектесуге бағытталған «Бастама 50 плюс» кешенді жоспары бекітілді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ата-анасыз қалған, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге ерекше назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтарға бастамашылық танытып, сондай балаларды өз отбасыларында тәрбиелеу үшін алу жөнінде сөз арнады.

Мемлекет басшысы мемлекеттің маңызды міндеті –  қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру екеніне тоқталды.

– Жолдауда мен Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуді тапсырдым. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салалары қызметкерлерінің жалақысының ұлғайтылуын қамтамасыз етуге тиіс. Егер азаматтық қызметшілердің жалақысының жалпы өсімін жинақтай келсек, ол қызмет саласының ерекшелігіне сәйкес 36-дан 52 пайызға дейінгі мөлшерді құрайды. Ал азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жөнінде айтсақ, тек былтырдың өзінде 6,8 миллион шаршы метр пайдалануға берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Білім беру саласында, Мемлекет басшысы айтқандай, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы жалғасуда, үш ауысыммен оқытуды тоқтату шаралары жасалып жатыр. 2013 жылы 124 мектеп салынды, биыл тағы 45 мың орынға арналған 73 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау жүйесі нығайып келе жатқанын, ал елде өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғайғанын айтты.

– Қазақстанда жүрек, бауыр, бүйрек, өт, сүйек кемігін алмастыру секілді бірегей оталар тегін жасалады. Бұрын мұндай оталарды қазақстандықтар тек шетелде және қыруар ақшаға ғана жасата алатын. 2013 жылдың өзінде ғана 168 денсаулық сақтау нысаны салынды, биыл тағы сонша нысан ашылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өз қызметінің негізгі міндеті әрбір қазақстандықтың өмірін бақуатты етуге, елде бейбітшілік пен төзімділікті сақтау екендігіне тағы бір рет назар аудартып, Қазақстанның барлық ер-азаматтарын әйелдерді құрметтеуге және бағалауға, олардың берік тірегі болуға шақырды.

Кездесудің соңында Қазақстан Президенті көп балалы ана Н.Мұсаеваға «Алтын алқа» белгісін тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button