Жаңалықтар

БАСТЫ ҚҰЖАТТЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ERA_0601

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері елорда жұртшылығымен кездесті.

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға Қаржы министрі, топ жетекшісі Б.Сұлтанов, Өңірлік даму министр­лігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы В.Галиев, Денсаулық сақтау министрлігі әкім­шілік департаментінің директоры Ә.Жұмағалиев және республикалық ақпараттық-насихат тобының басқа да мүшелері мен жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты.

Жиынды Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева жүргізді.

Алдымен сөз алған Қаржы ми­нистрі «Қа­зақстан-2050» стратегиясы күн­нен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты практикалық істер бағдар­ламасы болып табылады. Бірақ қазіргі нарықтық жағдайда еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс» дей келе, Үкімет биыл экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ететінін, бұл орайда, үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,5 мың доллардан кем болмайтынын айтты.

– 2050-ге дейінгі жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы ортақ мақсат – дамыған отыз елдің қатарына кіруге арналып отыр, – деді Б.Сұлтанов. – Ортақ шаңырағымыздың ұлт­тық идеясы – Мәңгілік ел. Бұл – тәуел­сіздігіміз, қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі. Осы құндылықтардың арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, жетістік­терімізді еселедік.

Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру тұжы­рым­дамасындағы басымдықтар туралы айта отырып, министр инно­ва­циялық индустрияландыру  трендін қалыптастырудың маңыздылығын, сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін атап өтті. «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүр­гізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өріс­тете түсуге тиіспіз» деген Б.Сұл­танов шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңіре­гінде дамуы керектігін алға тартты.

Ал, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетінің төрағасы Владислав Галиев «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Кездесуден кейін азаматтардың жеке қабылдауы ұйым­дастырылып, құзыретті орган басшылары тұр­ғындар көкейінде жүрген түрлі сауалдарға жауап берді.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button