Денсаулық

АЯЛЫ «АРУАНА»

МАЛИК2

Әлемнің дамыған елдерінде мүгедек балаларды дені сау құрбылас-тарымен қатар оқытып, сол арқылы сауықтыру әдісі бар. Осынау тәсілді елімізге алғаш рет алып келген және осы бағытта балабақша түріндегі «Аруана» атты емдеу-диагностикалық орталығын ашқан кәсіпкер – Шынар Мәлікқызы.

Шынар – «Болашақ» бағ­­дар­ламасымен Ұлы­­бри­­та­­нияда білім алған ал­ғаш­қы тү­лек­тердің бірі. «30 жасқа дейінгі өмірімді тек білім алуға, із­де­нуге, біліктілігімді жетілдіруге, маман­ды­ғымды шыңдауға жұмса­дым» дейді өзі. Әрине, елімізде «Болашақ­пен» оқып келген жастар жерде қал­май­тыны белгілі. Шынар да жоғары лауа­зым­дарда жұмыс істеді. Бірақ басты мақсаты мансап қуу емес еді. Ол өз алдына кәсіп ашып, ұзақ жыл бойы жинақтаған білімін ел кәдесіне жаратуды ойлады. «Шетелде оқып жүрген кезімде мүгедек жандарды жиі ұшыратынмын. Мұндай кем­бағал жандар елімізде жоқтай көрінетін. Сөйтсем, албырттықпен аңғар­мап­пын, біздегі мүгедектердің жағ­дайы тіптен мүшкіл екен ғой» дейді Шынар.

Біреуге қарайласуды өзінің адам­дық парызы санайтын Шынарды мүгедек жандардың денсаулығы бейжай қал­дыр­мады. Әсіресе, туа бітті ауруға шал­дық­қан балалардың болашағына алаң­даған ол сәбилерге қалай да көмек­те­судің жолдарын іздес­тірді. Кембағал балаларға бері­летін әлеу­мет­тік көмектер денсау­лы­ғына демеу бола алмайтынын түйсінген Шынар ұзақ ізденудің арқасында сал ауруына шалдыққан жеткіншектерді құлан таза ауруынан айықтыруға болатынына көз жеткізеді. «Әлемдегі, соның ішін­де еліміздегі кейбір ауқатты отба­сы­лар­дың мүгедек болып туған балалары Венгрияның Пете институтында білім алады. Бұл оқу ордасының мамандары сал ауруына шалдыққан жандардың 70 пайызын сауықтырып шыға­рады. Солардың әдіс-тәсілдерін елімізге әкелу арқы­лы мен, тым бол­маса, сал ауруына шалдыққан бала­ларды емдеп шығару­ды өзіме мақ­сат етіп қойдым», дейді Шынар. Ол мұратына жету үшін аз тер төккен жоқ. Венгрияға талай мәрте барып, тіпті, екі жыл сонда тұрып келді. «Қытайдың мамандары мидың қатып қалған тамырларын жібітіп, адамның қол-аяғына жан бітіреді» дегенді естіп, аспан асты еліне де сапар шекті. Тіпті, осы үшін өзі жақсы білетін ағылшын, неміс тілдеріне қоса, қытай тілін де меңгеріп алды. Талай елдің тәжірибесін зерттеп, мәселенің мән-жайына әбден қанық­қан­нан кейін Шынар осыдан бес жыл бұрын «Дені сау балалар мен денсаулығында ақауы бар балаларды бірік­тіру және оқытудың инклю­зивті әдісі» атты қанат­қақты жобасын «Бизнес­тің жол картасы- 2020» бағдарламасына ұсынады. Әрине, балаларды тәрбиелейтін әрі емдеп шығаратын орталықты ашу оңай болған жоқ. Табанынан таусылып, талай мекеменің есігін тоздырды. Ол ол ма, емдеу-диагностикалық орта­лы­ғын ашқаннан кейін «Балаларымыз қалай мүгедек балалармен қатар балабақшаға барады?» деп шала бүлінгендер де табылды. Алайда, бұл қиындықтардың ешқайсысы Шынарды жасыта алған жоқ.

Бүгінде «Аруана» емдеу-диаг­нос­тикалық орталығында 150 бала тәрбиеленуде.

Шынар Мәлік ашқан орталықтың ерекшелігі сол, мұнда сау балалармен бірге сал ауруына шалдыққандар да­ тәр­биеленеді. Бірақ көп емес, отыз сау бала оқитын бір топта бар бол­ғаны бір-екі ғана мүгедек бала бар. Оқытудың осы тәсілі енгізілген бес жылдың ішінде кәсіпкер бірқатар нәтижеге жеткенін, балалардың бой­ын­да адамгершілік қасиеттердің ұш­қы­нын көбірек байқағанын айтады. «Жалпы, сал ауруына шалдыққан балалар жүріп-тұра алмаса да, олардың ақыл-есі түзу, жүрегі жұмсақ болып келеді. Орталық ашылған бес жылдың ішінде байқағанымыз, сал сырқатына шалдыққан балалардың денсаулығы әжептәуір оңалып, ортаға бейімделгенін байқадық. Ең бастысы, дені сау балалармен қатар ойнап, өздерін олармен тең көрген балалар ешқашан өздерін кем-қор санамайды. Бұл олардың психологиясына да оң әсер етті. Ал дені сау балалар оларға қамқорлық көрсету арқылы мейі­рім­ді­ліктің не екенін сезінді. Оқытудың мұндай әдісі қандай балаға да тиімді екеніне көз жеткіздік» дейді Шынар Мәлікқызы.

Мұндай жобаға «Аруананың» ата-аналары да риза көрінеді. Расы­мен, сал ауруына шалдыққан балалары бар отбасылардың анасы көбіне үйінде отырады. Ал осы бала­бақ­ша ашылғалы ата-аналар еш алаңсыз жұмысқа баратын болған. Себебі, балалары ешкімнен кем емес, балабақшаға барып қана қоймай, логопед, психолог, ЛФК-дәрігері сынды мамандардың жіті бақылауында екендігін олар да біледі.

Әзірге «Аруана» 1-7 жас ара­лы­ғын­дағы балдырғандарды қабылдауға ғана мүмкіндігі бар. Енді Шынар Мәлік 7 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектерді оқытатын оңалту орталығын ашуды ойластырып жүр. Оған себеп болған балалардың өздері екен. Былтыр «Аруана» қабырғасынан түлеп ұшқан балалар мектеп табалдырығын аттапты. Онда оқушылар «Аруанада» жүргендегідей жылылықты сезіне алмаған. Инклюзивті сыныпқа барып, сау балалардан оқшауланып қалған олар жүректері жараланып, бар базынасын Шынар апайларына жеткізсе керек.

Енді Шынардың мақсаты – бала­­лар­дың тілегін орындап, олар­ды тең құрбыларымен қатар тәрбие­­лейтін орталық ашу. Егер сауық­тыру ем-шаралары дұрыс жасалып, психологиялық-моральдық тұрғыдан қолдау көп болса, сал дертіне шал­дық­қан балалалар 16 жасына қарай құлан таза жазылып кетуі мүмкін екен. Шынар Мәлікқызы да бұған нық­ сеніммен болашақ орта­лық­тың ірге­та­сын қалауға кірісіп кеткен жайы бар.

Қымбат Нұрғали

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button