Жаңалықтар

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕ

hqdefault

Осыдан бірнеше жыл бұрын қысқа эссе оқыған едім. Шығарма желісі бойынша Жеңіс күні қарсаңында майдангерді кездесуге шақырады. Кейіпкер жаумен бетпе-бет келмеген. Әскери бөлімнің шаруашылық жағында қызмет етіп, солдаттардың гимнастеркасын жуып-тазалап, алдыңғы шепке  жеткізеді.

Сонымен қатар, таңғыштар, медициналық жабдықтар сияқты госпиталь  жарақтарының тазалығын қамтамасыз еткен. Осындай абыройы аз, бірақ азабы көп ауыр міндет атқарыпты. Ол да жеңіл емес. Соғыс кезінде шаруаның қиюы қайдан келсін. Кір жууға қажетті ыдыстарды таба алмай қиналса да, қарамағындағылардың жайына қатты алаңдайды. Бірде өзі жоқ іздеп басқа жаққа кетерінде, зіл батпан бөшкелерді пайдаланбасын деп, шұрық-тесік етіп атып тастайды. Ондағысы, жұмысқа жегілген жас қыздардың белі қайысып, ауыр көтермесін дегені екен.  Осының бәрін қайтадан есіне түсірген солдат жиналғандарға соғыстың беймәлім шындығын айтып беруге бекінеді.

Содан әңгіме қалай аяқталады дейсіз ғой? Келісілген уақытта майдангер кездесуге келеді. Соғыс туралы қызық әңгіме тыңдаймыз деп, көздері жайнаған оқушыларды көріп, ақсақал  естелігін «1941 жылы неміс-фашистері елімізге баса-көктеп, соғыс ашты» деп бастап, сол жылдардың көпке мәлім дерегімен тәмамдайды. Ал майдан даласынан жырақтағы, еш жерде дерегі жоқ қиын күндер мен ауыр жұмыстың естелігін бүгіп қалады.

Бүгінде айтылмай қалған естеліктерін өздерімен арқалап, майдангерлердің дені келместің кемесіне мініп кетті. Оқ пен оттың  астында өткен әр күні, әр сағатының ауыр сынақтарын тіс жарып ешкімге білдірмеді.  Әлгі әңгіменің кейіпкеріндей, қанды шайқастың қысқаша ғана дерегін жеткізді.

Солардың бірі – Қарағанды облысының тумасы Ермекбай Манасбаев. 1942-1944 жылдары Ленинград қорғанысына қатысып, Екінші Армияның құрамында соғысқан. 1944 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Одан кейін де  20 жылдай  мектеп директоры қызметін атқарыпты. Зейнетке шығып,  Жеңістің  50 жылдығын майдангер достарымен бірге Ленинградта қарсы алыпты. Суреттегі костюмінің оң жағындағы «Ленинградтың құрметті азаматы» төсбелгісімен сол жолы марапатталады. Жеңісті жақындатқан барлық солдаттардың майдан жорығының қысқа ақпараты сияқты, политрук Ермекбай Манасбаевтың да әскери шежіресін осылайша келте қайыруға болады.

Алайда, жауынгердің басынан кешкен мына екі оқиғаны айта кеткім келеді.

…Кескілескен шайқастың саябырсыған тұсында Ермекбай маңайға су іздеп шығады. Қараса кескілескен ұрыс құрбандарының қаны суатқа құйылып, судың беті қызыл қанға бөгіп қалыпты. Шөліркеген Ермекбай суаттың ернеуіне ентелей бергенде қарсы бетіндегі жауынгерге көзі түседі. Төлеубай – жерлесі! Екеуі «бауырымдап» құшақ айқастырады. Сағынып кездескен жерлестердің қуанышында шек жоқ, елді ойлап көздеріне жас алады. Содан қан араласқан суды киімдерімен сүзіп ішеді. Тасаға тығылып от жағып, торғай атып алып, шоққа қақтап, пісіріп жепті. Екі бауыр бірін-бірі қия алмай, алыста қалған елдің жайын айтып, таңды бірге атырыпты.

Нева өзенінің суы бұйыртқан екі жауынгер басқыншыларды жеңіп, елге  оралады. Құдандалы болып, туыстықтары артыпты. Сын сағатта демеу болған қас-қағым сәттің қуанышына сызат түсірмей, тірісінде  сыйластықтарынан бір ажырамаған екен.

Көзі ашық, соғыстың алдында ғана Қарағандыдағы педагогикалық институтты бітірген Ермекбай соғыс жылдары Бақтыбай есімді жерлесімен хат алысып тұрыпты. Ол хаттар мұражайда сақтаулы тұр. Сарғыш тартқан үшбу хаттарды толқымай оқу мүмкін емес. Жауынгер досының жігерін еселеп, қайратын қайрап, жігерін қайта жаныған әр жолдың Ермекбай үшін сүйеу болғаны белгілі. Ауыр күндерде тірек болған, рухы биік досын соғыстан кейін көп іздепті. Бәлкім, бейбіт өмірде де ондай достың орны ойсырап тұрғаннан болар. Міне, сол сұрапыл соғыстың солдаты Ермекбай Манасбаевтың айтқан әңгімесін қағазға түсіріп отырып, басында айтылған  эссенің кейіпкерін түсінгендей болдым.

Ермекбай Манасбаевтың елге оралған сәті асыл жары Ғазиза апайымыздың әлі күнге дейін  көз алдында. Жақсы адамның артында ізгі ісі қалады. Он бірдей ұл-қызынан тараған немере-шөберелері өсіп жатыр. Тоқсанның сегізіне келген «Батыр Ана», «Алтын Алқа» ордендерінің  иегері  Ғазиза анамыз  осылайша бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button