Қала тіршілігі

Әкім сөгіс жариялады

Жасөспірім баланың қаладағы құдыққа құлап қаза болуына және босану бөлімінде келіншектің еденде босанып қалуына байланысты қала әкімі Бақыт Сұлтанов уәкілетті тұлғаларға тәртіптік жаза белгілеп, қатаң сөгіс жариялады.

«19 ақпанда тағы бір қайғылы оқиға орын алды. 13 жасар жасөспірім қаладағы ашық құдыққа құлап, қаза тапты. Төтенше жағдай өткендегідей Алматы ауданының аумағында орын алды. Ашық құдық «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Осыдан бірнеше ай бұрын жасөспірім қыз дәл осындай жағдайда қайтыс болғанда аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялау­мен ғана шектеліп едік. Бұл жазалау сіздерге аз сияқты! Ендеше Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қатаң сөгіс жариялаймын» деді қала әкімі.
Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана су арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнулқабденге, кәріз қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаев пен Алматы ауданы кәріз учаскесінің басшысы Владимир Власенкоға осындай жаза белгіленді. Қалалық қо­ғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова да елорда әкі­мінен сөгіс алды.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов 19 ақпандағы №2 перинаталдық орталықта болған жан түршігерлік оқи­ғаны да тілге тиек етті. Орталықтың босану бөлімінде келіншек дәрігерлердің көмегінсіз өзі еденде босанып қалды. Абырой болғанда, бала мен ананың денсау­лығына зиян келмеген. Сонымен қатар әкім 2018 жылы босану кезінде сегіз әйелдің қайтыс болғанын, оқиғалар санының 2017 жылғы көрсеткіш­тен төрт есе жоғары екендігін алға тартып, Ә.Рүс­те­моваға ресми түрде ес­­кер­ту жасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button