Жаңалықтар

Алаяқ қолға түсті

Көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу және жұртты сақтандыру мақсатында 23-29 тамыз аралығында «Құқықтық тәртіп» атты жедел іздеу, қылмыстың алдын алу іс-шаралары өткізіліп жатыр. Алғашқы төрт күнде 109 қылмыс анықталып, соның ішінде 82-сі ашылды. Сондай-ақ бұрын жасалған 55 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 15 қылмыскер ұсталды.

Қылмыстардың алдын алу шаралары басталған күннен бері 4621 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, соның ішінде 384-і – ұсақ бұзақылыққа, 466-сы – адамдардың тыныштығын бұзуға, 708-і – қоғамдық орындарда мас күйінде спирттік ішімдіктер ішуге қатысты фактілер. Түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген 174 кәмелеттік жасқа толмағандар ұсталған. Көлікті мас күйінде жүргізген 15 жүргізуші қолға түсіп, жаяу жүргіншілер қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 594 факті анықталған.

Қылмыстардың алдын алу шаралары барысында бірқатар алаяқтық қылмыс жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол QIWI-әмиян қосымшасында жасанды түбіртек көрсету әдісімен аңқау азаматтардың ақшасын жымқырған. Сауда үйлеріндегі бутиктерге кіріп, өзіне брендтік киімдер мен аяқ киімдерді таңдап алып, онысын үстіне киіп, сатушыға жалған түбіртегін көрсетіп, ақшаның бірер минуттардан кейін түсетініне сендіріп, тайып тұрған. Ер адам өте сәнді киінгендіктен, сатушылар еш күмәнданбаған. «Құқықтық тәртіп» шаралары нәтижесінде алаяқ ақыры қолға түсті. Бұрын ол алаяқтық қылмысы үшін сотталған болып шықты. Қазіргі кезде жеңіл жолмен байымақ болған пақырдың елорда аумағындағы басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Алаяқ уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button