Қоғам

Жол қауіпсіздігіндегі жаңалық

Қала әкімі Алтай Көлгінов қалалық прокурор, полиция департаменті, аудан әкімдіктері және мүдделі органдар басшылығының қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Онлайн басқосуда жол қауіпсіздігі, елордада жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру барысы қаралды.

Отырыста полиция департаментінің қалада, әсіресе қысқы уақытта жолақтардың шекарасын белгілейтін қосымша сол жақ бұрылыстың жарық модульдерін қолдану, шуылдайтын қызыл жол сызығы бар учаскелердің санын ұлғайту туралы ұсыныстары қолдау тапты. Қазіргі кезде шуылдайтын қызыл сызықты жолақтар 7 жол учаскесіне (Әлиев көшесіндегі балалар футбол клубы маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінің алдында, Түркістан көшесіндегі «Алпамыс» балабақшасының жанында) салынған. Жыл соңына дейін осындай сызықтар тағы 38 учаскеде салынады. Мұндай жолақтар жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда шуылдайтын дауыс шығарып, көліктің жылдамдығын еріксіз азайтуға, сондай-ақ жүргізушілердің назарын ашық, қызыл түсті жолаққа аударуға мүмкіндік береді.

Көлік жүргізушілері қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауға ыңғайлы болуы үшін қалаға кіреберістегі ақпараттық тақталардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, көшелердегі бағдаршамдардың жұмыс істеу тәртібін өзгертуге қатысты ұсыныстар да мақұлданды. Мәселен, Бөгенбай батыр-Республика даңғылдарының қиылысындағы бағдаршамның аралық тактісін ұлғайту (сары түсті белгінің уақыты 3-тен 5 секундқа дейін ұзартылды) нәтижесінде көлік апатының саны қысқарды. Мұндай өзгерістер автокөліктер солға бұрылатын кезде болатын жол-көлік оқиғаларының санын 57 пайызға дейін азайтуға жол ашты. Жол бойына орнатылған бейнекамералардың да жол-көлік оқиғаларының санын кемітуге және жүргізушілерді тәртіпке шақыруға көмегі зор.

Бұдан бөлек, жол белгілері анық көрініп тұруы үшін оларды көліктер жүретін жолдың үстіңгі жағына орнату, сондай-ақ пластик төсемі бар тез құрас­тырылатын металл конструкциядан жасалған жаяу жүргіншілер қоршауларын қолдану жоспарға енгізілген. Жолдағы апаттардың алдын алу және жүргізушілерді сақтандыру мақсатымен әкімдік полиция департаментімен бірлесіп, қала жолдарындағы қозғалысты жетілдіру, соның ішінде жаңа сызбалар мен техникалық құралдарды қолдану бағытында іс-шараларды жүзеге асырады. Мысалы, қазір елорда аумағында «сары түсті» жол белгісінің қос тұтас сызығын қолдану жұмыстары басталды.

Сондай-ақ комиссия отырысында әлеуметтік нысандардың (мектептер, ауруханалар, балабақшалар және т. б.) бейнекамераларын қалалық бейнебақылау жүйесіне қосу жөніндегі жол картасын іске асыру барысы, балабақшалар мен мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларды жаһантордағы жағымсыз ақпараттардан қорғау мәселелері қаралды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button